Шетелдегі ағайындардың елге оралуы күрт азайды - С. Балғабаев
Бұл жайында жазушы-драматург, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары Сұлтанәлі Балғабаев Алматыда көші-қон мәселесіне байланысты өткен жиын барысында айтты.
С.Балғабаев осы екі мәселені көтеріп, "Егемен Қазақстанға" бірнеше материал да жазған. Көші-қон комитеті ІІМ-не қосылғаннан кейін алдағы жұмыс қалай атқарылады деп, Көші-қон полициясы комитетінің төрағасы, милиция генерал-майоры Хибратулла Досқалиевпен ақылдасып, Этникалық көші-қон жөніндегі қоғамдық кеңес құрылған. Бұл кеңестің міндеті көші-қон жөніндегі мәселелер бойынша кеңес беріп, ондағы проблемаларды жоғарыға жеткізіп отыру.
"Көші-қондағы мәселелердің барлығы заңның солқылдағынан деп ойлаймын, яғни заңның нақты еместігінен туындап отыр. Бізде заң шығады, алайда оның механизмі жасалмай қалады. Мысалы, оралмандардың барлығына жер алуға болады деп көрсетіледі, бірақ ауданның әкімдері жердің бәрі жеке меншікке өтіп кеткен деп оралмандарды шығарып салады. Заңның осындай келеңсіздіктерін талқылып, оның нағыз механизмін жасауымыз керек", -дейді С.Балғабаев.
Сондай-ақ ол Көші-қон саласындағы жемқорлықты айтып өтті. "Бұл 2005 жылдан басталды. Осы жөнінде қауымдастықтың атынан Көші-қон басшыларына жемқорлықты тоқтату керек деген талай хат та жаздық. Одан ештене шықпаған соң Ұлттық қауіпсіздік комитеті алдына қойдық", -дейді жазушы.
Оның айтуынша, жылына 20 мың отбасының елге оралуына қаржы бөлініп отырады екен. Бір отбасы кемінде бір миллион теңге алады. "2005 жылдан бері біздің есебімізше жыл сайын 5-6 миллиард теңге оралмандардың атынан жалған құжат жасаушылардың қалтасына кетіп отырды. Мәселен жәрдем ақы алған адамға ешкім бақылау жасай алмайды. Осыны тура жолға қоятын механизмін жасауымыз керек. Өткенде бас прокуратурада болған жиында Х.Досқалиев 67 мың адам Қазақстанның жәрдемақысын алып, жеке куәлігін алмай қашып жүргендігін өз баяндамасында айтып өтті. Менің ойымша, ол адамдар не өмірде жоқ, болмаса ақшасын алып, қайта қайтып кеткен", -деп атап өтті өз сөзінде С.Балғабаев.
Сонымен қатар ол Көші-қонды ұйымдастыру жұмысын қайта қарау керек деген ұсыныс жасады. "Бізде оны ұйымдастыруды Сыртқы істер министрлігіне жүктеген. Шетелдегі елшіліктерде онымен айналысатын штат та, қызметші де жоқ. Оған қаржы бөліп, шетелдегі ағайындар арасында елге оралу жөнінде дұрыс насихат жасаса жақсы болар еді", -дейді ол.