Шетелдік азаматтарға ЖСН беру тәртібі өзгереді: eResidency бағдарламасы іске қосылды
АСТАНА.KAZINFORM — 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ҚР шет елдердегі мекемелері шетелдік азаматтарға ЖСН беруді тоқтатады. Бұл туралы Ресейдегі Қазақстан елшілігі хабарлады.
— Шетелдік азаматтарға жеке сәйкестендіру нөмірін беру жөніндегі ағымдағы пилоттық жобаның қолданылу мерзімі 2025 жылғы 31 желтоқсанды қоса алғанға дейін белгіленгенін хабарлаймыз.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ҚР шет елдердегі мекемелері шетелдік азаматтарға ЖСН беруді тоқтатады.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органдары Қазақстан Республикасына бармай-ақ онлайн-форматта шетел азаматтары үшін мемлекеттік қызметтер мен сервистерді алу мүмкіндігін, оның ішінде ЖСН қамтитын цифрлық ID-картаны алуды көздейтін eResidency бағдарламасын енгізгенін хабарлаймыз, — делінген Ресейдегі Қазақстан елшілігі таратқан хабарламада.
Бағдарлама шетелдіктерге Қазақстанда ресми цифрлық мәртебе алуға мүмкіндік береді, ол еліміздің бизнес-мүмкіндіктері мен онлайн-сервистеріне қолжетімділікті ашады.
Аталған бағдарлама келесі қызметтерді алуға мүмкіндік береді:
* Жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) бар цифрлық ID-картаны алу;
* Қор нарықтарына, крипто биржаларға, Қазақстандық нөмірі бар eSIM-ге қол жеткізу;
* Электрондық цифрлық қолтаңбаны және сақтандыру қызметтерін ресімдеу;
* Қазақстандық карталарды пайдалана отырып, онлайн банктік шоттар ашу;
* Барлық төлем қызметтерінің салықтық резиденттігін және эквайрингін алу мүмкіндігі.
Жоғарыда айтылғандардың негізінде, шетел азаматтарына ЖСН алу мәселелері бойынша барлық толық ақпарат қолжетімді болатын ресми сайтына жүгіну ұсынылады.
Айта кетелік СҚО-да шетел азаматтарына заңсыз ЖСН беру деректері анықталды.