Шетелдік инвесторлар Қазақстанға жеңілдік іздеп келмейді – сарапшы пікірі
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның шетелдік инвесторлар мүдделі болатындай артықшылықтары жетерлік. Мәселен, елдің үлкен нарықтар арасында географиялық ұтымды орналасуы, жер көлемінің үлкендігі, органикалық өнімдер сапасы және сирек кездесетін металлдарға бай болуы шетелдік алпауыттар қызығушылығын арттырып отыр. Бұл пікірді «Kazakh Invest» ҰК басқарма төрағасының орынбасары Мадияр Сұлтанбек айтты.
 
                                              Оның айтуынша, тау-кен өндірісі Қазақстан экономикасының негізгі тірегі болып қала береді. Тіпті шетелдік инвесторлар қызығушылығы артып келеді.
– Дәл қазір Қазақстанның тау-кен саласына Оңтүстік-Шығыс Азиядан, Таяу Шығыстан, Парсы шығанағы елдерінен, Еуропа мен АҚШ инвесторлары қызығушылық танытып отыр. Біздің елдегі көмір қоры 300 жылға жетеді, сондықтан қазір біз көмірхимия жобаларына инвесторларды тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз. Себебі көмірден оннан аса өнім түрін шығарып, көмірхимия бағытында дамытуға болады, – деді Мадияр Сұлтанбек.
Әсіресе Қазақстан геологиялық барлау жұмыстарына шетелдік инвестор тартуға мүдделі. Елімізде ашылмай жатқан, жаңа кен орындары жетерлік. Енді сол жобаларға капитал бөлетін, барлық тәуекелді өзіне алатын инвесторлар қажет.
– Дәл осы барлау жобаларында сын-қатер көп. Себебі инвестор ондаған, жүздеген миллион доллар қаржы салса да, өзі күткендей кен көлемін ала алмауы мүмкін. Сондықтан барлау саласындағы жобалар қаржылық тұрғыдан өте тиімді, бірақ тәуекелі де көп. Міне осындай жобаларға инвестор тартуға тырысамыз. Жоғары технологиялар, жасанды интеллектті пайдаланып жаңа кен орындарын дәлірек және сапалы барлау маңызды. Бізге күн сайын әртүрлі елдің инвесторларынан кездесуге өтініштер келіп жатады, – дейді М.Сұлтанбек.
Сонымен бірге, сарапшы Қазақстанда инвесторларға берілетін жеңілдіктер жүйесі жақсы дамығанын, ол қаржылық, салықтық және қаржылық емес ынталандыруларды қамтитынын атап өтті. Дегенмен бұл инвесторлардың бізге келуінің басты себебі емес.
– Олар ең алдымен саяси тұрақтылыққа қарайды, салық заңнамасының тұрақтылығы, қоғамның дамуы, шикізат жеткізу мен дайын өнімді өз нарығына шығару мүмкіндігі қызықтырады. Сол себепті шетелдік инвесторларды ең алдымен осы факторлар тартады, содан кейін ғана преференцияларды айтуға болады. Яғни, біз артықшылықтарды оңды-солды таратқаннан инвестор келіп жатыр деуге болмайды, – деп түсіндірді ұлттық компания өкілі.
Инвесторлардың негізгі қызығушылығы Қазақстанның бірегей географиялық орналасуында. Еліміз Еуразия құрлығының ірі нарықтарының арасында, Оңтүстік-Шығыс Азия мен Еуропа нарығының ортасында орналасқан. Жақын жерде Таяу Шығыс бар, онда да ірі қаржы және сауда нарықтары орналасқан.
– Сондықтан инвесторлар алдымен мүмкіндіктер үшін келеді. Мысалы, соңғы 15 жылда еліміз көлік инфрақұрылымын дамытуға 35 млрд доллар салды. Бізде агроөнеркәсіп кешенінде үлкен мүмкіндіктер бар, әлемде егістік көлемі бойынша 6-орында тұрмыз. Біз Қытаймен шекаралық мүмкіндіктерді жақсарттық, қазір Өзбекстанмен шекаралық мүмкіндіктерге инвестиция салып жатырмыз. Сондай-ақ, Орта дәлізді ерекше атап өтуге болады. Мұның бәрі – инвесторлар үшін маңызды мүмкіндіктер.
Бүгінгі жиынға әлемнің қырықтан астам елінен 1700 қатысушы келді және 7 млрд доллар болатын 46 құжатқа қол қойылды. Бұл құжаттардың жартысына жуығы инвестицияларға қатысты. Жақын аралықта елімізде тау кен бойынша бес ірі инвестициялық жоба іске асырылады. Олардың жалпы құны 6 млрд доллардан асады, бұл шамамен 8 мың жаңа жұмыс орнын құруға септігін тигізеді.
Айта кетейік, бүгін елордада KGIR-2025 жаһандық инвестициялар жөніндегі дөңгелек үстел өтті. Бұған дейін Премьер-Министр Олжас Бектенов елімізде өз жобаларын жүзеге асырып жатқан әлемдік компаниялар туралы айтып берді.