Шетелдік университеттің Ресейде ашылған алғашқы филиалы – Путин Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ туралы

АСТАНА. KAZINFORM — Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин Ресей университеттерінде, соның ішінде Қазақстандағы сегіз филиалда 60 мыңнан астам қазақ студенті оқып жатқанын айтты.

Алматыда «Қазақстан-Сириус» халықаралық мектебін және Дарынды балалар орталығын ашу жоспарланып отыр
Фото: Ақорда

— Гуманитарлық және білім беру саласындағы байланыс, академиялық-ғылыми ықпалдастық нығайып келеді. Прези­дент Тоқаев екіжақты ынтымақтас­тықты дамытуға жастардың атсалысуы маңызды екенін бірнеше рет айтты. Мен бұл пікірмен толық келісемін. Себебі жастарымыз Ресей-Қазақстан қарым-қатынасының болашағын айқын­дайды, жетістіктерімізді еселейді және серіктестігімізге тың серпін береді.

Қазір Ресей университеттерінде, соның ішінде Қазақстандағы сегіз филиалда 60 мыңнан астам қазақ студенті оқып жатыр. Алдағы оқу жылында Қазақстан азаматтарына арналған үкіметтік квота саны 800-ге дейін артады, — деді ол.

Путин былтыр қыркүйекте Ресейде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалы ашылғанын айтты.

— Қазақстанда Ресейдің көптеген жетекші университеттерінің филиалдары, соның ішінде Мәскеу мемлекеттік университеті мен Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының бөлімшелері жұмыс істеп жатыр. 2025 жылдың қыркүйек айында Ресейде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалы ашылды. Бұл — біздің елімізде бөлімшесін ашқан алғашқы шетелдік жоғары оқу орны. Мұны ерекше атап өткен жөн.

Біз Алматыда «Қазақстан-Сириус» халық­аралық жалпы білім беру мекте­бін және Дарынды балалар мен жасөспірім­дер орталығын салу үшін бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Осы білім ордаларын 2029 жылы ашуды жоспарлап отырмыз. Сонымен бірге Астанада дәл осындай екінші кешен салу туралы келісімге қол жеткіздік, — деді Владимир Путин. 

Айта кетелік Владимир Путин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келетіні туралы жазған едік.