Шенеуніктердің декларациясы неліктен жарияланбай жатыр – Такиев жауап берді
АСТАНА. KAZINFORM — Қаржы министрі Мәди Такиев мемлекеттік қызметшілердің декларациясы неліктен әлі жарияланбай жатқанын түсіндірді.
— Сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзделген құжаттарға сәйкес 31 желтоқсанға дейін жарияланады, - деді ол Үкімет отырысынан кейінгі брифингіде БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Оның атап өтуінше, бүгінде декларация негізгі көрсеткіштерсіз қабылданады.
— Яғни, декларацияда ағымдағы кезеңде сатып алынған не болмаса сатылған мүлік, шетелдегі мүлік пен банк шоты, үлеске қатысу деректері ғана көрсетіледі. Егер жыл бойында ондай сатып алу, сату болмаған дағдайда декларация бос болады, - деп түсіндірді Мәди Такиев.
Бұған дейін Қаржы министрінің орынбасары Ержан Біржанов Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында табыс декларациясын тапсырудың тәртібі өзгеретінін айтқан болатын.