Шетелдік футбол жанкүйерлеріне АҚШ-қа кіру үшін төлем қажет болмайды

АСТАНА. KAZINFORM — Трамп әкімшілігі футболдан әлем чемпионатының іріктеуінен өткен елдерден келген шетелдік жанкүйерлерге АҚШ-қа кіру үшін 15 000 долларға дейінгі кепілдік төлеу талабын алып тастады. Бұл туралы NBC News-ке сілтеме жасап, Kazinform агенттігінің Вашингтондағы меншікті тілшісі хабарлады.

Шетелдік футбол жанкүйерлеріне АҚШ-қа кіру үшін төлем қажет болмайды
Фото: soccerwire.com

Өткен жылы Ішкі қауіпсіздік министрлігі визасы мерзімі өткен азаматтардың үлесі жоғары елдерден келетін азаматтарға кепілдік төлеу талаптарын енгізді, сондай-ақ иммиграциялық саясатты қатаңдату аясында қауіпсіздік мәселелерін шешу үшін шаралар қабылданды.

— АҚШ тарихтағы ең ірі және ең үздік футбол әлем чемпионатын қабылдауға қуанышты. Біз әлем чемпионатына билет алған, іріктеуден өткен жанкүйерлер үшін визалық міндеттемелерді алып тастаймыз, — деді консулдық мәселелер бойынша мемлекеттік хатшы көмекшісі Мора Намдар.

Футбол жанкүйерлері үшін 15 сәуірден бастап FIFA Pass жүйесі қолданылады, ол визаны алу процесін жылдамдатуға мүмкіндік береді.

Бұған дейін хабарланғандай, футболдан әлем чемпионаты 11 маусымда басталып, АҚШ-та, Канадада және Мексикада өтеді.