Шетел және жергілікті мамандардың жалақы бойынша айырмашылығы жойылады – заң жобасы
АСТАНА. KAZINFORM — Бірдей функцияны атқаратын қызметкерлердің жалақысында бірнеше есе айырмашылық болмауы тиіс. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында жұмысшылардың құқықтарын қорғауға арналған заң жобасын бірінші оқылымда талқылау кезінде депутат Асхат Аймағамбетов мәлім етті.
- Бір лауазым мен бір мамандық бойынша жұмыс істейтіндердің жалақысындағы алшақтық мәселесі бар. Бір кәсіпорында, бірдей лауазымда, бірдей функцияны атқаратын қызметкерлердің жалақысында бірнеше есе айырмашылық болмауы тиіс. Алайда, қазіргі заңнамада бұл мәселе реттелмеген. Сондықтан осындай әділетсіздік жиі кездеседі. Мысалы, бірдей жұмысты атқарып, бірдей талаптарға сай келетін шетел мамандары мен жергілікті мамандар арасындағы жалақылары бойынша алшақтық проблемасы бар. Сондықтан да, біз Ұжымдық шартқа бір лауазым ішіндегі ең жоғары және ең төменгі жалақының ара қатынасын міндетті түрде белгілеу туралы норманы ұсындық, - деді А. Аймағамбетов.
Оның пайымынша, бұл норма еңбекақы төлеудегі әділдік үшін қажет.
Айта кетейік, бұған дейін жұмыскер еңбек шартында көзделмеген функцияларды орындаудан бас тартуға құқылы екенін жазған едік.