Шетелдік БАҚ-тағы Қазақстан: Украинадағы жағдайға қатысты ұстаным, мұнай компанияларын сотқа беру және саяси реформалар

АСТАНА. ҚазАқпарат – Осы аптада шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстан үкіметінің алпауыт мұнай компанияларын сотқа бергені, еліміздің тікелей шетелдік инвестиция көлемі бойынша рекорд орнатқаны, Қазақстанның Украинадағы жағдайға қатысты ұстанымы, Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы сауда-экономикалық байланыс, Қазақстанның әлемдегі ең ірі алтын сатушы мемлекетке айналуы жөнінде мақалалар легі жарияланды. Солардың бірқатарын назарларыңызға ұсынамыз.
None

«Қазақстан үкіметі ірі мұнай компанияларын сотқа берді»

5 сәуір күні АҚШ-тағы Bloomberg ақпарат агенттігі Қазақстан үкіметінің Қашаған және Қарашығанақ кен орындарын игеріп отырған компанияларды арбитраж сотына бергенін жазды. Агенттік мақалада мәлімет берген дереккөзді атамаған.

Фото: astana.sud.kz

Басылымның жазуынша, Қазақстан жоба серіктестерін тендер рәсімдерін бұзды деп айыптап отыр. Ал Қашаған бойынша мердігерлер жұмысын толық орындамады деген. Үкімет жоба серіктестері Қашағанда 13 миллиард доллар, ал Қарашығанақта 3,5 миллиард доллар шығынды шегермеуі тиіс деген пікірде.

Талап Қашаған үшін 2010 жылдан 2018 жылға дейінгі, ал Қарашығанақ үшін 2010 жылдан 2019 жылға дейінгі кезеңді қамтып отыр.

«Осы үшін Қазақстан билігі наурызда Женевада және Стокгольмде Қашаған мен Қарашығанақ ісін қадағалайтын өкілін тағайындаған. Ал компаниялар әлі күнге өз төрешілерін тағайындамапты»,-деп жазады Bloomberg.

«Қазақстан тікелей шетелдік инвестиция тарту бойынша рекорд жаңартты»

Грузияның Business Media агенттігі 3 сәуірде Қазақстанның инвестициялық әлеуетіне қатысты мақала жариялады. Онда өткен жылы Қазақстан 28 миллиард доллар тікелей шетелдік инвестиция (ТШИ) тартқанын, бұл соңғы онжылдықтағы рекордтық көрсеткіш екенін атап өткен. Агенттік Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап, 2021 жылы ТШИ көлемі 23,8 миллиард доллар болса, биыл ол көрсеткіш 17,7 пайызға өскенін де сөз еткен.

«Жылдың басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке жеті жыл ішінде кемінде 150 миллиард доллар инвестиция тартуды тапсырды. Ол тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстанға жалпы сомасы 370 миллиард доллардан астам қаржы тартылғанын атап өтті. Елді шетелдік инвесторлар үшін тартымды ету үшін үкімет әрбір инвесторды қолдауға бағытталған бірқатар құрал әзірлеген. 2022 жылы елде стратегиялық инвестициялық келісім енгізілді»,-деп жазады басылым.

«Біз соғысты тоқтатуға көмектескіміз келеді»

2 сәуірде ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Берлинге сапары барысында Deutsche Welle агенттігіне сұхбат берді. Ол әңгіме барысында Қазақстан мен Германия арасындағы энергетикалық байланыс, Қазақстанның Украинадағы жағдайға қатысты ұстанымы және көпвекторлы сыртқы саясаты туралы сөз етеді.

Оның айтуынша, Қазақстан мен Германия арасында энергетика саласындағы ынтымақтастық жиі талқыланады.

«Қазақстан мен Германия арасындағы энергетика саласы бойынша диалог дәстүрлі ресурстарды ғана емес, сонымен қатар энергия ресурстарының жаңа көздерін де қамтиды. Бұл жерде мен Svevind неміс-швед консорциумының Қазақстанмен 2030 жылдан бастап жылына 3 миллион тонна жасыл сутегі өндіретін қуаттылығы 45 гигаватт күн және жел электр станцияларын салуға қол қойған ондаған жылдарға созылатын келісімшарт туралы айтып отырмын», - деді ол.

Сонымен бірге Василенко Қазақстан Украинадағы қантөгісті тоқтатуға және жанжалды реттеуге қол ұшын беруге ұмтылып отырғанын, сондай-ақ бұған қатысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселеде араағайын болуға дайын екенін айтқанын да атап өтті.

«Әлемдік орталық банктер 52 тонна алтын сатып алды»

Биылғы 4 сәуірде Ресейлік «Интерфакс» ақпарат агенттігі «Әлемдік орталық банктер 52 тонна алтын сатып алды» деген материал жариялады. Онда басылым Дүниежүзілік алтын кеңесіне (WGC) сілтеме жасап, дүниежүзілік орталық банктер 2023 жылдың ақпанында 51,7 тонна алтын сатып алғанын жазады.

Фото: Pics-xl / shutterstock.com

Оның ішінде Қазақстан 13,1 тонна алтын сатып, әлемдегі ең ірі алтын сатушы мемлекетке айналған.

Ал әлемдегі ең ірі сатып алушы Қытай болды, ол 24,9 тонна алтын сатып алған. Сонымен бірге алтын қорын толтырған мемлекеттер қатарында Түркия (22,5 тонна), Өзбекстан (8,1 тонна), Сингапур (6,8 тонна) және Үндістан (2,8 тонна) бар.

Әлемнің орталық банктеріндегі алтын қоры он бірінші ай қатарынан өсіп келеді. Қаңтар айында олар 73,7 тонна сатып алған.

«Қазақстан Әзербайжан арқылы өтетін транзиттік дәлізді дамытуға бар күш-жігерін салады»

6 сәуірде ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев Trend агенттігіне берген сұхбатында «Орта дәліз» ретінде белгілі Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытудың Қазақстан мен Әзербайжан экономикасына оң әсерін ерекше атап өткен. Оның айтуынша, Қазақстан бұл бағытты жетілдіруге бар күшін салатын болады.

Фото: en.trend.az

«Біз бұл дәлізді дамыта отырып, елдеріміз арасындағы тауар айналымының айтарлықтай қарқын алғанын көріп отырмыз. Өйткені Қазақстан – Қытай, Еуропалық Одақ пен ТМД елдері үшін негізгі транзиттік мемлекет», - деді министрдің орынбасары Trend тілшісіне.

«Қазақстан тауарлар қозғалысын бақылаудың онлайн жүйесін іске қосты»

Ресейлік іскерлік интернет-портал BFM.ru басылымы Қазақстанда 1 сәуірден бастап ілеспе жүк құжаттарын рәсімдеу, сонымен бірге тауарларды онлайн бақылау жүйесі енгізілгенін жазды. «Осылайша, Астана Ресеймен және Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен көлеңкелі сауданы азайтып, салық шығынын жойғысы келеді»,-делінген мақалада.

Фото: ТАСС

Басылымның жазуынша, электронды шот-фактуралардың толыққанды іске қосылуы әлі қиындық туғызған жоқ әрі жүйе 2020 жылдың желтоқсан айынан бастап сынақтан өткен. Business FM-ге сұхбат берген тасымалдаушылар бұл туралы әлі ешкім шағымданбағанын айтқан.

«Келіспеушіліктерді соғыс арқылы шешетін уақыт емес»

6 сәуірде Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Al Jazeera арнасына берген сұхбатында Ресей-Украина қақтығысын тоқтату үшін дипломатияға жүгінуді ұсынды.

Фото:AFP

«Қақтығысты бейбіт жолмен шешуге деген ұмтылыс біздің ДНҚ-да бар. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін бізге мұра болып қалған әлемдегі төртінші ядролық арсеналды жойдық. Біз ұлттық мүддемізді қорғаудың ең жақсы жолы дипломатия екенін түсінеміз. Біз осы қағидаға адалдық танытып, оны Ресейге, Қытайға және Батыс елдеріне үлгі етуді жалғастырамыз. Бұдан былай Қазақстан ХХІ ғасырда ешқандай «ұлы ойындарды» қолдамайды», - деді Василенко Al Jazeera телеарнасына.

«Қазақстан көппартиялы демократияға бет бұрып жатыр ма?»

Сәуірдің 5-інде Jamestown Foundation басылымында жарияланған мақалада Қазақстандағы жуырда өткен Парламент сайлауына шолу жасалған.

«Кемшіліктерге қарамастан, кезектен тыс парламент сайлауы Қазақстанның саяси жаңғыруындағы маңызды қадам болып отыр. Тәуелсіздік алғаннан бері алғаш рет Мәжіліске алты саяси партия кірді. Бір мандатты округтер бойынша 29 мандат үшін 435 кандидат бақ сынады. Мұның өзі саяси бәсекелестіктің қалыптасып келе жатқанының белгісі», - делінген мақалада.

«Қазақстанның Қамбар-Ата-1 құрылысына қанша инвестиция құятыны белгілі болды»

Қырғыздың Kaktus Media агенттігі 6 сәуірде Қамбар-Ата ГЭС-1 құрылысы жайлы мақала жариялаған. Басылым ҚР Энергетика министрлігі қоғамдық кеңесінің мүшесі Алмаз Әбілдаевқа сілтеме жасап, Қамбар-Ата ГЭС-1 құрылысы біткеннен кейін, Қазақстан Қырғызстаннан жасыл энергия көзін алып, елдің оңтүстігіндегі электр қуаты тапшылығын өтей алатынын жазады.

«Қамбар-Ата ГЭС-1 құрылысы Қырғызстан, Қазақстан және Өзбекстанның энергетикалық қауіпсіздігін де қамтамасыз етеді»,-деді Алмаз Әбілдаев.

«Қазақстанда мұқабасы адам терісінен жасалған жұмбақ қолжазба таныстырылды»

3 сәуірде Daily Sabah газетінде жарияланған мақалада Қазақстанның Ұлттық академиялық кітапханасында сақталған мұқабасы адам терісінен жасалған ерекше қолжазба туралы айтылады. 1532 жылы көне латын тілінде жазылған және адам терісімен қапталған қолжазба елордамыз Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхананың сирек басылымдар мұражайына қойылған.

Фото: АА
Соңғы жаңалықтар