Шенген аумағына кіру талаптары өзгерді — Саяхатшылар нені ескеруі керек

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Сыртқы істер министрлігі азаматтарға Шенген аймағы елдерінде автоматтандырылған кіру-шығу жүйесінің (EES — Entry/Exit System) енгізілгенін хабарлады. Яғни, 10 сәуірден бастап Шенген аймағының 29 елінде Еуропалық комиссия енгізіп отырған EES жүйесі толыққанды жұмыс істей бастады.

Шенген
Фото: freepik

Аталған жүйе үшінші елдердің азаматтарының Шенген аймағының сыртқы шекараларын кесіп өтуін цифрлық есепке алуға арналған және іс жүзінде төлқұжаттарға мөр басу рәсімін алмастырады.

Ол туристерді, іскерлік сапармен келетін тұлғаларды, сондай-ақ транзиттік жолаушыларды қоса алғанда, саяхатшылардың барлық санатына қолданылады.

— Шенген аймағындағы елдердің біріне алғаш рет кіргенде шетел азаматтарынан жол жүру құжаттарының деректері, биометриялық мәліметтер, сонды кіру және шығу күні мен орны міндетті түрде тіркеледі. Бұл ретте 12 жасқа толмаған балалардың саусақ іздері алынбайды. Бұл деректер үш жыл бойы сақталады. Жүйеге кіруге тыйым салу жағдайлары да тіркеледі. Кейінгі сапарларда шекарадан өту рәсімі әдетте жеңілдетіліп, тұлғаны бет-бейнесі арқылы растауды көздейді, — деді Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев.

Биометриялық деректерді ұсынудан бас тартқан жағдайда, Шенген аймағына кіруге тыйым салынады.

Жүйенің жұмыс істеуінің бастапқы кезеңінде, әсіресе алғашқы кіру пункттерінде шекаралық бақылаудан өту уақыты ұзаруы мүмкін. Осыған байланысты транзитпен жол жүретін Қазақстан азаматтарына рейстер арасында ауысуға қосымша уақыт қарастыру ұсынылады.

— Рәсімдерді жеңілдету мақсатында Еуропалық Одақ Travel to Europe мобильді қосымшасын әзірледі. Онда келуге дейін 72 сағаттан ерте емес мерзімде паспорт деректерін және биометриялық фото суретті жүктеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қосымшаны пайдалану шекаралық бақылаудан өтуден босатпайды, — деді ҚР СІМ ресми өкілі.

Айта кетейік, 1 шілдеде Ресей аумағына кіру талаптары да өзгереді.