Шетелден инвестиция тартатын компанияларға мемлекет қандай қолдау көрсетіп отыр

АСТАНА. ҚазАқпарат — Елге инвестиция тарту ісінде Kazakh Invest компаниясына көп жауапкершілік жүктелген. Ұлттық компанияның басқарушы директоры Азамат Қожанов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында инвестиция тарту шаралары мен қолдауға лайық отандық компаниялар қалай іріктелетіні туралы мәліметтер берді.

Шетелден инвестиция тартатын компанияларға мемлекет қандай қолдау көрсетіп отыр

— Азамат мырза, әуелі Kazakh Invest компаниясының құзыреті туралы айта кетсеңіз...

— Kazakh Invest компаниясының қызмет аясы кең негізі. Бірақ мұнда сол қызмет аясында қолданылатын тетіктердің мүмкіндігі маңызды. Біз ешбір жобаға бірлескен инвестор ретінде қатыспаймыз, қарыз бермейміз. Қолымызда бар негізгі актив – адамдар. Компаниядағы 100 адамның 20-сі өңірлерде жұмыс істейді. Инвесторларға кеңес беруден бастап жобаны жетектеуге дейін түгел қолдау көрсетеміз.

Компания құрамында жобалау департаменті, сырттан инвестициялар тартып, оларды сүйемелдеумен айналысатын, елшіліктермен және орталық мемлекеттік органдармен жұмыс істейтін инвестициялық блок бар. Бұдан басқа, инвесторларды сервистік қолдау бөлімшесі мен Мемлекет басшысы деңгейіндегі шараларды ұйымдастырумен айналысатын хаттама блогы бар.

Инвесторларды тартқысы келетін жергілікті компаниялар үшін Kazakh Invest отандық компанияларды инвестициялық форумдарға шығарып, кездесулер ұйымдастырады. Ондай мүмкіндік алған отандық компаниялар салықтан босату, жер учаскесін беру сияқты заттай гранттар алады. Инвестициялық келісімшарт жасауға да көмектесеміз.

Фото: soupstock.in

Сонымен қатар, шетелдік инвесторды тартқысы келетін жергілікті компаниялар инвестициялық тизерлер деп аталатын даму қызметін пайдалана алады. Бұдан бөлек Kazakh Invest елшіліктер арқылы және ұлттық компания ұйымдастырған инвестициялық форумдар арқылы экономикалық дипломатия желісінің көмегімен отандық инвестициялық жобаларды ілгерілетеді.

Сондай-ақ, біз Үкімет деңгейіндегі инвестициялық штабтың алаңын белсенді пайдаланамыз. Ол штабтың жиындарына тоқсан сайын Премьер-Министр, ай сайын бірінші вице-премьер төрағалық етеді..

— Елімізде шетелдік инвесторлар көп пе, жергіліктілер көп пе?

— Жергілікті инвесторлардың үлесі басым. Жалпыұлттық пулдағы 873 жобаның 16% ғана шетелдік капитал есебінен іске асырылып жатыр. Оның өзінде кейбірі бірлескен кәсіпорындар құру арқылы жұмыс істеп жатыр. Негізі біз инвесторды отандық және шетелдік деп бөлмейміз.

Фото: rowlands-hames.co.uk


Жалпы, біздің еліміздің аумағындағы инвестициялық қызмет Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексімен және өзге де нормативтік-құқықтық актілерімен реттеледі. Барлық инвесторлар инвестицияларды мемлекеттік қолдау шараларын алуға бірдей құқылы. Сондай-ақ, заңнамада инвесторларға, оның ішінде шетелдік инвесторларға ерекше мәртебе беру көзделмеген. Сондықтан белгілі бір инвесторларға артықшылықты көзқарас туралы айту мүмкін емес.

- Болашақ инвесторларды қалай іріктейсіздер?

- Іріктеудің бірнеше деңгейі бар. Біріншіден, бізде түрлі саладағы шетелдік трансұлттық компанияларда өте үлкен тәжірибесі бар қызметкерлер жұмыс істейді. Сондай-ақ, шетелдік мекемелердің бастамаларын іріктейтін инвестициялық блок бар. Компания инвестордың жобаға қаншалықты қызығушылық танытып отырғанын зерделейді. Тоқсан сайын компания ішкі инвестициялық комитеттің жиынын өткізеді. Онда белгілі бір жобаның қаншалықты қабілетті екендігі талқыланады. Ірі және дайын жобалар Астана халықаралық қаржы орталығының құралдары арқылы тексеріледі. Осы жылдар ішінде (2017 жылдан бастап) компания жобаларды іріктеу мәселесінде айтарлықтай тәжірибе жинады.

- Президент инвестициялық келісім форматының мүмкіндіктеріне ерекше тоқталып жүр. Осы құрал туралы толығырақ айта аласыз ба?

- 2022 жылдан бастап Kazakh Invest компаниясы инвестициялық келісім туралы өтінімдерді қабылдайтын ұлттық оператор болып табылады. Мен өкілі болып есептелетін Investment «Task force» бөлімшесі инвестициялық келісімдермен айналысады. Екі жылдан бері осы құралды пайдаланып келеміз. Бірақ келісімнің бұл түрі тиімдірек жұмыс істеуі үшін кейбір заңнамалық нормаларды сәйкестендіру қажет болды. Наурыз айында Инвестициялар туралы келісім жасаудың регламенті қабылданды.

Инвестициялық келісім – Үкімет пен инвестор арасындағы міндеттемелерді жан-жақты нақтылайтын келісімнің түрі.

Біздің команда жеке инвестицияларға негізделген 70 ірі инвестициялық жобаның пулын құрды. Біз бұл пулды өте мұқият іріктедік. Жобалардың жалпы сомасы $13 млрд теңге болады. Игеру мерзімі – 2028 жылға дейін.

Инвестициялық келісім аясында стандарттан тыс жеңілдіктер берілуі мүмкін. Бұл стандартты шарт емес. Мысалы инвестициялық басымдыққа ие келісімшарт салықтан босатылады. Жер учаскесі заттай грант ретінде береді және шикізат пен компоненттерді әкелу кезінде кедендік баждан босатады. Бұл модульдік келісімшарт болғандықтан оны өзгерту мүмкін емес. Ал инвестициялық келісім модульдік келісімшарттан бөлек. Келісімге әртүрлі жеңілдіктерді енгізуге болады. Тек қолданыстағы заңнамаға қайшы болмауы керек және Үкімет пен инвестор арасындағы тікелей келіссөздердің нәтижесі арқылы айқындалуы шарт.

Бүгінге дейін осы форматтағы екі инвестициялық келісімге қол қойылды. Біреуі америкалық компаниямен, екіншісі «Svevind» дейтін сутегі компаниясымен. Биыл тағы кем дегенде төрт инвестициялық келісімге қол қоюды жоспарлап отырмыз.

- Осы жасыл сутегі өндіру жобасына тоқтала кетіңізші...

- Бұл – болашақтың жобасы. Жасыл сутегі нарығы алдағы 10 жылда 100 млрд доллардан асады дейтін болжамдар бар.

Біздің Іnvestment «Task force» бөлімшесі құрылған кезде, бірінші кезекте біз өзіміз үшін ең үздік инвестициялық жобаларды ғана емес, Қазақстанда дамымай жатқан, бірақ әлеуеті мол салаларды да анықтадық. Осындай 4 саланы іріктеп алғанбыз. Сіз сұрап отырған жасыл сутегі – соның бірі.

Біздің команда түрлі кейстерді зерттеп бастаған кезде газхимия саласында жасыл сутегі өндірісі ескерусіз қалып келгенін көрді. Бұл да табиғи газдан алынатын өнім. Қазақстанда жұмыс істеп жүрген «Linde», «Air Liquid» сияқты техникалық газ өндіретін компаниялардың мамандарымен ақылдастық. Қазір жасыл сутегі жобасы Еуропалық Одақ нарығында да өтімді өнім болатынына көзіміз жетіп отыр. Герман-швециялық «Svevind» компаниясының кейсін көріп, ақыры солармен инвестициялық келісім жасады.

Бірақ жобаны іске асырып бастамай тұрып, мүмкіндіктерді толық зерттеп, мамандар даярлау керек. Инвестициялық келісім бұл шаруаларды да қамтыған. Бұл ұзақ мерзімге бағытталған жоба екенін түсіну керек. Екі жаққа да тиімді деп айта аламыз. Біздің экономика үшін үнемдеу арқылы энергия көзінің құнын түсіруге болатынымен тиімді. Сонымен бірге инвестицияның есебінен бұл саладағы құзіретімізді кеңейтеміз. Яғни инвестордың есебінен ірі капиталды қажет ететін жобаларды іске асыруда тәжірибе жинаймыз. Бүгінде осы инвестициялық келісім аясында 2030 жылға дейін 2 млн тонна жасыл сутегі өндіру мүмкіндігін зерттеп жатырмыз. Оның бестен бір бөлігін Еуропаға экспорттау көзделіп отыр. Мұндағы басты мәселе тасымал арнасы болмақ. Осы инвестицияның арқасында жалпы бұл саланың қаншалықты табысты екенін тексере аламыз.

— Жеке инвесторлар Қазақстанда қай салаға инвестиция салуға құлықты?

— Қазір бәрінен агроөнеркәсіп кешені тартымды болып тұр. 70 инвестордың 25-сі осы саланы таңдаған. Түркиялық компаниялардың қызығушылығы өте жоғары. Бұл өзі қызық. Бүгінге дейін тартылған тікелей инвестициялардың 1%-ы ғана ауыл шаруашылығына тиесілі. Өйткені бізде инвесторлардың жерге иелік етуіне байланысты шектеулер көп. Олардың көбі алатын өнім сапасын қадағалауға ниетті. Мұндай жағдайларда инвесторларды қайта өңдеумен байланысты жобаларға бағыттаймыз. Жергілікті кәсіпкерлерге де осындай инвестициялар керек. Біз келісімшарт аясындағы фермерлікті дамытуға ниеттіміз. Қазақстандық шаруалар жаңа тұқымдар егіп, технологияларды игере алады. Жаңа дақылдар егіп, шикізаттан өнім өңдейтін зауыттар салады. Бұл бір жағынан мемлекеттік субсидияға тәуелсіз жобалардың қатарын көбейтеді. Бұл салаға келетін инвесторлар дайын өнім экспорттайды. Саланың алдындағы басты міндеттер осы болу керек сияқты. Бұл міндетті Kazakh Invest өзі жалғыз орындай алмайды. Сол үшін Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге жұмыс істеп жатырмыз.

Kazakh Invest ұлттық компания болғандықтан ішкі нарықта да, сыртқы бәсекеде де өзіне сенімді табысты ұлттық компаниялардың көп болғанына мүдделі.

Шетелдік инвесторларды да қуатты қазақстандық серіктесі бар жобаларға тарту оңай. Бір жағынан тәуекелі де аз.

- Сұхбатыңызға рахмет!