Шектен тыс көп аулау салдарынан скумбрия балығы азайып барады

АСТАНА. KAZINFORM – Балық аулау кәсібі салдарынан атлантикалық скумбрия популяциясы құрып барады, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

 Шектен тыс көп аулау салдарынан скумбрия балығы азайып барады
Фото: gov.uk

Британиялық «Теңіз ортасын қорғау қоғамы» қайрымдылық қорының мәліметтері бойынша, Атлант мұхитының солтүстік-шығыс бөлігінде скумбрия тұқымы жоғалып кетуге таяу. Бұрындары балықтың бұл тұқымы тұрақты болатын және оны аулау табиғи тепе-теңдіктің сақталуына әсер ете қоймайтын. Дегенмен соңғы жылдары балықшылар балық аулауға берілген кеңес шегін 23% асыра пайдаланатын болған. Соның салдарынан скумбрия тұқымы күрт азая бастады.

Енді жылына екі рет «Балық таңдаудағы кеңес» анықтамалығын жариялайтын «Теңіз ортасын қорғау қоғамы» қайрымдылық қоры аулуға кеңес берілетін балықтар тізімінен скумбрияны алып тастады.

Оған балама ретіне қайрымдылық қоры сардина, майшабақ сияқты саны әзірге тұрақты балық тұқымдарына назар аударуға кеңес береді.

- Бір кездері тұрақты болып келген теңіз өнімдері көзінің жоғалып бара жатқаны алаңдатады. Скумбрия көптеген елдерде шектен тыс мөлшерде ауланып жатыр және болашақта оның қоры қалпына келмеуі мүмкін, - дейді «Балық таңдаудағы кеңес» жобасының менеджері Алиса Мур.

Анықтамалықта көрсетілген бағалау әдісі тұтынушылар үшін түс шкаласын (жасыл, сары, қызыл) ал бизнес өкілдері үшін балдық жүйені қарастырады. 1 немесе 2 (жасыл) рейтингіндегі балық үйлесімді саналады, 3 немесе 4 (сары) жақсартуды қажет етеді. 5 санатындағы (қызыл) балыққа мүмкіндігінше жоламаған жөн. Мейрамханалар мен сауда желілеріне бағалау көрсеткіші 3-тен төмен өнімдерді ұсынуға кеңес беріледі.

Атлант мұхитының солтүстік-шығыс бөлігіндегі тереңдігі оташа тралмен ауланған скумбрияның балы 3 пен 4-ке дейін түсірілген. Бұл дегеніңіз ол балық түрін сатудан бас тартқан жөн дегенді білдіреді.

Балықты дүкендер мен қоғамдық тамақтану орындарына жеткізушілер мұндай аулау тәсілдерін кеңінен қолданады. Қазір қармақпен ауланатын балықтың өзі бұрынғы 2 балдың орнына 3 балмен бағаланады.

Атлант мұхитының солтүстік-шығысында скумбрияны шектен тыс аулайтын елдердің қатарына Норвегия, Исландия, Фарер аралдары мен Ұлыбританияны жатқызуға болады.

Осыған дейін Қазақстанда электрлі қармақпен балық аулағандар 23 млн теңге айыппұл төлеуі мүмкін екені туралы жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар