Шетелдіктер асырап алған қазақ балаларының тағдырынан сыр шертетін бірегей тележоба жалғасын тапты (ФОТО)

«Қазақстан» телеарнасының тілшілері шетелдіктер асырап алған, жат жерде, ортада жүрген қазақтың ұл-қыздарының талайлы тағдырын көзімен көріп келді.
Бұл туралы ұлттық арнаның баспасөз қызметі хабарлады.
Бағдарламаның мақсаты - жат жұртта тәрбиеленіп жатқан қазақтың бір бөлшегін көрсету арқылы оларға туған елі, ұлты, тілі, діні туралы айтып, сәби санасына сәуле түсіру. Хабарда олардың қазіргі өмір сүру ортасы, тағдырлары, тұрмыс деңгейі, болмысы жан-жақты баяндалады. Осы бағдарлама арқылы сыртқа ағылған қазақстандық жетім балалар мен Қазақстан арасында байланыс орнату, туған елден жырақ кеткен балалармен қарым-қатынасты үзбеу көзделіп отыр.
Бағдарлама авторы Еуропада, АҚШ пен Канадада тұрып жатқан 70-ке жуық қазақ баласымен кездесіп қайтты. Алыста жүрген жетімдеріміздің өмірі, арман-мұраты, тағдыр-талайы жүрегі қазақ деп соққан әрбір азаматты алаңдатпай қоймайды. Ұлттық арнаның аталған жобаны бірнеше жыл көлемінде жүзеге асырып келуінің басты себебі де осы.
Жесірін қаңғыртпаған, жетімін жылатпаған ел емеспіз бе?! Ендеше, бұл жобаға бейжай қарамай, шетелдерде қандас бауырларымыз өсіп келе жатқанын ұмытпайық!
Жіберіп алмаңыздар! 7 маусым күні сағат 10.50-де «Қазақстан» телеарнасының эфирінде «Шетелдегі қазақ балалары» жобасының ІІІ маусымын тамашалаңыздар.