Шетелдік нөмірлі көлікпен заңсыз жүргендерге қандай жауапкершілік қарастырылған
СЕМЕЙ. KAZINFORM — Абай облысының полицейлері шетелдік нөмірлі көліктерді заңсыз пайдаланғаны үшін қандай жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары Қазақстан Республикасының заң талаптарын бұза отырып пайдаланылып жүрген шетелдік тіркеудегі көліктерді анықтау жұмыстарын жалғастырып жатыр.
— Осыдан 3 жыл бұрын Қазақстанда 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін елге әкелінген көліктерді бір реттік заңдастыру жүргізілді. Осы науқан кезінде Абай облысында 14 330 өтініш қабылданып, оның 7 859-ы мақұлданды. Көлік иелеріне тіркеу куәліктері берілді. Оның ішінде 4941 көлік жеңілдетілген тіркеу алымымен заңдастырылды. 1 402 көлік «конструктор» санатымен тіркелсе, 1 517 көлік уақытша есепке қойылды. Бағдарлама аяқталғанына қарамастан, кейбір азаматтар шетелдік нөмірлі көліктерді заңсыз пайдаланып жүр, — делінген ақпаратта.
Осыған байланысты полиция қызметкерлері профилактикалық шаралар өткізіп, мұндай көліктерді анықтап, жүргізушілерге заң талаптарын түсіндіруде және заңда көзделген шараларды қолдануда.
Заң талаптарын бұза отырып шетелдік тіркеудегі көлікті басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Бірінші рет анықталған жағдайда 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Егер осы құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайта жасалса, 20 АЕК айыппұл немесе 1 жылға көлік басқару құқығынан айыру жазасы қолданылады.
Еске салсақ, осыған дейін Абай облысында полицияның жүргізушілерге ерекше акция ұйымдастырғаны хабарланған.