Шетелдік БАҚ-тағы Қазақстан: Тоқаевтың ЕҚЫҰ төрағасымен кездесуі мен Вьетнамға сапары, алғашқы АЭС құрылысы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы аптада шетелдік БАҚ-та Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Солтүстік Македония Республикасының Сыртқы істер министрі, ЕҚЫҰ төрағасымен кездесуі, Әзербайжанмен Орта дәлізді дамыту жоспары, Мемлекет басшысының Вьетнамға сапары, Оманмен әскери ынтымақтастық, сондай-ақ еліміздегі алғашқы АЭС Бішкекке жақын маңда салынуы мүмкін екені жөнінде мақалалар легі жарияланды. Толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының шолу мақаласында.
Caspian News: Қазақстан мен Әзербайжан Орта дәлізді дамыту жоспарын нығайтуда
16 тамызда Caspian News агенттігі Қазақстанның Әзербайжанға «Орта дәліз» деп аталатын Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытудың жаңартылған жол картасын ұсынғанын хабарлады. Аталмыш жол картасы аймақтағы сауданы дамытуға және экономикалық өсуді ынталандыруға бағытталған.
«Өткен дүйсенбіде Қазақстанның делегациясын басқарған ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев Бакуде Әзербайжанның Цифрлық даму және көлік министрі Рашад Набиевпен кездесіп, жол картасының жобасын талқылады»,-деп жазады басылым.
Бұл құжат маусым айындағы Қазақстан мен Әзербайжан басшыларының кездесуінің нәтижесінде жүзеге асып отыр.

Eureporter: Президент Тоқаев Қазақстанның ЕҚЫҰ-ны қолдайтынын айтты
16 тамызда Eureporter агенттігі ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 11 тамызда Солтүстік Македония Республикасының Сыртқы істер министрі, ЕҚЫҰ төрағасы Буяр Османимен кездескені жөнінде материал жариялады.
«ҚР Президенті Қазақстанның сенімді мүше мемлекет ретінде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) адалдығын баса айтты. Өкінішке қарай, ұйым ішінде орын алып отырған келіспеушіліктерге қарамастан, Президент ЕҚЫҰ-ның өте қажет екенін айтып, оның әлеуетін сақтау керек деп атап өтті»,-деп жазады басылым.
Агенттіктің айтуынша, Тоқаев 2025 жылы Хельсинки қорытынды актісінің 50 жылдығын атап өту аясында ЕҚЫҰ-ның өзара диалогқа арналған бірегей платформа ретінде қызмет етуіне жағдай жасау өте маңызды екенін де тілге тиек етті. «Еліміздің ЕҚЫҰ-мен тығыз ынтымақтастығы, 2010 жылғы Астана саммитінің декларациясында бекітілгендей, қауіпсіз қоғамдастық құру туралы ортақ көзқарасқа негізделеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан бөлек ҚР Президенті екі ел арасындағы қарым-қатынастарды нығайтудың келешегі туралы айтып, Солтүстік Македония Қазақстанның Еуропадағы өте маңызды серіктесі екенін, ынтымақтастықты кеңейтуде өте маңызды нәтижелерге қол жеткізілгенін атап өтті. «Тоқаев сондай-ақ Солтүстік Македония астанасы Скопьеде Қазақстанның елшілігін ашу туралы шешім қабылдағанын айтты»,-деп жазады басылым.
VnExpress: Қазақстан Президенті 12 жылдан кейін бірінші рет Вьетнамға барады
17 тамыз күні вьетнамдық VnExpress басылымы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вьетнамға ресми сапармен баратыны жөнінде ақпар жариялады. Бұл Қазақстан Президентінің Вьетнамға соңғы 12 жылдағы алғашқы ресми сапары болмақ.
«Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы қызметіне кірісті. Оның сапары биылғы маусым айына жоспарланған, бірақ Қазақстанның Абай облысындағы орман өртіне байланысты кейінге қалдырылды»,-деп жазады басылым Вьетнам Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Фам Тху Ханға сілтеме жасап.

Вьетнам мен Қазақстан 1992 жылы 29 маусымда дипломатиялық қатынас орнатты. Агенттіктің мәліметінше, 2016 жылы Вьетнам мен Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) арасындағы Еркін сауда туралы келісім күшіне енгеннен бері Вьетнам мен Қазақстан арасындағы екіжақты тауар айналымы жыл сайын шамамен 28%-ға өскен, ал 2022 жылы бұл көрсеткіш 600 млн долларға жеткен. Қазіргі таңда 2030 жылға қарай екіжақты тауар айналымын 1,5 миллиард долларға жеткізу көзделіп отыр.
BelTA: Қазақстан Беларусьтің сот-сараптама агенттігін құру тәжірибесіне қызығушылық танытып отыр
17 тамызда беларусьтік Belarusian Telegraph Agency басылымы Қазақстанның Беларусьтің бірыңғай сараптама мекемесі – Мемлекеттік сот сараптамасы комитетін құру тәжірибесіне қызығушылық танытып отырғанын хабарлады.
Жуырда ҚР Әділет министрі Азамат Есқараев Беларуське сапармен барған еді.
«Беларуське сапар барысында Қазақстан делегациясы Әділет министрлігімен құқықтық мәселелер бойынша ынтымақтастықты дамыту және министрліктер арасындағы өзара іс-қимылдың құқықтық негіздерін жетілдіру бойынша меморандумға қол қою жөнінде келісті»,-деп жазады агенттік.

Сонымен бірге қос тарап сот сараптамасы саласындағы ынтымақтастықты дамыту туралы келісімге қол қойған.
«ТМД-да теңдесі жоқ бірыңғай сот-сараптама агенттігін құру тәжірибесі жайлы білу қызық болды. Мұны біз зерттегіміз келеді», - деді Азамат Есқараев.
Басылымның жазуынша, Беларусь пен Қазақстанның Әділет министрліктерінің қызметіне арналған дөңгелек үстелде Беларусь Әділет министрлігі қабылдаған шаралар мен жүргізіліп жатқан реформалары талқыға түскен.
Trend: Қазақстан Ресейден көп мөлшерде бензин импорттайды
17 тамызда әзербайжандық Trend басылымы Қазақстан жанармай тапшылығы мәселесін шешу үшін Ресейден 40 мың тонна АИ-95 бензинін импорттауды жоспарлап отырғанын хабарлады.
«ҚР Энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов биыл 40 мың тонна 95-бензинді импорттау жоспарланғанын айтты. Тиісті келісімшарттарға қол қойылып, тамыз айында импортты жүзеге асыру жоспарлануда. Бірінші жеткізілім шамамен 19 000 тоннаны құрайды, бұл бірнеше айға уақытша шара болмақ. Қыркүйек айында Шымкент мұнай өңдеу зауытында 95-бензинді өндіру басталады», - деп жазады агенттік.

24.kg: Қазақстандағы алғашқы АЭС Бішкектен 250 шақырым жерде салынуы мүмкін
18 тамыз күні қырғызстандық 24.kg ақпарат агенттігі жүргізілген зерттеулердің нәтижесі бойынша АЭС салу үшін ең қолайлы аумақ ретінде Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен ауылы таңдалғанын хабарлады. Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігінің сайтында жазылды.
Басылымның хабарлауынша, ҚР Энергетика министрлігі елдегі алғашқы атом электр станциясын салу үшін ұқсас станция құрылысы және тәжірибе жүзінде сәтті пайдаланылып тексерілген технологияны таңдауды көздеп отыр.

Осыған байланысты ядролық технологиялардың мынадай әлеуетті жеткізушілерінен тұратын «шорт-тізім» жасалған:
- HPR-1000 қытайлық CNNC компаниясы;
- APR-1400 реакторы бар Кореяның KHNP компаниясы;
- ВВЭР-1200 және ВВЭР-1000 реакторлары бар Ресейдің Росатом компаниясы;
- EPR-1200 реакторы бар француздың EDF компаниясы.
«Зерттеу нәтижелері 2022 жылғы мамырда атом саласын дамыту жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында қаралды және мақұлданған»,-деп жазады агенттік.
Google Earth сервисінің мәліметі бойынша, Үлкен ауылы мен Бішкек арасындағы қашықтық 250 шақырымнан сәл асады.
Middle East Monitor: Оман мен Қазақстан әскери ынтымақтастықты нығайтады
16 тамызда Middle East Monitor агенттігі Оман Сұлтандығы Қарулы күштер Бас штабы бастығының операциялар және жоспарлау жөніндегі орынбасары бригадалық генерал Хамид әл Балуши бастаған әскери делегацияның Астанаға ресми сапары барысында Оман Сұлтандығы мен Қазақстанның бірлескен әскери ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланғанын хабарлады.
«Сапар барысында Оман әскери делегациясы Қазақстан Қарулы Күштері Бас штабының офицерлерімен, оның ішінде қазақстандық әріптесі полковник Дәурен Манаппен кездесті»,-деп жазады басылым.
