Шетелдік БАҚ-тағы Қазақстан: Байден Қазақстанға келе ме, Германияға мұнай жеткізу және Үндістанға жаңа рейстер

Осы аптада шетелдік БАҚ беттерінде ҚР Президентінің Берлинге сапары, Германияға мұнай жеткізу көлемін арттыру мәселесі, Мемлекет басшысының Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясындағы ұсыныстары, Алматы мен Дели арасында ашылатын әуе рейстері, сонымен қоса Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1 қыркүйектегі Жолдауына қатысты мақалалар легі жарияланды. Толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының шолуында.

Тоқаев Германияда
Фото: akorda.kz

Reuters: Қазақстан Германияға мұнай көлемін жеткізуді арттыруға дайын – Президент

28 қыркүйекте Reuters ақпарат агенттігі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Берлинде Германия канцлері Олаф Шольцпен кездескені туралы жазды.

Басылымның жазуынша, Президент Тоқаев келіссөздерден кейін Қазақстан Германияға мұнай көлемін жеткізуді арттыруға дайын екенін хабарлады.

Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Қазақстан Германияның Schwedt мұнай өңдеу зауытына ресейлік «Достық» құбыры арқылы 500 мың тонна мұнай жеткізгенін айтты. Президенттің сөзінше, Берлин ресейлік мұнайды сатып алуды тоқтату туралы шешім қабылдағаннан кейін Германияға Қазақстан өз мұнайын сата бастаған.

«Германиялық достарымыздың өтініші бойынша жеткізілетін мұнай көлемін ұлғайтуға, оның ұзақмерзімді болуын қамтамасыз етуге еліміздің дайын екенін растадым»,-деді Қазақстан Президенті брифингте.

The Jerusalem Post: БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне «Орта державаларды» қабылдау прогреске жол ашар еді – пікір

28 қыркүйекте израильдік The Jerusalem Post басылымында БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұйымның Қауіпсіздік Кеңесі жұмысын модернизациялауға қатысты ұсынысы төңірегінде материал жарық көрді.

«Геосаяси ландшафтың өзгеруі және жаһандық проблемалардың шиеленісіп тұрған шағында Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің рөлі артып отыр. Дегенмен оның құрамы Екінші дүниежүзілік соғыстан бері өзгеріссіз қалып отыр, бұның қазіргі заманға сәйкес келмейтіні айтылып, сынға көп ұшырап жатыр. Қауіпсіздік Кеңесіне реформа жасау туралы ұсыныстар әсіресе биылғы БҰҰ Бас Ассамблеясында көп айтылды. Мәселен, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесін реформалау керегін айтты»,-деп жазады басылым.

Кеңестің жаһандық проблемалар мен қақтығыстарды шеше алмай отырғанын алға тарта отырып, Тоқаев БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауда маңызды рөл атқара алуы үшін оның құрамында басқа елдер, соның ішінде Қазақстан да болуы керек екенін атап өтті.

«Америка Құрама Штаттары, Ресей және БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш те көпжақты институттарды модернизациялау және қазіргі әлемнің келбетін жақсырақ көрсету үшін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін реформалаудың қажеттігін атап көрсетеді. Бұл тек академиялық талқылауларды ғана емес, сонымен қатар бүгінгі күрделі геосаяси ортаға бейімделудің нақты қажеттілігін көрсетіп отыр»,-деп жазады мақала авторы.

Trend: АҚШ Президенті Джо Байден Қазақстанға келуі мүмкін

Байден Қазақстан
Фото: Trend

 

29 қыркүйекте әзербайжандық Trend агенттігі АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Дэниел Розенблюмге сілтеме жасап, АҚШ президенті Джо Байден Қазақстанға келуі мүмкін деп хабарлады.

Басылымның жазуынша, елші Джо Байден Қазақстанға келе ме ол туралы нақты ақпараты жоқ екенін айтқан, бірақ мұндай мүмкіндікті жоққа шығаруға болмайды.

«Мен мұндай мүмкіндік бар екенін айтқым келеді. АҚШ-тың жоғары басшылығы Қазақстан мен Орталық Азияға үлкен қызығушылық танытып отыр, сондықтан мұндай сапардың болып қалуы әбден мүмкін», - деді ол.

Тәуелсіздік алғалы Қазақстанға Америка басшылары келген жоқ.

Еске салайық, 20 қыркүйекте Нью-Йоркте «С5+1» саммиті өтіп, оған АҚШ президенті Джо Байден мен Орталық Азия бес елінің президенттері қатысқан еді.

Modern Diplomacy: Қазақстан экономикасының жаңа бағыттары

Осыдан бір апта бұрын Modern Diplomacy басылымында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1 қыркүйектегі Жолдауына қатысты мақаласы жарияланды.

«Қыркүйектің 1-і күні Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел дамуының басым бағыттарын белгілеген Жолдауын жариялады. Президенттің ең алдымен Қазақстан экономикасының жаңа бағыттарына қатысты сөзі мемлекеттік органдардың, соның ішінде елдегі квазимемлекеттік органдарға айтарлықтай әсер етеді»,-деп жазады агенттік.

Автор Мемлекет басшысының негізгі экономикалық бағыттарына талдау жасайды. Оның ішінде тарифтік саясатты қайта қарау мәселесіне, геологиялық барлау жұмыстарына, алдағы бес жылға арналған энергетика саласындағы мақсаттар туралы, сонымен қоса көлік және логистика саласына кеңірек тоқталып өткен.

Caspian News: Қазақстан азық-түлік жеткізуші аймақтық хабқа айналуға дайын - Президент

Тоқаев БҰҰ
Фото: akorda.kz

 

24 қыркүйекте Caspian News ақпарат агенттігі ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясында көтерген азық-түлік қауіпсіздігі мәселесіне тоқталып өткен.

«Біз халықаралық қауымдастықтың азық-түлік дағдарыстарына төтеп беру шараларын қаржыландыруына ашық мониторинг жүргізуді бірлесіп қамтамасыз етуіміз керек. Қазақстан азық-түлік жеткізуші аймақтық хабқа айналуға дайын. Ол үшін бізде барлық қажетті ресурс, инфрақұрылым және логистика бар»,-деді Президент.

Басылым Қазақстанның астық өндіруден әлемде жетінші орында тұрғанын атап өтеді.

«Қазақстанның шамамен 202 миллион гектарын немесе ел аумағының 74%-ын ауыл шаруашылығы жерлері алып жатыр. Бұл ауылшаруашылық алқаптарының көлемі бойынша Қазақстанды әлемдегі ең ірі елдердің біріне айналдырып отыр. Географиялық орналасуы мен климаты дәнді дақылдарды өсіруге қолайлы жағдай жасайды. Қазақстанның негізгі астық өндіретін аймақтары – Қостанай, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстары, сонымен қатар Шығыс Қазақстан, Абай облыстары мен Павлодар қаласында да ірі өндіріс жұмыстары жүргізілуде»,-делінген мақалада.

The Travel News Asia: Үндістандық IndiGo әуе компаниясы Дели мен Алматы арасында рейстер ашпақшы

25 қыркүйекте The Travel News Asia агенттігі үндістандық IndiGo Airlines әуе компаниясы Дели мен Алматы арасында әуе рейстерін ашқанын хабарлады. Аталмыш әуе компаниясы осы бағыт бойынша аптасына үш рет: Делиден сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері, Алматыдан сәрсенбі, жұма және жексенбі күндері рейстер орындайды.

«6E 1801 рейсі Делиден осы күндері сағат 20:50-де ұшып шығып, келесі күні 01:05-те Алматыға жетеді. Ал кері бағыттағы рейс 6E 1802 Алматыдан сағат 02:05-те ұшып, Делиге 05:10-да жетеді»,-деп жазады басылым.

«Біз Делиден Алматыға (Қазақстан) рейстерді ашуға қуаныштымыз»,-деді IndiGo компаниясы сату бөлімінің басшысы Винай Малхотра. «Алматы – Қазақстанның ірі сауда, қаржы және мәдени орталығы, сонымен қатар елдегі халқы ең көп шоғырланған және космополит қала. Бұл жаңа бағыттың іске қосылуы кеңейіп жатқан халықаралық желімізді одан әрмен нығайтады, ең бастысы, Орталық Азиямен байланысымызды арттырады».

Соңғы жаңалықтар