17:02, 07 Ақпан 2011 | GMT +5
Шетелде жүрген Қазақстан азаматтары алдағы Президенттік сайлауға өз дауыстарын дипломатиялық өкілдіктердегі сайлау учаскелерінде береді - СІМ
АСТАНА. 7 ақпан. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Шетелде жүрген Қазақстан азаматтары алдағы Президенттік сайлауға өз дауыстарын дипломатиялық өкілдіктердегі сайлау учаскелерінде береді.
Бұл туралы бүгін Астанада өткен апталық брифингте Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Әбдірахманов мәлім етті.
«Сайлауға тоқталатын болсақ, біздің дипломатиялық өкілдіктерде сайлау учаскелері ашылатын болады. Жалпы, 35 сайлау учаскесі болады және олар Астананың сайлау округіне қарасты», - деді ресми өкіл.
Осы орайда А. Әбдірахманов, шетелде қызмет ететін сондай-ақ, басқа да себептермен шетелге барған Қазақстан азаматтары өздерінің азаматтық парыздарын елшілік аумағында сайлау учаскелерінде 3 сәуірде өтей алатынын атап өтті.