«Шетелдік компанияға қатаң талап қойылады» - БАҚ-қа шолу

АСТАНА. 26 қазан. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 26 қазан, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Шетелдік компанияға қатаң талап қойылады» - БАҚ-қа шолу

***

«Кеше Беларусь астанасы - Минск қаласында ТМД-ға мүше елдер Мемлекет басшыларының кезекті кеңесі болып өтті. Кеңеске Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Ресей Президенті Владимир Путин, Украина Президенті Виктор Янукович, Арме­ния Президенті Серж Саргсян, Молдова Президенті Ни­колаэ Тимофти, Өзбекстан Президенті Ислам Каримов, Тәжік­стан Президенті Эмомали Рахмон, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, сондай-ақ, Қырғызстан Премьер-министрінің орынбасары Жоомарт Оторбаев пен Түркіменстан Үкіметі төрағасының орынбасары Аннамұхаммед Гочыев қатысты», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті сенбілік нөміріндегі «Мүдделер мен мүмкіндіктер екшелген кеңес» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, алқалы жиында сөз алған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз 2014 жылды «ТМД-дағы Туризм жылы» деп жариялауға келістік. Бұл бағытта елдеріміз министрліктерінің қолға алуы­мен тиісті бағдарламалар қабылданды. Бұл бағдарламалар біздің мемлекеттер арасындағы өзара ынтымақтастықты дамытуға серпін береді деп ойлаймыз. Мен «Достастық елдерінің мәдени астаналары» мемлекетаралық бағдарламасының маңызы өте зор деп есептеймін. Келер жылы «Достастықтың мәдени астанасы» атын Қазақстанның Алматы қаласы иеленеді. Біз бұл шараны жоғары деңгейде өткізу үшін әзірлік жұмыстарын жүргізетін боламыз», деді.

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Премьер-Министр Серік Ахметовтің Алматы облысына сапары аграрлы сала жетістіктерін көруден басталып, Жетісуда жүзеге асырылып жатқан серпінді жобалар санатына кіретін «Сарыбұлақ компаниясы» ЖШС-нің 16 мың тоннаға жуық құс етін өндіретін өндіріс орнын, Алматы желдеткіш зауытын да болып, олардың тыныс-тіршілігімен танысты. Сонымен қатар Серік Ахметов Алматы-Қапшағай арасында салынатын G4 City атты спутниктік 4 қала жобасының жүзеге асырылу барысымен де егжей-тегжейлі танысып, шетелдік компания өкіліне қатаң талап қойды. «Негізі бұл жоба жөніндегі тапсырманы Мемлекет басшысы 6 жыл бұрын Алматы облысына келген жұмыс сапарында берген болатын. Сонымен қатар, Корея Республикасының Президенті Ли Мен Бактың Қазақстан Республикасына сапары барысында бекітілгені тағы бар. Елбасының дәстүрлі Жолдауында Алматы қаласының маңынан спутниктік 4 қала Green4 жобасын бастау ұсынылған. Бұл жобаның негізгі мақсаты - Қазақстанды дамыған үстіне дамыта түсу үшін Орталық Азия халықаралық сауда ұйымына енгізу. Сөйтіп, елдің жалпы экономикалық рыноктағы белсенділігін арттырып, туризмді дамытып, экологиялық тепе-теңдікті сақтап, Алматы қаласын өндіріс орындарынан біртіндеп босату арқылы еңбек рыногы мәселелері мен тұрғын үй проблемаларын шешу болып табылады», - деп жазады басылым. Мақала «Шетелдік компанияға қатаң талап қойылады» деген тақырыппен берілген.

***

«Соңғы төрт жылда елімізде темір тұлпар мінушілер 5 есе көбейіпті. Соған сай сатылған көлік саны да артқан. Егер автокөлік саудасы осы бағыттан таймаса, онда 2020 жылға дейін Қазақстан нарығында 2 млн автокөлік сатуға болатын көрінеді», - деп жазады «Айқын» газеті сенбілік санындағы «Кәрі» көлікпен қоштасуға міндеттемек» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, бұл туралы Парламент Мәжілісіндегі «Нұр Отан» партиясы фракциясы жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңестің көшпелі отырысында айтылды. Индустрия және жаңа технологиялар бірінші вице-министрі Альберт Раудың айтуынша, егер 2009 жылы машина құрылысы саласындағы өндіріс көлемі 200 млрд теңге болса, осы жылдың соңында 800 млрд теңгеге жетеді деген үміт басым. Мұны Статистика агенттігінің мәліметі ле растайды. Үстіміздегі жылдың алғашқы 9 айында машина жасаудағы еңбек өнімділігі 2008 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 153 пайызға ұлғайған, таратып айтсақ жеңіл көлік шығару 7,6 есеге тракторлар саны 4,2 есеге өскен. Алайда комбайн құрастыру 467-ден 344-ке дейін, ал аккумулятор өндірісі 6-15 пайызға төмендеген.


Қазақстан соңғы жылдары ағза ауыстыру саласын дамытуға үлкен мән беріп келеді. Осы мақсатта миллиондаған қаржы бөлініп, дәрігерлер шетелден тәжірибе жинақтап, орталықтар қымбат құрал-жабдықтармен жабдықталып жатыр. Алайда қанша тырысқанмен, транспантология саласы бір кедергіден өте алмай келеді. Ол - донор жетіспеушілігі. Осы уақытқа дейін жасалып келген ағза ауыстыру оталарының бәрі науқастың туысқандары ерікті түрде ұсынған ағзалардың арқасында жүзеге асқан. Ал қайтыс болған жанның жүрек, бүйрек, бауыр сынды ағзасын кәдеге жаратуға берілген келісім бірлі-жарым ғана. Осы жайт арқау болған мақала «Айқын» газетінде «Трансплантология саласының түйткілі неде?» деген тақырыппен берілген. Басылым алға тартқан статистикалық деректерге жүгінсек, бүгінгі таңда ел бойынша 3 мыңға жуық науқас бүйрек ауыстыруға, 1 мың адам бауырға, 800 адам «жаңа» жүрекке мұқтаж. Бүйрек пен бауырды туыстан алуға, ал, жүректі тек миы жұмысын тоқтатқан адамдардан алуға болады.