18:25, 23 Қаңтар 2009 | GMT +5
Шет елде бой тасалап жүрген 56 қылмыскер елге қайтарылды
АСТАНА. Қаңтардың 23-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Прокуратура қызметкерлері өткен жылы елімізде экстрадициялау тәртібімен 160 шет мемлекеттердің азаматтарын тұтқындаған.

Олардың 123-і өз елдеріне қайтарылды. Бұл туралы бүгін Бас прокуратурада облыс прокурорларының қатысуымен өткен алқа мәжілісінде көтерілген мәселелер жөнінде баяндаған Бас прокурордың орынбасары Рақымбек Мамырбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның мәліметтеріне қарағанда, өткен жылы өзге елде жасырынып жүрген біздің 56 азаматымыз ұсталып, елге қайтарылған. Олар бойынша қылмыстық істер тиісті органдарға жіберілген. Сонымен бірге прокурорлар жыл бойына ана мен баланың денсаулығына қатысты да тиісті тексерулер жүргізіп, бұл мәселе бойынша 459 прокурорлық ықпал ету актісін енгізіп, 1 қылмыстық іс қозғап, 775 адамды түрлі қылмыстық жауаптарға тартқан.