Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу: Шыңжаңда 3000 жылдық ежелгі қорым табылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы аптада шетелдегі қазақ тілді ақпарат көздері қандай тақырыптарды қаузады? Назарларыңызға «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу: Шыңжаңда 3000 жылдық ежелгі қорым табылды

null
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музейінде «Фирдоуси әлемінен» атты көрме ашылды - «Фарс» ақпарат агенттігі

«Семейдегі Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінде Қазақстан Республикасындағы Иран Ислам Республикасы Елшілігінің мәдени өкілдігінің ұйымдастыруымен ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері, ЖОО-ның оқытушылары мен студенттері және мәдениет сүйер қауым мен бұқаралық ақпарат өкілдері қатысқан «Фирдоуси Абай елінде» атты мәдени шара жұмысын бастады», - деп жазады parstoday ақпарат агенттігі.

Ирандық БАҚ-тың жазуынша, шараның бірінші күні музейде «Фирдоуси әлемінен» атты Иран миниатюрасы мен декоративті-қолданбалы өнерінің көрмесі ашылды. Көрменің ашылу салтанатында сөз сөйлеген музейдің директоры Болат Жүнісбеков Иран Ислам Республикасының Қазақстан егемендігін ресми түрде таныған алғашқы елдердің бірі болғанын атап, екі ел байланыстарының қазіргі таңдағы жақсы деңгейіне тоқталып, мәдени байланыстардың кеңейе түсуіне мүдделік танытты. Музей директоры осындай көрмелерді өткізу арқылы екі елдің халқын бір-бірінің мәдениеті және өнерімен көбірек таныстыруға үміт білдірді.

«Иран Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің мәдени кеңесшісі Масуд Шейх Зейнеддин де Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері екі ел арасында орнатылған рухани-мәдени байланыстарды оң бағалап, көрменің өткізілуін екі ел арасындағы мәдени байланыстарды кеңейту бағытындағы шара ретінде атап өтті. «Бір халықтың мәдениеті оның әдебиетіне қарыздар. Ол әдебиет жазбаша болса, оның әсері мәңгілік болады. Фирдоуси мың жыл бұрын жазған үздік шығармасы арқылы парсы тілі мен ирандықтардың даналығын келесі ұрпақтарға жеткізіп, мәңгілікке қалдырды», - деді ол. Ол сөзінің жалғасында Фирдоуси мен Абай сынды ұлылар шығармаларында адамгершілікті ту етіп көтергендіктен, олардың мұраларының бір халықпен шектелмейтінін, бүкіл адамзатқа тиесілі екендігін қуаттады. Көрмеге Фирдоусидің Шаһнамесіне қатысты 47 картина мен Иранның қолөнер туындылары қойылды. Көрменің жұмысы шілденің біріне дейін жалғасады», деп жазады parstoday.
null 

Қазақ жігіті тоқ піспек жасап шықты - Қытайдың «Орталық халық радиосы» (CNK)

ҚХР Шынжаң өлкесі Қобықсары ауданының тұрғыны Құрыш Жұмабекұлы заманға сай сүт өнімдерін өңдейтін тоқ піспек жасап шықты, деп хабарлайды kazakcnr.com сайты.

Аталған сайт тілшісі Мақсат Қизатұлы ұлтымыз тұрмысында ғасырлар бойы қолданыста келе жатқан піспектің жаңа түрін жасап шығарған Құрыш Жұмабекұлымен тоқ піспекті қалай дайындап, жасағаны туралы сұхбаттасқан.
null

«2013 жылдан бастап тоқ піспек жасауға құлшына кірістім. Алғашында ағаштан жасадым. Сол жылдың күзінде Қытайдың білім меншік құқығы орталығына тоқ піспегімді патенттеуге жолдадым. Орталық патент куәлігін берді. 2015 жылы патенттелген піспегімді арнайы тәжірибеден өткізіп болған соң, ішкі Қытайдағы Хаңжоу қаласына қарай тарттым. Ол жердегі зауыт маған тоқ піспектің сыртын жасап берді, ішкі моторын Шаңхай қаласына апарып жасаттым. Сонымен, көптеген сынақ пен тәжірибенің нәтижесінде 2016 жылдың ақпан айында алғашқы тоқ піспек өмірге келді. Бұл туындымыздың үзіліссіз жұмыс істеу уақыты 6 сағат ғана болды. Сондықтан жарты жыл бойы қайта-қайта тәжірибе жасай жүріп, ақыры 24 сағат үздіксіз автоматты жұмыс істейтін, арнайы теңдеу кнопкасы бар тоқ піспекті 2016 жылдың маусымында жасап шықтым. Былай қарағанда қарапайым болғанымен, бұл өзі 18 құрылғыдан құралады, әр құрылғысына бір қалып жасаттық, 18 қалыпқа 337 мың юань ақша кетті, цех құруға 40 мың юань жұмсадық. Піспектің басын залалсыз каучуктен жасадық, оған да аз қаржы кетпеді, барлығын жиып келгенде бір миллионнан (46 миллион теңге) артық қаржы жұмсалды. Сенімді серік етіп, жақын мен жақсылардың қолдауымен 2017 жылдың ақпанында тоқ піспекті сапасы мен өнімділігіне бірдей кепілдік бере отырып, нарыққа шығардық. Алғашқы 5 мың данасын өндірдік, қазірге дейін 2640 данасы сатылып кетті. Құрт-май алатын, қымыз дайындайтын кісілер қуанып отыр», - дейді Құрыш Жұмабекұлы.
null 

Ноғай Ноян - ТРТ агенттігі

Түркия Радио Теледидар агенттігі сайтының «Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар» айдарында, он үшінші ғасырдың екінші жартысындағы Алтын Орда тарихындағы ең ықпалды тұлға, Алтын Орда мемлекетінің бас қолбасшысы Ноғай туралы мақала жарық көрді.

Аталған мақаланың авторының жазуынша, Ноғай - он үшінші ғасырдың екінші жартысындағы Алтын Орда тарихындағы ең ықпалды тұлға. Шамамен 1220 жылы туған. Кейбір тарихшылар Ноғайды Жошыханның Тәуел деген ұлынан туған немересі деп санайды. Сондықтан оны төре деп есептеп, «Ноғай хан» деп атайды. Алайда Ноғай ешқашан хан атағын қолданған емес. Сонымен бірге, Алтын Орданың ең ықпалды тұлғасы бола тұра, хандыққа таласқан емес. Десе де Ноғайдың кезінде Алтын Ордада жеті хан ауысты. Кейбір тарихшылар оның хан болмауының себебін оның әкесі Тәуелдің Жошының бәйбішесінен емес, тоқалынан туғандығымен байланыстырады. Бірақ та ол айналып келгенде төре еді. Және егер ол өзін хан деп жарияласа, ешкім онымен дауласа алмас еді. Демек шындығында Ноғай Шыңғысхан тұқымынан емес болып шығады.

«Ноғайдың тегі туралы деректі қоңыраттардың он сегізінші ғасырда жазылған шежіресі «Фирдаус әл-Иқбал», яғни, «Бақыт жұмағы» атты еңбегінде кездестіруге болады. Бұл дерекке сай, «қоңыраттардың ханы - Шыңғысханның әкесі Есугейдің құдасы Дәу Шешен еді». Деректе Дәу Шешенді «хан» деп атауы ол кезде әлі Шыңғыстың түркі-моңғол руларының басын біріктірмеуімен байланысты. Шежіреде «Дәу Шешеннен Терге Емел, ал одан Тыным Гүреген тарайды». 1207 жылы Шыңғыс «хан» атағын алып, бүкіл түркі жұртының билеушісі атанғаннан кейін, «хан» атағы тек Шыңғыс тұқымына берілетін болады. Деректің мәліметіне сай, Шыңғысхан нағашысы әрі құдасы Тыным Гүрегенге «ноян» яғни «қолбасшылардың қолбасшысы» атағын беріп, елімен бірге Жошы ұлысына орналастырады. Тыным Гүрегеннің немересі Ноғай Берке ханның нояны болады. Шығыс Еуропаны жаулағаннан кейін Ноғайдың баласы Ағадай батыр отыз мың үй қоңырат және жүз мың үй басқа түркі руларымен бірге Болгар, Шеркес және Қазанға барып орналасады. Демек, Фирдаус әл-Иқбал дерегіне сай, Ноғай қоңырат болып шығады. Жалпы Шыңғысхан империясында қоңыраттардың ықпaлы өте күшті еді. Өйткені Шыңғысханның шешесі Оэлун және бәйбішесі Бөрте қоңырат руынан болатын. Қоңыраттан қыз алып, құдаласу Шыңғысханнан кейін де жалғаса берді. Тіпті Исенбике Тоганның пікірінше, қоңыраттар мен төрелер билікті бөліскен еді. Бұл «билікті бөлісу» әсіресе Алтын Орда мысалында жақсы көрінеді. Алтын Ордадағы қоңыраттардың ықпалына байланысты тарихшылар қателесіп, Ноғайды «төре» деп есептеген болуы мүмкін», - деп жазылған мақалада.

Дәйекті деректермен тарихи тұлғаның болмысын ашып, сол дәуірдің шежірелі тарихын қаузаған мақала бұдан әрі қарай Ноғайдың өмір жолына шолу жасап, сол кезеңдердегі тарихи оқиғалар туралы баяндайды. Ал, мақала соңында «Ноғайдың өлімінен кейін оның аты жоғалып кеткен жоқ. Оның дәуірінде өмір сүрген барлық хандардың аты ұмыт болса да, он бесінші ғасырда Солтүстік Кавказда дербес ел құрған түркі рулары өз мемлекеттерінің атын Ноғай Ордасы деп атады», - деп түйін жасайды.
null 

Шынжаңда 3000 жыл бұрынғы күнге тасаттық беретін ежелгі жұрт табылды - «Тяньшаньнет» ақпараттық порталы

Қытайлық kazak.ts.cn порталы Шынжаңдағы археологиялық зерттеу жұмыстары кезінде 3000 жыл бұрынғы «Күн тасаттық қорымының» ескі жұрты табылғаны туралы жазады.

«Археологтар байқаған тасаттық қорымның ескі жұрты - Шынжаң өлкесі Байынғолын облысының Хыжиң ауданында орналасқан. Ғалымдардың пікірінше, 3000 жыл бұрын салынған бұл тасаттық төбе өз қалпында сақтаған, дөңгелек пішінді, үш қабат тастармен қоршалып жасалған, сыртқы дөңгелек шеңбердегі тас қоршауларының диаметрі 100 метрден асады, ал бұл түрдегі дөңгелек пішіндегі құрылыс жобасы - Жасаушының күнге табынатындығын әйгілеп тұр», - деп жазады аталған ақпарат көзі.
null 

Иранның атлеттері Қазақстандағы жарыста 3 алтын, 2 күміс және 4 қола медаль еншіледі - «Фарс» ақпарат агенттігі

Қазақстанда Ғұсман Қосановты еске алуға арналған жеңіл атлетикадан өткен халықаралық турнирде Иран командасы сенбі күні 3 алтын, 2 күміс және 4 қола медаль жеңіп алды, деп жазады parstoday ақпарат агенттігі.

«ИИР Жеңіл атлетика федерациясының мәліметі бойынша, Қазақстандағы Қосановты еске алуға арналған жеңіл атлетикадан өткен турнирде ирандық Милад Сайар, Кейван Қанбарзхаде және Мослем Ниадуст сәйкесінше 110 метрге тосқауылдар арқылы жүгіру, биіктікке секіру және 1500 метрге жүгіруден жеңімпаз атанды. Ирандық атлеттер Хосейн Кейһани мен Реза Ғасеми тиісінше 1500 және 100 метр қашықтыққа жүгіруден күміс жүлде иеленді. Али Хадивар (100 метрге жүгіру), Али Самари (ядро серпу), Реза Молкпур (400 метр қашықтыққа жүгіру) мен Ваһид Седдиқ (үш қарғып секіру) ИИР қоржынына қола медальдар салды», - деп хабарлайды Иран елінің parstoday.com сайты.

Айта кетейік, Ғұсман Қосанов - КСРО құрамында Олимпиадаға қатысқан қазақтың тұңғыш желаяғы. 1960 жылы Рим Олимпиадасында күміс медальға ие болды. Қосанов құрметіне арналған жеңіл атлетикадан «Қосанов Мемориалы» атты халықаралық жарыс 1991 жылдан бастап өткізіліп келеді.
null 

Тарбағатай аймағында ақындар айтысы өтті - Қытайдың «Орталық халық радиосы» (CNK)

Қытайдың Тарбағатай аймағында өңірдің дәстүрлі XXI кезекті ақындар айтысы өтті, деп хабарлайды kazakcnr.com сайты.
null 

Ақпарат көзінің жазуынша, ҚХР Іле қазақ автономиялық өлкесінің Тарбағатай аймағына қарайтын 5 аудан 2 қаладан жиналған өнер иелерінің басын қосқан ақындар айтысы мен мәдени туризм мерекесі 3 күн бойы Толы ауданының Қоңыроба сазы жайлауында мерекеленді. Ауқымды мәдени шарада ақындар айтысы, терме айту, күй, сыбызғы, қобыз тарту, қазақ киіз үйінің әсемдігін бағалау жарыстары өткізілді. Ұлттық спорт түрлерінен көкпар тарту, теңге ілу, қыз қуу ойындары, 23 шақырым және 9 шақырымдық бәйге, 6 шақырымдық түйе жарысы, балуандар күресі, дойбы, шахмат жарыстары өткізілді. Сондай-ақ қолөнер бұйымдары, ұлттық киім-кешек, азық-түлік, киіз үй мәдениеті көрмесі көрсетілді.
null null 

Шараның соңғы күні әр өнерден бабы мен бағы қатар озған жүлдегерлердің есімдері аталып, марапатталды. Ақындар айтысының бас жүлдесі Сауан ауданының ақыны Нағман Шұқанұлының қанжығасына байланды. Осылайша, сән-салтанаты жарасқан, ән мен жырға ұласқан өнер тойы межелі мәресіне жетті. Екі жыл сайын өткізіліп келе жатқан аймақтың дәстүрлі ақындар айтысының келесі кезегі 2019 жылы Дөрбілжің ауданында өтетін болып, айтыс туын аудан әкімі Мақсұтқан Жамсапұлы қабылдап алды.
null 

Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайына Моңғолия қазақтарынан 41 делегат қатысты - kaznews.mn

Астанада Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы өтті. Құрылтайға 800 адам қатысты, олардың 350-і - шетелден келген қазақтар. Моңғолия қазақтарынан 41 делегат қатысты. Сонымен қатар, Әлем моңғолдары конгресінің төрағасы Давга Цахилгаан мырза келді. Бұл туралы Моңғолиялық KAZNEWS ақпараттық порталы жазады.

«Құрылтайға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, сөз сөйледі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде рухани жаңғыру аясында іске асырылып жатқан 6 жобаға, латын әліпбиіне көшу мәселесіне, «Туған жер» бағдарламасына, әсіресе, шетелдегі қандастарымызды қолдау мәселелеріне тоқталды. Шетелде жүрген қандастарымызды қолдау мақсатында «Отандастар» қоры құрылатынын атап өтті. Жиында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төрағасы болып қайта сайланды. Ал қауымдастық төрағасының бірінші орынбасары болып Зауытбек Тұрысбеков сайланды», - деп жазады моңғолиялық БАҚ.