Шетелдіктер неліктен Қазақстанның жоғары оқу орындарын таңдайды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан жоғары білім беру саласында Азиядағы ірі хабтардың біріне айналып келеді. Шетелдік студенттер не себепті біздің елді таңдайды? Kazinform тілшісінің сауалына орай, Ғылым және жоғары білім министрлігі шетелдік студенттерді елімізге тартып тұратын бірнеше негізгі факторды атап көрсетті.

Білімнің қолжетімділігі
Қазақстандағы білім беру бағдарламалары — қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде. Бұл әртүрлі тілде сөйлейтін және түрлі мәдени ортадан келген студенттерге білім алуды ыңғайлы етеді. Университеттер ағылшын тіліндегі бағдарламаларды белсенді түрде іске қосып жатыр, бұл әсіресе Оңтүстік Азия мен Таяу Шығыстан келген студенттер үшін маңызды.
Экономикалық тиімділік
Қазақстанда оқу және тұру құны Еуропа, АҚШ және кейбір Азия елдеріне қарағанда әлдеқайда төмен. Бұл сапалы білімді аз шығынмен алуға мүмкіндік береді.
Стипендиялық бағдарламалар
2019 жылдан бастап Қазақстан шетелдік студенттерге, соның ішінде ҚР азаматтығы жоқ этникалық қазақтарға арналған мемлекеттік стипендиялық бағдарламаны жүзеге асырып келеді. Бұл елімізде білім беруді одан әрі қолжетімді әрі тартымды ете түсті.
Дипломдардың мойындалуы
Еліміздегі ЖОО-лардың дипломдарын халықаралық деңгейде мойындату бағытында белсенді жұмыс жүргізіліп келеді. Лиссабон конвенциясын ратификациялау Қазақстан дипломдарының 55 елде, соның ішінде Еуропа елдері, АҚШ, Канада және Аустралия мемлекеттерінде танылуын қамтамасыз етті. Сондай-ақ 2010 жылдан бастап Қазақстан Болон үдерісінің толық мүшесі саналады, бұл еуропалық білім беру стандарттарына сай болуға септігін тигізді.
Азия-Тынық мұхиты аймағымен интеграция
Қазір Қазақстан жоғары білім саласындағы біліктілікті тану жөніндегі Токио конвенциясына қосылу туралы заң қабылдау сатысында. Бұл Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Индонезия және Аустралия сынды елдерде дипломдарды жеңілдетілген тәртіппен тануға жол ашады. Мұндай интеграция академиялық бейімделудің жеделдеуін, өзара білім алмасу бағдарламаларының кеңеюін, қос диплом жобаларын жүзеге асыруды және қазақстандық университеттердің QS Asia мен THE Asia рейтингілерінде жоғарылауын қамтамасыз етеді.
Осының бәрі Қазақстанды Шығыс пен Батыс арасындағы транзиттік алаң ғана емес, академиялық білім саласындағы маңызды алаңға айналдырады.
Бүгінгі таңда 39 шетелдік жоғары оқу орнымен серіктестік орнатылған.