Шетелдік БАҚ Пезешкианның Қазақстанға сапарын қалай бағалады
АСТАНА. KAZINFORM — Иран президенті Масуд Пезешкианның Қазақстанға сапары Иран баспасөзінде кеңінен жарияланып, өңірлік және халықаралық БАҚ-та елеулі жаңалыққа айналды. Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі президентердің кездесуі жайлы медиа кеңістікте не айтылғанына шолу жасаған болатын.
Масуд Пезешкианның Астанаға жасаған ресми сапары 10-11 желтоқсан аралығында өтті. Айтулы оқиғаны әлемдік медиа Иранның сауда, транзит және саяси диалогты нығайтуға ұмтылысы деп бағалауда. Орталық Азиядадан жаңа мүмкіндік іздеу жолы деп топшылағандары да бар. Басым дені Ақордадағы ресми қабылдау рәсімін, Қасым-Жомарт Тоқаевпен келіссөз райын, құжаттар пакетіне қол қою барысын жазған. Каспий - Иран - Парсы шығанағы транзиттік-логистикалық байланысы да ерекше назарға іліккен.
Әлемдік және ирандық бұқаралық ақпарат құралдары екіжақты қарым-қатынастың барлық саласын қамтығанға ұқсайды. Басылым беттерін парақтасақ, қазақ-иран байланысының экономикалық өрісі, транзиттік танымы, саяси-символикалық мәні қалыс қалмаған сыңайлы.
Ресми БАҚ баяны
Иранның IRNA ресми ақпарат агенттігі сапардың егжей-тегжейін түбегейлі жазды – Ақордадағы ресми қабылдаудан бастап келіссөздер мен бірлескен баспасөз конференциясының қорытындысына дейін қамтылған. Агенттік президенттер келіссөзін екіжақты қарым-қатынасты нығайтудағы «маңызды қадам» әрі Иран басшысының экономикалық және технологиялық шеңберде жаңа серіктес табуына мүмкінідік берді деп болжауда.
President of Kazakhstan officially welcomes @drpezeshkianhttps://t.co/Dv0e6GTM4b pic.twitter.com/LWpMrxRBE8
— IRNA News Agency (@IrnaEnglish) December 11, 2025
Ал ағылшынтілді ақпараттарда сауда тақырыбына және Пезешкианның жеке секторды дамыту туралы мәлімдемесіне көп көңіл бөлінген.
IRNA Пезешкианның Назарбаев университетіндегі баяндамасына қатысты жеке ақпарат таратыпты. Агенттік Иран президентінің баяндамасындағы «ортақ мәдени-ғылыми мұра» тезисін бөле көрсеткісі келгенін байқадық. Себебі бұл идея – Орталық Азиямен дипломатиялық байланыс туралы сөз бола қалса, Иран медиасы қолданатын дәстүрлі идеологиялық элемент.
Қызығы, интернет-басылым екіжақты қатынастың маңызды тұғыры ретінде медицина саласын қатарға қосқан. Агенттік Иран президентінің вакцина мен дәрі-дәрмекті бірлесіп өндіру, цифрлық денсаулық сақтау, биотехнология және эпидемияға қарсы күрес туралы сөздерін мысалға келтіреді. Мұндай саяси сілтеу тегін емес, Пезешкиан мамандығы бойынша кәсіби дәрігер-кардиохирург және бұрын медицина саласында лауазымды қызметтерде болды.
Дегенмен IRNA-ның парсытілді сайты мен Иран үкіметінің ресми порталы сапар қорытындысын барынша салмақты сараптаған. Қол қойылған құжаттар мен ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі жол картасын серіктестіктің жаңа белесіне балап, Қазақстан – Түрікменстан – Иран желісін балама транзиттік дәліз деп топшылайды.
Ирандық БАҚ үшін Пезешкианның сапары Тегеранның Орталық Азияға бетбұрысын білдіреді, оған қоса санкциялық қысым кезінде аймақпен байланыстың тетігін табуға жасаған амалы екен. Бұл ұстаным рас секілді. Себебі Иран президенті Астанаға сауда әлеуетін ұлғайту үшін «банктік және техникалық кедергілерді» алып тастауды бүкпесіз айтқанын білеміз.
Өз кезегінде Pars Today және Iran Press интернет-ресурстары да Пезешкиан елеулі мәлімдемелерін таратқан. Достас мемлекет басшысының «Иран Қазақстан үшін тиімді әрі табысты транзиттік бағыт» деген ойы, елімізді Орталық Азиядағы негізгі серіктес деп атаған сәті басылымнан жиі ұшырасты. «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық дәлізі, ШЫҰ, ЕАЭО арасындағы сауда-саттық жайы сөз болған. Яғни мұндағы мәліметтердің негізгі өзегі – тағы да транзит.
Иранның консервативті және жартылай мемлекеттік медиалары сапар жайынан тыс қалған жоқ.
Мәселен, Tasnim агенттігі жан-жақты қамтылған ақпараттар легін әзірлеген. Алдымен тарихи-мәдени екпін байқалатын материал алға шығыпты: онда Пезешкианның Қазақстан-Иран қарым-қатынасының «өрлікке толы өткені мен жарқын болашағы» туралы сөзі тақырыпқа арқау болған.
Келесі материалда экономикалық аспектігі ойысқан. Кезекті мақалада агенттік екіжақты тауар айналымы шамамен 40%-ға өскенін жазады. Бірақ бұл деңгейді жеткіліксіз санап, қаржылық шектеулерді еңсеру жолын талқылаған.
Mehr агенттігі сапар барысында қол жеткен келісімдерге үңілген. Мұнда көлік-логистика саласындағы келісімдерінен бастап мәдени байланысқа арналған бағдарламаларға толық тоқталады. Кейбір ақпаратта агенттік Пезешкианның сөзін қайталап, Иранды Қазақстанның «негізгі құрлық бағыты» деп атайды.
ABNA агенттігі сапарды геосаяси ахуал арқылы байланыстыруға тырысқандай. Олардың нұсқасында Қазақстан мен Иран – Ирак, Армения және Түркіменстанмен байланыстыратын сауда дәлізі. Оған қоса жеке сектор мен логистикалық инфрақұрылымды кеңейту болашақ сауда-саттықтың драйверіне айналуы ықтимал.
Fars агенттігі инфрақұрылым сүрлеуімен жүрген екен: Каспийде бірлескен кеме қатынасы консорциумын құру, Ақтау портында энергетикалық жобаларды жүзеге асыру, аграрлық логистиканы кеңейту жоспары жазылған. Келіссөздер қорытындысы бойынша қол қойылған тоғыз құжаттың тізімі қоса ұсыныпты. Мақала ауанына зер салсақ, негізгі аудитория Иран қоғамы сынды. Өйткені мақалада Астанамен байланысты нығайту Иран үшін неліктен маңызды екені тарқатылған.
Ағылшын тіліндегі Tehran Times газеті Пезешкианның сапарын Иранның Орталық Азия саясат ытұрғысынан беруге тырысқан. Мұнда президенттердің кездесуі – Тегеранға өңірдегі экономикалық үлесін ұлғайтуға мүмкіндік беретін қадам. Жеке сектордың рөліне және Пезешкианның Ашхабад сапарына берілген маңыз басым.
President @drpezeshkian called for closer ties with Kazakhstan in meeting with his counterpart in Astana
— Tehran Times (@TehranTimes79) December 11, 2025
🔺Pezeshkian: Tehran, Astana trade roadmap aims for 3 billion dollar exchange pic.twitter.com/11hTQrV6hc
Халықаралық және өңірлік БАҚ-тарды айтпай кетуге болмас.
Anadolu түрік агенттігі Пезешкианның Астанаға ат басын бұруын Орталық Азиядағы белсенділікті арттыру деп сипаттайды. Anadolu атап өткендей, Астанадағы келіссөздер саудадан логистикаға дейінгі кең ауқымды мәселелерді қамтыды. Материалда Пезешкианның Түркіменстанға сапарын жалғасын тапқан.
Катарлық The Peninsula газеті тараптардың ресми мәлімдемесіне сүйенеді. Қазақстан мен Иран экономика, көлік және мәдениет саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге уағдаласқанын айтқан. Сондай-ақ ақпараттарда автор Таяу Шығыс аудиториясы үшін аса маңызды саналатын өңірлік тұрақтылық тақырыбы жанай өткен.
#Iran and #Kazakhstan have emphasized the need to strengthen bilateral cooperation across a range of sectors, according to a joint statement issued at the end of Iranian President Masoud Pezeshkian's visit to Astana.https://t.co/vFOKR5PEZ2
— The Peninsula Qatar (@PeninsulaQatar) December 11, 2025
WANA (West Asia News Agency) Қазақстан-Иран арасындағы тауар айналымын 3 млрд долларға жеткізу жайын жазады. Агенттік Иран халқына жақын ұстаныммен «тарихи негізге сүйенген достық» идеясын алға тартқанын көреміз. Бастысы, қол қойылған келісімдер кедергісіз орындалу керек деп түйінделіпті.
Израильдік Jerusalem Post басылымы Пезешкианның сапарын өңірлік саяси көзқарас төңірегінде бағамдауда. Газет кездесуді Иранның Орталық Азиямен байланысын талдап және Қазақстанның Авраам келісіміне қатысушы елдермен қарым-қатынасты дамытып жатқан сипаттай жазыпты. Мұндай тәсіл Таяу Шығыстағы бәсекелестіктің жаңа бедерін көрсетеді.
APK-Inform мамандандырылған аграрлық агенттігі салааралық жаңалықтарды жеке көрсеткені ұнады. Әсіресе Қазақстан Иранға арпа экспортын ұлғайтуға дайын екенін оң бағалап отыр. Бұл салалық БАҚ-тың өзі сапардан нақты экономикалық нәтиже көріп отыр дегенді білдіреді.
Iran Front Page сапардың салтанатты бөлігін, Ақордадағы кездесудің егжей-тегжейімен шектелген. Қос тарап сауда-экономикалық, көлік және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты дамытуға ниетті екенін жеткізеді. Ақпараттың ерекшелігі – орнықты, тексерілген ақпараттар басым және ағылшынтілді қауымға лайық жазылған.
Қорыта айтсақ, БАҚ үшін Пезешкиан сапары Иранның Орталық Азиямен байланысын нығайтуға жасаған қадамы ретінде бағаланды. Иранның бұқаралық ақпарат құралдары мен консервативті басылымдары Қазақстанды сауда, транзит төңірегіндегі достас ел қатарынан көргісі келеді. Ал халықаралық медиа үшін Иранның Орталық Азияға қызығушылығының саяси астары басым.