Шетелдік филиалдар, ҰБТ реформасы – Қазақстан жаһандық білім нарығын қалай бағындырмақ
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан шетелге шикізат қана емес, жоғары білім экспорттап, академиялық хабқа айналуды көздеп отыр. Еліміз әлемнің 40 университетімен серіктес болып, шетелдік жоғары оқу орындарының 33 филиалын ашып үлгерді. Алдағы 4 жылда Қазақстанда оқитын шетелдік студенттер саны 100 мыңға жетіп, триллиондаған теңге табыс түспек. Ендеше академиялық туризм орталығына айналудың алғышарты қандай – Jibek Joly телеарнасының арнайы репортажынан шолу ұсынамыз.
Президент қытай тілін меңгерген университет филиалы Астанада ашылды
Бейжің тіл және мәдениет университетін «кішігірім БҰҰ» деп атайды. Өйткені 63 жылдық тарихында 176 елдің 300 мыңдай азаматына қытай тілін үйреткен. Соның ішінде Қазақстан Президенті де бар. Қасым-Жомарт Тоқаев 1983-84 жылдары осы университеттің Бейжіңдегі орталығында тағылымдамадан өткен. Қ. Тоқаевтың тағылымдамадан өткенін дәлелдейтін құжаттың көшірмесі университет директоры Лю Сяньцяньнің кабинетінде тұр. Ол қытай тілін оқытудың ең үздік әдістемесі мен нұсқаулықтарының авторы. Оның еңбектері Америкада кең таралған. Астанадағы филиал Қазақстан мен Қытайдың стратегиялық серіктестігінің жемісі ғана емес, Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке тәжірибесінің нәтижесі,- дейді ол.

– Біздің филиалдың ашылу салтанаты 2024 жылы 3 шілдеде Ақордада өтті. Ресми рәсімге Қазақ Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай төрағасы Си Цзиньпин қатысты. Былтыр қазан айында 100 студентті қабылдадық. Олар Foundation әдістемесі бойынша оқуды бастады. Арнайы бір жылдық дайындықтан кейін студенттер қытай тілінен емтихан тапсырды. Сәтті тапсырғандар бакалавриат бағдарламасына қабылданды. Біз Қазақстан мен Орталық Азия үшін кәсіби аудармашылар мен тіл мамандарын даярлаймыз. Мәдениетаралық коммуникация саласында жоғары білікті кадрлар әзірлейміз, – дейді BLCU Kazakhstan директоры Лю Сяньцян телеарнаға берген сұхбатында.
Бейжің университетінің филиалында 6 қытайлық профессор, 3 жергілікті оқытушы сабақ береді. Соның бірі Бауыржан Тілеуметұлы. Ол Ақмола облысы Степногорск қаласының тумасы, қытай тілі филологиясын Қарағанды университетінде оқыған. Жоғары мемлекеттік саясат мамандығының магистратурасын, Сингапурдың тағылымдамасымен түйіндеген. Қытай тілі әлемдегі алып нарыққа жол ашатынын жастайынан білген.

– Болашақта осы филиалда қытай тілін білетін, қытайлармен жұмыс істей алатын болашақ буынды тәрбиелеп жатырмыз. ҚХР еліміздің стратегиялық серіктесі боп есептеледі. Бұлармен экономикалық серпіліс әкелу үшін үздіктерден үйренуіміз керек. Ал үздіктерді білу үшін біз бұлардың мәдениетін, тілін жетік білуіміз керек. Сонда ғана біз өзіміздің даму үрдісін тоқтатпай, ары қарай жоғарылатып, тездетіп, жаңа буынды тәрбиелеп, болашақта олар елімізге үлкен серпіліс әкелетініне сенемін, – дейді Бауыржан Тілеуметұлы.
Бейжің университетінің әлемде үш-ақ филиалы бар. Бірі Токиода, екіншісі Бангкокте орналасқан. Ал Астанадағы кампус Орталық Азияға ортақ секілді. Келесі жылы көрші елдерден келгендерді қабылдайды. Шетелдіктер ақы төлеп оқиды. Ал қазақ жастары тегін түсе алады. Өйткені биыл үкімет қытай тілі мұғалімдерін дайындауға 30, ал аудармашыларды әзірлеуге 50 грант бөлді. Түлектер бір емес, қос бірдей диплом алып шығады. Одан бөлек Foundation бағдарламасына 152 студент қабылданған.

Кардифф университеті филиал ашу үшін Қазақстанды таңдады
Білім мен ғылымда шекара жоқ, бұл барлық елге ортақ стратегиялық маңызды сала. Ал университеттер – озық ой мен жаңа идеялардың ордасы, ғылыми ізденістің ортасы. Онсыз ешқандай даму да, өркендеу де болмайды. Мемлекет басшысы «Қазақстан – академиялық білім аймағы» стратегиялық серіктестер форумында осылай деді.
– Қазақстан білім-ғылым жүйесін дамытуға айрықша мән беріп отыр. 2019 жылдан бері осы салаға бөлінетін қаржы үш есе ұлғайды. Елімізде жоғары оқу орындарының дербестігі артып келеді, зерттеу университеттері көбеюде. «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заң қабылданды. Президент жанынан Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құрылды. Мемлекет ғалымдарға, әсіресе, жас зерттеушілерге барынша қолдау көрсетуде. Жоғары білімнің барша азаматқа бірдей қолжетімді болуы – өте маңызды міндет, – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондықтан да Қазақстан жаһандық білім нарығының бір бөлігіне айналуды көздеп отыр. Ол үшін әлемдік деңгейдегі университеттердің филиалдары ашылады. Шетелдік студенттерге виза режимі жеңілдейді. Үздік түлектердің тұрақтап қалуына жағдай жасалады. Жұмыспен қамту бағдарламасы іске қосылады. Ең басты шешуші фактор - елдің саяси тұрақтылығы мен инвестициялық тартымдылығы.

Іргетасы осыдан 150 жыл бұрын қаланған Кардифф университетінің Ұлыбританиядан тыс жерде бірде-бір филиалы болмаған. Алғашқы кампусын Астанадан ашты. Өйткені олар Қазақстанның Орталық Азияда көші ілгері екенін көрді, сол көшке ілесу үшін басқа елдердің бет түзейтінін білді. Қазір мұнда 316 қазақ баласы оқып жүр. Олардың бәрі астаналық емес, 66 пайызы – шалғай өңірлердің өрендері. Өз білімдерімен мемлекет грантын жеңіп алған.
– Бұл бір жарым ғасыр бойы зерттеуге бағытталған университет. «Сименс» сияқты үлкен корпорациялар өзінің зерттеу жобаларын осындай университетте жасайды. Бір ғана мысал, жақында ғана «Астра Зенека» атты фармацевтикалық компания бой көтеріп жатыр. Халықаралық деңгейдегі компания өзінің ориенти жобасын Кардифф университетінің базасында жасауды жоспарлап отыр. Болашақта жаңа кампусымен бой көтерген үлкен жобалар күтіп тұр, – дейді Cardiff university Kazakhstan вице-провосты Талғат Жүсіпбек.

Кардифф филиалының студенті Ару Маралтайқызы АҚШ-қа баруды армандаған. Гарвард, Принстон, Корнелл секілді көне ғимаратта оқимын деп жүргенде, әйнегі жалт-жұлт еткен Астанадағы су жаңа кампустан бір-ақ шықты. Өйткені кішкентай қыз баласын ата-анасы алысқа жібергісі келмеді. Оның үстіне Рассель тобына кіретін элиталы университтің дипломын осында да-ақ алуға болады. Ол 4 жылда құрылысшы инженер болып шығады.
– Кардифф университетінің кітапханасы – Қазақстандағы ең үлкен онлайн кітапхана. Біз кез келген кітапты қарай аламыз, егер ол бізде болмаса, басқа Рассел университеттерінен сұраныс жасап, ала аламыз. Бастапқыда университетте ешбір клуб болмаған еді. Егер бір еңбекке барыңды салсаң, ол жаңына жақын боп қалады. Мен осында шахмат клубын аштым. Аспаздар клубын қалыптастырдым. Одан бөлек, қайырымдылық көрмелері өтеді. Бір топта болмасақ та, студенттер арасында байланыс орнайды, – дейді Ару Маралтайқызы.

180 жылдық тарихы бар Ұлыбритания университеті
Осыдан 180 жыл бұрын Ұлыбританияның Кавентри каласында құрылған университет те Астанада су жаңа кампусын ашты. Мұнда әлемдік деңгейдегі ІТ, қаржы, бизнес мамандарын даярлайды. Кампустың архитектурасы мен ішкі дизайнынан, жастардың жүріс-тұрысынан терең білім, креативті идея, дамылсыз ізденіс пен еркіндік байқалады. Британиядан келген басшылар да студенттердің досы секілді.
– Біз әр студентке үлкен көңіл бөлеміз. Мен өзім кампуста көп уақыт өткіземін, студенттермен сөйлесемін, олардың бізді, біздің оларды танығанымыз өте маңызды. Студенттер біздің қолдауымызды әрдайым сезінуі тиіс. Біз олардың оқуына да, жалпы жағдайына бей-жай қарамаймыз. Әрқайсын жеке танимыз және егер біреу сабаққа келмей қалса, міндетті түрде себебін анықтаймыз. Студенттер стресс пен басқа да психологиялық қиындықтарға тап болса, әсіресе, емтихан кезеңінде қолдау көрсететін кеңесшіміз бар. Топтардағы студенттер саны 25 адамнан аз. Әр студенттің жеке тьюторы және академиялық жетекшісі бар, – деді Coventry univesrity Kazakhstan академиялық директоры Симон Этерон.

Университет студенті Дария Кәкімжанова 2-3 айда 5-6 хакатонға қатысып үлгерді. Мұндай жарыстар компьютерлік ғылымдарды меңгеріп жатқан жастардың білімін ұштайды, қабілетін шыңдайды. Университетте ғылыми жобалармен айналысуға бар жағдай жасалған. Соның нәтижесінде Дарияның «энергия үнемдейтін дроны» республикалық байқауда үздік танылды.
Қазір мұнда Дария секілді 400-ден астам студент оқып жүр. Оның 280-і дайындық курсында. Университетте фаундейшннен бастап, бакалавриат пен магистратураға дейінгі түрлі бағдарламалар бар.
– Әр жаз сайын біздің студенттеріміз Ковентри қаласындағы жазғы мектепке бара алады. Онда Ұлыбританияда оқитын студенттермен, сондай-ақ, Польшa, Сингапур, Мысыр және басқа да елдердегі Coventry кампустарынан келетін студенттермен кездеседі. Оған қоса, академиялық алмасу бағдарламаларын құру бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Бакалавриаттың екінші курсында студенттер дәл сол бағдарламаны ұсынатын Coventry университетінің басқа филиалына бір семестрге бара алады. Сол сияқты шетелдік студенттер де Астанаға келіп, халықаралық деңгейде білімін жалғастырады, – дейді Симон Этерон.

Қазақстанда 32 мың шетелдік студент оқып жүр
Өңірлердегі жоғары оқу орындары да қарап жатқан жоқ. Солтүстік Қазақстандағы Манаш Қозыбаев пен Аризона университеті мамандары бірігіп, күкіртті инновациялық полимерге айналдыратын озық технология әзірледі. Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті базасында Шотландияның Хериот-Уотт, Ақтауда – Неміс жоғары оқу орындарының консорциумы және Қызылордадағы Қорқыт ата университетінде – Сеултехтің жоғары жасанды интеллект мектебі ашылды. Қазақстанда қолданбалы инженерияның үздігі саналатын үш Лу Бань шеберханасы құрылды. Атом энергетика саласына маман даярлауға Ресейдің ядролық зерттеу университеті атсалыспақ.
Түркістандағы Вусонг университетінде оқитын кореялық студент Ким Сынгджин өзін Жандос деп таныстырады. Ол Қазақстанның 8 өңірінен келген 108 студентпен бірге қазіргі заманға ең керек мамандық «Жасанды интеллект» пен «Деректер ғылымын» меңгеріп жүр.

– Бұл Университеттің ашылғанын Кореяда жүргенде естігенміз. Сүйтіп басқа елде оқып көрсем қалай болар екен деген ой келді. Бастапқыда жергілікті студенттермен жақын танысып, бірге серуендегім келді. Бірақ олар көп уақытын оқуға арнайтынын байқадым. Содан мен де соларға қарап, білімге көбірек көңіл бөле бастадым, – дейді Ким Сынгджин.
Елімізде Ким Сынгджин секілді 32 мың шетелдік студент оқып жүр. Ғылым министрі Саясат Нұрбек оларды «академиялық турист» деп атайды. Оның есебінше 1 шетелдік студент күніне кем дегенде 2-3 рет жергілікті жұрттың қызметіне жүгінеді. Демек, олардың саны жүз мыңға жетсе, ел қазынасына триллиондаған теңге пайда түсер еді.
– Туристің ең жақсы тиімді түрі-академиялық туризм. Мысалы J Lo-ның консертіне келді бір күн ішінде тамақ ішті, қонақ үйде тұрды да кетіп қалды. Ал академиялық турист 4 жылға келеді. Оқуын төлейді. Жататын жерін төлейді. Киноға барады, кофе ішеді. Туыстары келеді. Қыдыртады. Саяхаттайды. Сондықтан «академиялық турист» – ең керемет турист, – дейді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Жасанды интеллект университеті Астанада да ашылуы мүмкін. Бұған Woosong білім беру қоры атсалысуға әзір. Қазан айында қазақ Президентімен кездескенде кеңес төрағасы осылай емеурін танытты.
– Біздің «Жасанды интеллект» және «Деректер ғылымы» бағдарламаларымыз студенттерге екі жыл Қазақстанда, тағы екі жыл Кореяда немесе Woosong университетінің әлемдегі серіктес жоғары оқу орындарының бірінде білім алуға мүмкіндік береді. Бағдарлама соңында түлектер қазақстандық және корейлік екі дипломға, сондай-ақ бірегей халықаралық тәжірибеге ие болады, – деді Woosong білім беру қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Сонг Кёнг Ким.

ҰБТ тапсырып, әлемнің университеттеріне түсуге болады
Қазақстан жақында Токио конвенциясына қосылды. Бұл Азия Тынық мұхиты аймағына кіретін 12 мемлекетпен өзара білім алмасуға мүмкіндік беретін құжат. Демек, Қазақстанда алған дипломдарды әлем мойындайды деген сөз.
Конвенцияға қатысушы мемлекеттер қатарында Аустралия, Жапония, Қытай, Корея, Түркия және басқа елдер бар. Қазақстан Орталық Азия елдері арасында бірінші болып Конвенцияны ратификациялау жұмысын бастады.
– Бұл процедура қалай жүргізіледі? Біздің ұлттық орталығымыз бар. Кез келген Қытай азаматы Қазақстанға келді оқыды делік. Отанына қайтқанда Қытай үкіметі дипломның түпнұсқа екенін айғақтауды сұрайды. Осы конвенция арқылы Қытайдың ұлттық орталығы мен біздің ұлттық орталық бір жүйеге қосылады. Бірден ақпарат алмасады да диплом расталады, – деді сала министрі Саясат Нұрбек.

Халықаралық білім кеңістігіне жол ашатын тағы бір құжатқа Вашингтонда қол қойылды. Президенттің АҚШ-қа сапары аясында Вашингтонда ETS деп аталатын дүниежүзіндегі ең мықты тест жасайтын компаниямен үзақ мерзімді келісімшартқа қол қойылған. Соның негізінде тұтас ҰБТ жүйесіне реформа жасалуы мүмкін.
– ҰБТ форматы бір жылда өзгеріп кетпейді. Келер 2026 жылы ешбір өзгеріс болмайды. Жаңа тестті жасақтаудың өзі 1-2 жыл уақыт алады. Біздің мақсатымыз — ҰБТ-мен қатар халықаралық тест жасап, Қазақстанға енгізу. Яғни біздің талапкерлерде таңдау болады: ҰБТ тапсырып, қазақстандық отандық университетке түсе алады немесе жаңа тестті тапсыру арқылы Қазақстанда ашылған шетелдік 40 филиалға және кез келген шетелдік университетке түсу мүмкіндігі болады, – деді Саясат Нұрбек.

Сала министрі Қазақстанның жоғары білімін толыққанды әлемдік стандарттармен сәйкестендіруді көздеп отырғанын жеткізді.
— Яғни бізден шыққан диплом әлемде танылады, бізде ҰБТ тапсырған адам әлемнің университеттеріне түсе алады. Бұл өте үлкен қадам және біздің жергілікті университеттерімізге де үлкен бәсеке. Бұған дейін өзіміздің кішкентай көлімізде жүзіп жүрдік, енді әлемдік мұхитқа толық қосыламыз, - деді С. Нұрбек.
Қорытындылай келе, академиялық туризм білім саласындағы сындарлы саясат қана емес, жаңа жұмыс орындары, бизнеске тұрақты табыс, жастарға тіл үйренуге және қос диплом алуға мүмкіндік жасамақ. Ал мемлекет әлемдік аренада абырой жинап, өңірлік академиялық хабқа айнала алады.