Шетелдік БАҚ Тоқаевтың Шанхайға сапарының қорытындыларын қалай бағалады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Шанхайға жасаған сапары аяқталды. Онда Мемлекет басшысы Дүниежүзілік жасанды интеллект жөніндегі конференцияға қатысып, Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөздер өткізді. Сапар мен қол жеткізілген келісімдер Еуропа, Азия, АҚШ, Ресей және ТМД елдерінің кемінде 42 бұқаралық ақпарат құралында кеңінен жарияланды.
Reuters: Қазақстан жасанды интеллект саласындағы екі бастаманы қатар қолдаған жалғыз ел
Reuters агенттігі Шанхайда өткен Дүниежүзілік жасанды интеллект жөніндегі конференция туралы екі көлемді сараптамалық материал жариялады. Олардың бірінде Қазақстан АҚШ-тың AI Opportunity Statement бастамасына да, Қытай құрған Дүниежүзілік жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық ұйымына да бір мезгілде қосылған жалғыз мемлекет екені атап өтілген. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш пен Тайланд Премьер-министрі Анутин Чанвиракунмен қатар конференцияның негізгі шетелдік қатысушыларының бірі ретінде аталды.
Financial Times: Қытай Қазақстанмен цифрлық экономика және ЖИ технологияларын бөлісуге дайын
Financial Times басылымының жазуынша, Си Цзиньпин Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуде Қытай Қазақстанның цифрлық трансформациясына қолдау көрсету мақсатында цифрлық экономика мен жасанды интеллект технологияларын бөлісуге дайын екенін мәлімдеген. Сондай-ақ, басылым Дүниежүзілік жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық ұйымының құрылғанын және оған шамамен 30 мемлекет қосылғанын хабарлады.
Euronews: Қазақстан мен Қытай 11,4 млрд еуро көлемінде келісімдерге қол қойды
Euronews Қазақстан мен Қытай жалпы құны 13 миллиард АҚШ долларынан (11,4 миллиард еуродан) асатын 70-тен астам коммерциялық келісім жасасқанын жариялады. Олардың қатарында мына жобалар бар: Орталық Азиядағы алғашқы аккумулятор зауытын CATL компаниясымен бірлесіп салу; Алматы облысында гидроаккумуляциялық электр станциясын және Құрық портында көпфункционалды терминал салу.
Басылым екі ел арасындағы тауар айналымының 49 миллиард долларға жеткенін, ал Қытай инвестициясының көлемі 30 миллиард доллардан асқанын атап өтті. Сонымен қатар, Smart Cargo платформасын дамыту, Алатау қаласын өркендету және 2027–2030 жылдарға арналған сауда-экономикалық ынтымақтастықтың Жол картасы туралы қамтылды.
Italian.people: Си Цзиньпиннің Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуі
Италиялық Italian.people басылымы Тоқаев пен Си Цзиньпиннің кездесуі жөнінде хабар таратты. Мақалада екі елдің сауда, электрондық коммерция, энергетика, пайдалы қазбаларды өндіру және көлік салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ тікелей әуе рейстерінің санын көбейтуге ниетті екені жазылған.
NHK: Қытай жасанды интеллект саласында көшбасшылыққа ұмтылады
Жапонияның NHK телеарнасы Дүниежүзілік жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық ұйымын құру туралы келісімге Қазақстанды қоса алғанда 29 мемлекет қол қойғанын хабарлады. Жаңа ұйымның штаб-пәтері Шанхайда болады.
Телеарна Қытайдың халықаралық қауымдастықты біріктіріп, жасанды интеллектіні дамыту және оны пайдалану қағидаларын қалыптастыруға ұмтылып отырғанын атап өтті.
Анадолы: Қазақстан бейбітшілікті сақтау үшін ЖИ саласында серіктестерімен ынтымақтасуға дайын
Түркияның «Анадолы» агенттігі Тоқаевтың конференциядағы баяндамасына кеңінен тоқталды. Материалда Мемлекет басшысының Дүниежүзілік жасанды интеллект ұйымының алғашқы отырысын Астанада өткізу және ұйымның Орталық Азиядағы өңірлік өкілдігін Қазақстанда ашу, сондай-ақ, Қазақстан–Қытай цифрлық көпірі» бастамасын іске қосу ұсыныстары қамтылды.
Сонымен бірге, жарияланымда Тоқаевтың мынадай бастамалары жөнінде жазылды: ЖИ-ді реттеу, стандарттау және этика мәселелері бойынша тұрақты халықаралық сарапшылар платформасын құру; жаңа ұйым аясында мектептер, ғылыми орталықтар және академиялық әріптестік желісін қалыптастыру; Алматыда БҰҰ Азия және Тынық мұхиты үшін Экономикалық және әлеуметтік комиссиясы жанындағы Азия-Тынық мұхиты цифрлық шешімдер орталығын ашу; келесі жылды Қазақстан мен Қытайдың ЖИ саласындағы бірлескен бастамалар жылы деп жариялау.
Baird Maritime: Қытай компаниясы қазақстандық Құрық портында жаңа мультимодальды хаб салады
Аустралиялық Baird Maritime басылымы Guoyou Materials Industry Group компаниясының Құрық портында мультимодальды көлік кешенін салатынын хабарлады. Бұл кешен Еуропа, Орталық Азия және Азияның басқа да аймақтарын байланыстыратын маңызды логистикалық торапқа айналмақ.
Жобаның алғашқы кезеңі аяқталған соң, оның жүк өткізу қабілеті жылына 15 миллион тоннаға жетеді. Жарияланымда бұл жоба Қазақстанның экспорттық және транзиттік әлеуетін арттыратыны және Транскаспий халықаралық көлік бағытында Құрық портының маңызын күшейтетіні жазылған.
Қазақстан Президентінің сапары жөнінде Қытай БАҚ-тары не жазды
China Daily Си Цзиньпиннің Қазақстанмен стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға шақырғанын жазды. Мақалада Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин Шанхайда кездескені қамтылған. Басылымның хабарлауынша, Қытай көшбасшысы екі елдің даму стратегиясының байланысын нығайтуды, сауданы кеңейтуді және бірлескен жобаларды жүзеге асыруды жеделдетуді ұсынды.
Перспективалы бағыттар ретінде энергетика, пайдалы қазбаларды игеру, трансшекаралық электрондық сауда, халықаралық автотасымал және тікелей әуе қатынасын кеңейту аталды. Сонымен бірге, Си Цзиньпин Қытай цифрлық экономика мен жасанды интеллект технологияларын Қазақстанмен бөлісуге дайын екені мәлімдеді.
Global Times: Baidu Қазақстанда пилотсыз автокөліктер енгізу мүмкіндігін зерттейді
Global Times басылымы Baidu компаниясының Apollo Go жүргізушісіз такси қызметі мен Turlov Private Holding арасында меморандумға қол қойылғанын хабарлады. Тараптар Қазақстанда пилотсыз көлік технологиялары мен қызметтерін енгізу мүмкіндігін қарастырады. Келісім Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясы алаңында жасалды.
Аталған басылым мәліметінше, жоба іске асса, Қазақстан Қытайдың жүргізушісіз көлік технологияларын қабылдаған Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет болады. Қазіргі таңда Apollo Go қызметі Қытайдың 27 қаласында жұмыс істейді және жалпы сапар саны 22 миллионнан асқан.
CGTN: Қазақстан Президенті Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясына қатысу үшін Шанхайға келді
Қытайдың CGTN телеарнасы Тоқаевтың Шанхайға барғаны жөнінде жеке материал дайындады. Онда Қазақстан ЖИ-ге бөлінетін қаржыны ұлғайтып, Орталық Азиядағы жетекші технологиялық орталықтардың біріне айналуды көздеген ел ретінде көрсетіледі.
Материалда Қазақстандағы мынадай бастамалар аталады: 2026 жылдың Жасанды интеллект және цифрлық даму жылы болып жариялануы, профильдік министрліктің құрылуы, ЖИ туралы заңның қабылдануы. Сонымен қатар, есептеу инфрақұрылымын дамыту жоспарлары баяндалады. Ал негізгі жобалардың бірі ретінде халықаралық технологиялық компаниялар мен инвестицияларды тартуға бағытталған Data Center Valley аталды.
Синьхуа: Си Цзиньпин Қазақстан Президентімен кездесті
«Синьхуа» агенттігі Тоқаев пен Си Цзиньпин келіссөздерінің қорытындысында Қазақстан мен Қытай стратегиялық әріптестікті нығайтып, іс жүзіндегі ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге келіскенін хабарлады.
Басым бағыттар қатарында трансшекаралық электрондық сауда, энергетика, пайдалы қазбаларды өндіру, тікелей әуе қатынасы, халықаралық автокөлік тасымалы аталды. Сонымен қатар Қытайдың Қазақстанға цифрлық экономика мен жасанды интеллект технологияларын ұсынуға дайын екені жөніндегі Си Цзиньпин мәлімдемесі қамтылды.
Сапар жөнінде ТМД елдерінің БАҚ-тары қандай ақпарат таратты
Ресейдің «Интерфакс» агенттігі Тоқаевтың жасанды интеллектіні реттеу, стандарттау және этика мәселелері бойынша тұрақты халықаралық сарапшылар платформасын құру жөніндегі ұсынысына назар аударды. Бұл бастаманы Мемлекет басшысы Шанхайда өткен Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясында мәлімдеген еді.
Сонымен қатар, басылым Тоқаевтың Дүниежүзілік жасанды интеллекті ұйымы аясында мектептер, озық тәжірибе орталықтары және академиялық серіктестік желісін қалыптастыру қажет екені жөніндегі ұсыныстарына тоқталды. Өйткені, олар жас ұрпақтың цифрдық қабілеттерін, сыни ойлауын және технологияларға деген жауапкершілігін күшейтеді.
АЗЕРТАДЖ: Тоқаев Еуразияның бірыңғай цифрлық көлік кеңістігін құруды ұсынды
Әзербайжанның АЗЕРТАДЖ агенттігі Қазақстанның Қытайды Орталық Азиямен, Кавказбен, Таяу Шығыспен және Еуропамен байланыстыратын негізгі көлік-логистикалық торапқа айналу жоспары туралы жазды. Материалда Қазақстан арқылы өтетін 13 халықаралық көлік дәлізі, Қытай мен Еуропа арасындағы теміржол жүк тасымалының 85 пайызы Қазақстан арқылы жүзеге асатыны, Smart Cargo цифрлық платформасы негізінде Еуразияның бірыңғай цифрлық көлік кеңістігін қалыптастыру бастамасы атап өтілді.
Агенттік Smart Cargo платформасына да назар аударды. Ол кедендік, логистикалық және коммерциялық қызметтерді бірыңғай цифрлық терезеде біріктіруі тиіс. Бұл жоба енгізілсе, Еуразияның жалпы цифрлық көлік кеңістігінің негізі болады.
Fergana: Қазақстан мен Қытай Шанхайда құны 15 млрд доллардан асатын келісімдерге қол қойды
Өзбекстанның Fergana басылымы Қазақстан мен Қытайдың жалпы құны 15 миллиард доллардан асатын 70-тен астам коммерциялық келісімге қол қойғанын хабарлады. Келісімдер жасанды интеллект, цифрландыру, көлік, машина жасау, қаржы, ауыл шаруашылығы, логистика салаларын қамтиды.
Басым жобалар қатарында Екібастұздағы Data Center Valley, Алатау қаласын дамыту аса маңызды минералдарды өңдеу бастамалары аталды.
Сонымен қатар, жарияланымды Huawei, Geely, Li Auto және басқа да қытайлық компаниялармен жасалған келісімдер қамтылды. Бұл құжаттар электр көліктеріне арналған инфрақұрылымды дамыту, Қазақстанда автокөлік өндірісін жолға қою, Құрық портында терминал салу, робототехника, телекоммуникация, білім беру және жасанды интеллект салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыруды көздейді.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан мен Қытай мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестіктің жаңа кезеңіне өткені жөніндегі саясаттанушы пікірін жариялағанбыз.