Шетелде туған балаларға Ұлттық қор қаражаты қалай беріледі – Министрлік жауабы

экономика
Фото: gov.kz

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Қаржы министрлігі «Ұлттық қор — балаларға» бағдарламасы аясында Қазақстан аумағынан тыс жерде туған балалар қалай қаражат алатынын түсіндірді.

«Егер бала Қазақстаннан тыс жерде дүниеге келсе және ҚР азаматтығы болса, онда оған қаражат туған сәттен бастап есептеледі. Ал егер бала басқа мемлекет аумағында дүниеге келіп, азаматтығын тек Қазақстанға оралғаннан кейін алса, онда қаражат азаматтығын алған сәттен бастап есептеледі. Бұл жерде басты шарт — ҚР азаматтығы екенін атап өту маңызды», - деді ҚР Қаржы министрлігі Бюджеттік кредиттеу, ҚР Ұлттық қоры және қаржы секторы мәселелері бойынша өзара іс-қимыл департаментінің директоры Айбол Арғынғазинов Орталық коммуникациялар қызметінде. 

Айта кетейік, жыл басынан бері бағдарлама аясында 6,9 млн баланың есепшотына 100,52 АҚШ доллары мөлшерінде қаражат аударылды.

Бұған дейін «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ Басқарушы директоры Мұрат Шәріпов 18 жасқа толған 63 балаға жоба қаражаты төленгенін айтқан еді. 

Сондай-ақ, «Ұлттық қор - балаларға» жобасында ең көп қаражат қай облысқа аударылғаны анықталды. 

 

Соңғы жаңалықтар