Шетел азаматтарына медициналық көмек қалай көрсетіледі
АСТАНА. KAZINFORM – Еуразиялық экономикалық форумның «Цифрлық құралдарды пайдалана отырып, ЕАЭО еңбек ресурстары нарығын дамыту» тақырыбындағы сессиясы шеңберінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Аппаратының басшысы Болат Төкежанов заманауи көші-қон үдерістерін, санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті және елдің халықаралық міндеттемелерін ескере отырып, шетел азаматтары мен еңбек мигранттарына медициналық көмек көрсету жүйесін жетілдіру туралы баяндады.
Ол өзге мемлекеттердің азаматтары үшін медициналық көмектің қолжетімділігі туралы ақпарат берді.
– Еліміздің аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер, қандастар және босқындар денсаулық сақтау саласында қазақстандықтармен тең құқыққа ие. Олар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне, МӘМС қызметтеріне, медициналық-санитариялық алғашқы, мамандандырылған және стационарлық көмекке қол жеткізе алады. Шетелдік жұмыскерлер үшін міндеттелген медициналық сақтандыру жүйесі қолданылады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша елде осындай сақтандырудың шамамен 550 мың шарты жасалды, – деді ол.
Болат Төкежанов сондай-ақ құқықтық мәртебесіне қарамастан Қазақстандағы барлық шетел азаматтарына шұғыл медициналық көмек көрсетілетінін, ал айналадағыларға қауіп төндіретін ауруларға ерекше назар аударылатынын атап өтті.
Сөз соңында ол Денсаулық сақтау министрлігі шетел азаматтары үшін міндетті және белгіленген медициналық сақтандыру тетіктерін жетілдіру бойынша тұрақты жұмыс жүргізіп жатқанын, бұл ретте гуманитарлық қағидаттар, адам құқықтарын қорғау және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздігі арасындағы теңгерім қамтамасыз етілетінін айтты.
Айта кетейік, Алматыда Балаларды қорғау күніне орай тегін медициналық тексеруден өтуге болады.