Шетелдік туркомпаниялар ОҚО-да киіз үйлер қалашығын ашуды ұсынды

Бұл ақпараттық тур 4 күн бойы өтті. Оған Қазақстан, Ресей, Франция, Австралия, Латвия және Араб Әмірлігінің туристік компаниялар өкілдері мен блогерлері қатысты. Делегация Түркістан, Отырар, Сарыағаш аудандарында болып, Шымкенттің көрікті жерлерін аралады.
Қожа Ахмет Йассауи мен Арыстанбаб мазарлары қызығушылық тудырғаны аталып өтілді.
Қонақтарға ұлттық сусындар ұсынып, оны қалай жасайтынын көрсетті. Осы шара арқылы аймақ басшылығы мен «туризм индустриясын дамыту орталығы» қауымдастығы туризмді дамытпақ.
Қонақтар оңтүстіктің туристік мүмкіндіктерін бағалап, ұсыныстарын білдірді. Олар ұлттық нақыштағы киіз үй қалашығы кейпінде қонақүйлер ашуды ұсынды.
Сонымен қатар кәсіби гидтер мен саяхат жүргізушілерді дайындауды ұсынды. Атап өту керек, бұл ақпараттық тур «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне дайындық аясында өтті.
Бабын тапса, оңтүстік өңірінде туристік жобпаларды жүзеге асыруда ұтымды пайдаланатын мүмкіндіктер жеткілікті. Мағжан айтқандай, «ер түріктің бесігі болған Түркістан» қаласын бүкіл түркі жұртының рухани астанасына айналдыруда атқарар шаруа жетіп жатыр.