Шетелдік студенттерге жұмыс визасын беру еңбек нарығына қалай әсер етеді
АСТАНА. KAZINFORM — Еліміз шетелдік студенттерге жұмыс істеуге рұқсат беру визасын ұсынбақ. Осы тұрғыда аталған үрдіс ішкі еңбек нарығына қалай әсер етеді?
Бұл сауалға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова жауап берді.
— Еңбек нарығына қатысты алаңдаушылық болмауы тиіс деп ойлаймын, экономика тұрғысынан алғанда белгілі бір серпін пайда болады. Себебі студенттер келгенде, олардың ата-анасы да келеді, бұл экономикаға үлес, себебі олар пәтер жалдайды, түрлі қызметті пайдаланады, — деді Светлана Жақыпова Мәжілістің жалпы отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында.
Министрдің мәлімдеуінше, студенттік виза беру процесі құқық қорғау органдары тарапынан бақыланады.
— Бір студент елімізде жұмысқа тұрса, бірнеше жұмыс орнын ашуға ықпал етуі мүмкін. Сондықтан алаңдауға себеп жоқ, — дейді ол.
Еске сала кетсек, Үкімет отырысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек шетелдік студенттерге Қазақстанда жұмыс істеуге мүмкіндік беретін виза енгізу туралы мәлімдеген еді.