Шет елдерден келген азаматтардың балалары елімізде білім ала алмай жүр деген әңгіме жалған - Т.Әбішев
АСТАНА. 27 қараша. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Оралмандардың және шеттен келіп жатқан азаматтардың балаларына Қазақстанның мектептерінде білім алуларына кедергі көп», деген әңгіме жалған», деді бүгін ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия хатшысы Тастемір Әбішев Астанда өтіп жатқан ЕҚЫҰ Саммитінің Шолу конференциясы барысында.
Т.Әбішевтің айтуынша, бұл мәселе түпкілікті шешілген. Өйткені қазір қалада тіркеуі жоқ, бірақ елде заңды түрде тұрып жатқан оралмандардың немесе мигранттардың балалары Қазақстан мектептерінде білім ала алады. «Елімізде мемлекеттің қауіпсіздігін, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында сырттан келген азаматтардың құқықтарын шектеу жағдайлары болады. Ол заңмен бекітілген және мұндай талаптар халықаралық құжаттарда да бар. Елімізге мигрант ретінде келген бірақ елде ұлтаралық татулықты бұзып, мемлекетіміздің тыныштығына нұқсан келтіріп, діни экстремизмді насихаттайтын азаматтардың елде болуына рұқсат жоқ», деді комиссия хатшысы.