Шетелде білім алып, ондағы газет-журнал жұмысымен танысқым келеді – Президент грантының иегері

Президент грантының иегері
Фото: Ақорда

ОРАЛ. KAZINFORM – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» газеті бас редакторының орынбасары Гүлсезім Бияшева Қазақстан Президентінің грант иегері атанды. Жоғары марапат алған журналист Kazinform тілшісіне өзінің өмірі мен еңбек жолы, арман-мақсаттары жөнінде әңгімелеп берді.

— Гүлсезім Ерболатқызы, журналистік жолға түсуіңе не себеп болды, алдымен сол жөнінде айтып өтсең?

— Мен Бөкей ордасы ауданы Бисен ауылында 1989 жылы 21 қазанда дүниеге келдім. Әкем Ерболат Бияшев пен анам Бекқалиева Сабила сүйген екі қыздың тұңғышымын. Мектепте жақсы оқыдым. ҰБТ-дан сол кездегі 120 балдың 113-ін жинадым. Әдебиетке, әсіресе, журналистикаға бала күнімнен қызығатынмын. Қазір ұмытыла бастағаны болмаса, бала кезімде кітап көп оқушы едім. Біріншіден, үйде анам кітап, газет-журналға жиі үңілетін. Тіпті ауылдық кітапханада анам оқымаған көркем әдеби кітап жоқ шығар. Көз алдында тұрғаннан кейін «Осы мама қандай кітап оқиды екен?» деп көз жүгіртесің. Содан ол кітапты қалай оқып кеткеніңді білмей қаласың. Анам көркем әдеби кітаптарды көп оқығандықтан ба, дуалы сөйлеу қанында бар ма, әйтеуір, тіл байлығы мол. Әсіресе, сіңілім екеумізге кейде ұрысқанда сондай сөзді қайдан табады екен деп қалатынбыз. Мәселен, сіңілімді үйден 15 минуттық жердегі дүкенге жұмсағанда, ол асықпай, жайбасарланып келе жатса, алдынан шығып, «Не галереяда келе жатсың ба? Аяғыңды бас жылдам!» деп ұрсатын. Әкеміз жұмыстан келе жатса немесе әкемізге тәуліктің кез келген уақытында құдайы қонақ келсе, «Әкелері барлар тұрып, дастархан жайыңдар! Менің әкемнің сүйегі де қурап кеткен» деуші еді. Сосын сіңілім екеуміз дастархан басына жүгіреміз. Кейде тойға баратын болып әкемнен ақша сұрағанда да: «Ақшаңды бер, көйлек-көншегімді алайын. Әдемі болмасам, сөзі өзіңе келеді. Тоқсанның (нағашы атам) қызы деп мені ешкім атамайды, Ерболаттың келіншегін қарашы дейтін болады» дейтін. Осылайша, көркем әдеби кітаптарды оқу арқылы әдебиетке, журналистикаға қызығушылығым оянды.

Екіншіден, Бисен Жәнекешев атындағы орта мектептегі сынып жетекшім, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген ұстазым Гүлнар Елтайқызы Шамшиденованың да үлесі зор болды. Апайымыз бізге, әсіресе, қазақ тілі мен әдебиетін таңдаған оқушыларға әдеби кітаптарды көп оқытатын. Айта кетсек, Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» роман эпопеясының әр бөлімін оқуға бір апта уақыт беріп, біреуімізге кітапта кездескен ұлттық киім атауын, екіншімізге кісі аттарын тауып, бет нөмірін жазып келіңдер деп тапсырма беретін. Ол кітапты оқымасаң, жаза алмайтының белгілі. Сол секілді Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» романын бақытты Жамал деп түйінделетіндей жазып келіңдер дейтін. Жиен ағам Артур Мағзомов та елордадағы тележурналистика саласында қызмет етіп жүрген білікті маман. Осылайша, журналистика саласына бейімделе бердім. 

Президент грантының иегері
Фото: Ақорда

— Ендеше, ұстаздарым деп кімдерді атар едің? 

— Махамбет Өтемісов атындағы БҚМУ-ға «Филология: қазақ тілі» мамандығы бойынша оқуға түстім. Ұстазым Рита Сұлтанғалиева мені ғылыми бағытта байқауларға қатыстырып, аймақтық конференциялардан жүлделі орындар да алып жүрдік. Содан төртінші курста мамандығым бойынша қызметке тұрғым келді. Университетішілік «Жас қалам» газетін екі жыл қатарынан шығарып жүрдім. Студенттерден материалдар жинау, кейбірін теру, жиналыстарды жазу, газетті сату деген үрдістерді білетінмін. Содан төртінші курста сәуір айында облыстық «Орал өңірі» газетіне корректор болып, 0,5 штаттық бірлікпен қызметке орналастым. Диплом алған соң редакторымыз Бауыржан Файзоллаұлы тілшілік қызметті сеніп тапсырды. Ғасырдан астам тарихы бар «Орал өңірі» газетінің редакциясы өте ұйымшыл ұжым, келген жастар тез сіңіп кететін, бір-біріне болсын дейтін пейілді жандар қызмет етеді десем, артық айтқаным болмас. Редакторымыз Бауыржан Файзоллаұлы бастаған аға буын өкілдерінен Есенжол Жұмағұлұлы, Сырымбек Жәрдемұлы, Бауыржан Махутұлы, Гүлбаршын Дыбысқалиқызынан білмегенімді үйреніп, жазу өнеріне машықтандым. Кез келген жетістік еңбекпен ғана келеді ғой. Білмегенімді артынан қалмай үйреніп, біліп алмай немесе маған жүктелген міндетті, тапсырманы жауапкершілікпен орындамай, шынын айтайын, күндіз-түні ойымнан шықпай, ұйықтай да алмаймын. Облыс әкімі Бөкей ордасы, Жәнібек, Казталов аудандарына іссапарға шықты делік. Сонда жолдың шалғайлығы бар, журналистермен бірге іссапардан түнде келгенде ол материалды таңға отырып жазсам да, мақаланы таңғы 9-да редактордың үстеліне қоюға тырысамын. Өйткені, кез келген салада айналаң саған сенуі үшін, жауапты жұмысты сеніп тапсыру үшін ең бірінші жауапкершілік керек. Өзіңді үнемі жетілдіріп, даму да маңызды.

— Қазіргі таңда газеттің оқылымдылығын арттыру үшін не істеу керек деп ойлайсың?

— Жасыратын жоқ, қазір оқырманның талғамынан шығу да оңай емес. Өйткені әлеуметтік желілер, интернет басылымдар көбейді. Газеттің оқылымдылығын арттыру үшін әр нөмірде оқылымды, сараптамалық материал, тұрғындарды толғандыратын мәселелер, орынды жерінде жан-жақты зерттеліп жазылған сыни материалдар болуы керек және жаңалықтар дер кезінде жариялануы қажет. Журналистің үнемі құлағы түрік жүруі, өзгелерден көбірек ізденуі керек, қоғам өмірінің бар саласынан хабары болуы шарт. Сондай-ақ ол — билік пен халық арасындағы көпір. Халықтың жағдайын билікке түсіндіреді, билік жүргізіп отырған саясатты, құзыретті құрылымдар қабылдаған қаулы-қарарларды ұғынықты тілмен халыққа жеткізеді.

— Президент грантының иегері атанған кезде қандай көңіл-күйде болдың?

— Президенттің марапатын иелену — кез келген адамға, тіпті басшылық қызметте жүрген азамат-азаматшалардың бәріне бірдей бұйырмайтын бақ. Әрине, қуанышымда шек болмады. Мемлекет басшысы облысқа іссапармен келгенде, сыртынан болса да бір көрсем екен деп тілейтінмін. Аллаға шүкір, тілегім еселеп орындалды.

Президент грантының иегері
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

— Қандай тақырыптарға қалам тартқанды қолай көресің?

— Облыстық газеттің тілшілері салалық басылымдардай тек бір сала бойынша жазбайды, «Орал өңірі» облыстық қоғамдық-саяси газет болғандықтан, журналистер әр түрлі сала бойынша мақала-материалдар дайындайды. Бірақ әр журналистің жанына жақын тақырып болады. Мәселен, мен денсаулық сақтау бағытындағы «Басты байлық» бетін ұйымдастырамын. Денсаулықты сақтау және аурудың алдын алудағы дәрігерлердің кеңесін тұрғындарға жеткіземін. Осы бағытта іздене жүріп, «Qazaq med clinic» орталығынан «Мейірбике ісі» мамандығы бойынша курс оқып алдым. Мұндағы мақсатым — дәрігерлерден сұхбат алғанда сауатты сұрақ қою үшін және қай жерде жүрсең де айналаңдағы адамға денсаулығына байланысты шұғыл алғашқы көмек керек болса, «Жедел жәрдем» жеткенше жәрдемдесу. Мейірбикелердің 4 жыл оқитын мамандығын бір курс оқып, болдым, толдым деуден аулақпын. Дегенмен мен екпе егіп, қан қысымын өлшеуді, қазіргі кезде кең таралған инсульт, инфаркт және басқа аурулардың алғашқы белгілерін біліп, бастапқы көмек көрсетуді үйрендім. Сосын тұрғындарды толғандыратын мәселелер бойынша зерттеу материал жазған ұнайды.

— Болашақтағы арман-мақсаттарың жөнінде айтып өтсең? 

— Арман-мақсаттарым көп. «Ауылдан шықпағанның ақылы ауласынан аспайды» дегендей, шетелде білім алып, ондағы газет-журналдар редакцияларының жұмысымен танысуды армандаймын. Жаңалықтарды елдегі, өңіріміздегі БАҚ-қа енгізгім келеді. Екіншіден, Батыс Қазақстан облысында журналистика факультеті жоқ. Мен «Орал өңірі» газеті редакциясында 13 жылдан бері қызмет етіп келемін. Содан бері редакцияға журналистика факультетін бітірген бірде-бір жас маман келмеді. Редакциядағы журфак бітіргендердің барлығы — аға буын өкілдері. Журналистика факультетін бітірген жастар Алматы, Астана қалаларында қалады. Сол себепті өңіріміздегі жоғарғы оқу орнында журналистика факультеті ашылса деймін. Соған үлес қосатындай білім қорын жинағым келеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Президенттің еліміздің журналистика және телевизия саласы мамандарын марапаттағанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар
telegram