«Шенеуніктің жұмысын камерамен қадағалау керек пе?» - баспасөзге шолу
***
«Егемен Қазақстан» басылымының жазуынша, Тәуелсіздіктің бедерінде қалалық жерлерге жұмыс іздеп қоныстанып жатқан отбасылардың көбеюі, оған кейінгі жылдары тұрмысы түзелген қала тұрғындарының қала сыртында шаңырақтарын кеңейтіп, құрылысты қыздыруы өзімен бірге бірқатар өзекті мәселелерді туындатты. Ендігі тіршілікте туындаған түйткілдің бірі - урбанизация мен қалалық агломерация мәселесі Елбасының биылғы Жолдауында тұңғыш рет қозғалды. «Әрине, бұл заңды құбылыс. Қоғамның дамуы, өркениеттің көшіне ілескен халқымыз жақсы өмірді қаладан іздейтіні аян. Осы тұрғыдан алғанда, әу бастан-ақ арман болған Алматы урбанизация үдерісінің тап ортасында тұр. Әлеуметтік даму барысын зерттеушілердің болжамы бойынша, 20-30 жылдан кейін Қазақстандағы ауыл мен қала тұрғындарының арасалмағы 65-35 пайызды құрайтын көрінеді. Қазір бұл көрсеткіш Ресейде -72, Беларусь, Украина, Арменияда - 70, Америкада 90 пайызға тең екен»,-деп жазылған газетте «Агломерация» деген тақырыппен жарық көрген мақалады.
Осы басылымда «Жастар жұмыссыздығының себебі неде?» атты мақала берілген. Атырауда Президент жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің ХVII көшпелі отырысы өтті. Оған еліміздегі барлық облыстардың жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшылары, сонымен бірге, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарының жастар ресурстары мен жастар ұйымдарының өкілдері қатысты. Көшпелі отырыста жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесі кеңінен талқыға салынды. Қазір статистикалық мәліметке сүйенсек, елімізде 14 пен 29 жас аралығында 4376148 жас бар деп есептеледі. Олардың 116,1 мыңы жұмыссыздар санатын құрайды. Өткен жылы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 5,5 пайызды құрап отыр. Жастардың жұмыссыздығы жөніндегі ең жоғары көрсеткіш Солтүстік Қазақстан (7,6 пайыз), Жамбыл (7,4 пайыз), Қызылорда (6,7 пайыз) облыстарында тіркелген. Батыс аймақтағы жұмыссыз жастардың шоғыры Маңғыстау облысына (7,5 пайыз) тән екені жасырын емес. (Атырау облысында 3,5%, Батыс Қазақстан облысында 4,8%, Ақтөбе облысында 3,2%).
***
«Айқын» газетінің жазуынша, еліміздегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы сыбайлас жемқорлық деректері 2013 жылы екі есеге асып түсті. Егер 2012 жылы аймақтардағыны айтпағанның өзінде Өңірлік даму министрлігіне қарасты аталған салада 25 қылмыстық іс қозғалса, өткен жылы ол 31-ге жеткен. Сондай-ақ заңбұзушылыққа барған 49 қызметкер де тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Елмен етене араласып, қызмет атқаратын әкімдік пен министрліктің шаруашылық бөлімдерінде парақорлық әрекеттері неге күрт көтеріліп кетті? Астанада «Нұр Отан» партиясы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі республикалық Қоғамдық кеңес кезекті отырысын тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықта белең алған сыбайластыққа арнады. Арнайы құрылған комиссияның тексеруі негізінде анықталған деректерді Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев баяндады. Бұл жайында толық білгіңіз келсе, «Шенеуніктің жұмысын камерамен қадағалау керек пе?» атты мақаланы оқыңыздар.
Осы басылымда «Сот жүйесіне сенім артты» деген мақала жарияланды. Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының төрағасы Қайрат Мәми жергілікті соттардың төрағаларымен өткізген республикада сот төрелігін жүзеге асыру жөнінде 2014 жылдың бірінші тоқсанында атқарылған жұмыстардың қорытындылары мен алдағы кезеңдегі міндеттері туралы онлайн-кеңесте осы мәселе кеңінен қозғалды. Атап айтсақ, Қ.Мәми азаматтардың соттарға жүгіну санының көбею динамикасы сақталып отырғанын, бұл азаматтардың еліміздегі сот жүйесіне деген сенім деңгейінің өскенін білдіретінін жеткізді. Басқосуда қазіргі кезде республикада сот төрелігін жүзеге асыру сапасы айтарлықтай жақсара түскені атап өтілді.
***
«Ана тілі» газетінің соңғы санында «Ауылдың асығы қашан алшысынан түседі?» атты көлемді мақала берілген. «Тәуелсіздік алған соң, ауылдың жағдайынан гөрі урбанизацияға көп иек артқанымыз белгілі. Ауыл жұртын қалаға көшіру - қаланы қазақыландырудың бірден-бір жолы деп саналғандықтан, ауылды көркейту экономиканың басым бағыттарының қатарына кірмеді. Ондағы ағайынды қала орталықтарына көшіп келуге үндедік. Бірақ ауыл халқының барлығы бірдей біз ойлағандай қалаға жөңкіле қоныс аудара қоймады. Қалалық болуды емес, ауылдық болып қала беруді құп көрген жандардың қарасы көп болып шықты», - деп жазады мақала авторы.
***
«Экспресс-К» басылымының бүгінгі санында « Медвежья услуга » деген мақала басылды. Астананың бір топ экологтары Бурабай қорығының ормандарында орталықазиялық аюды тірілту идеясына бастамашы болып жүр. Бұл жануар осы жерде ХХ ғасырдың басында жойылып кеткен болатын.