Шетелдік компаниялар қазақстандықтарды жұмысқа қабылдауда шамадан тыс біліктілік талаптарын қойып, ал ол орынға біліктілігі әлдеқайда төмен шетелдіктерді қабылдаған

Бұл туралы бүгін апталық брифингте Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мысалы, Жамбыл облысында «Модуль-Е» ЖШС инженер-технолог қызметіне маман іздеу барысында қазақстандық мамандарға қойған талаптарының ішінде жоғары білімі болуы керектігін көрсеткен. Бірақ, түптеп келгенде ол орынға қызметке сай біліктілігі мен жоғары білімі жоқ қытайлық азаматты қабылдаған», деп атап көрсетті Н.Сүйіндіков.
Прокурорлық тексерулер нәтижелері бойынша еңбек және халықты жұмыспен қамту туралы заңнама бұзылғандықтан, жергілікті атқарушы органдармен шетел компанияларына 680 шетел қызметкерін еңбекке тартуға берілген 589 рұқсат қайта шақыртылып алынған, 347 шетелдікті еңбекке тартуға берілген 227 рұқсаттың күші жойылды.