Шетелдіктер Астананы Қазақстанның Лас-Вегасы деп атайды
Итальяндық Манфреди Николетти бұдан 13 жыл бұрын елордаға ең алғаш рет келгенін жиі еске алады, деп жазады 24.kz.
Сол кездері «Қазақстан» концерт залына арналған ең үздік жобаға халықаралық байқау жарияланған болатын. Николеттидің жобасы осы байқауда жеңімпаз атанды. Римдік сәулетші қазір 86 жаста. Ондаған әсем ғимараттардың авторы. Қазақ даласының оған қатты ұнағаны соншалық, әлі күнге Астана туралы айтудан жалыққан емес.
Ұшақтың терезесінен қазақтың даласына қарағанда таң қалдым. Бұны айтпасқа болмайды. Мен жаңа ғимараттың жобасын сызарда ол жерге, ол аумаққа не жетіспей тұрғандығын көз алдыма елестетемін. Ұшақ ішінде отырғанда мен ол жерге гүлдің жетіспей тұрғандығын түсіндім. Маған концерттік залым осы дала гүлі болуы керектігі идеясы келді, дейді сәулетші Манфреди Николетти.