Шетелдіктер ЖСН-ді Қазақстанның шетелдегі елшіліктерінен ала алады

внешняя политика
Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Шетелдік азаматтар ЖСН-ді Қазақстанның шетелдегі 96 елшілігі мен консулдығынан ала алады. Сыртқы істер министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «ҚР шетелдік ұйымдары арқылы шетел азаматтары үшін жеке сәйкестендіру нөмірін құру» пилоттық жобасын іске асыру туралы бірлескен бұйрыққа қол қойды.

Пилоттық жоба 2024 жылдың 13 сәуірінен 31 желтоқсанға дейін жалғаспақ.

Бұйрыққа сәйкес, ілкі жобаны іске асыру алгоритмі бекітілді. Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі – бір жұмыс күні. Шетел азаматының ҚР шетелдегі мекемесіне жүгінген күні мемлекеттік қызметті көрсету мерзіміне кірмейді.

Мемлекеттік қызметті алу үшін шетелдік ҚР шетелдегі өкілдігіне өзі хабарласып, жеке басын куәландыратын құжаттың нысанындағы өтінішті және көшірмесін және салыстыру үшін оның түпнұсқасын (егер басқа тәртіп белгіленбесе, жарамды шетелдік төлқұжат) ұсынады. Бұл ретте, ҚР халықаралық шарттары сақталуы тиіс.

«Көрсетілетін қызметті алушының жеке басын куәландыратын құжатта кириллица немесе латын қарпінде сәйкестендіру деректерінің (тегі, аты, әкесінің аты, туған жері) жазуы болмаса нотариус куәландырған құжаттың тиісті аудармасы қоса беріледі», - делінген құжатта.

Халыққа қызмет көрсету орталығының біріктірілген ақпарат жүйесіне ЖСН алуға түскен өтінімдер көші-қон полициясының ақпараттық жүйесіне аударылады. Ішкі істер министрлігінің операторы келіп түскен өтініштерді тексереді және олар дұрыс болған жағдайда ЖСН алу рәсімін жүргізеді. Кейін Халыққа қызмет орталығының біріктірілген ақпарат жүйесіне жолданады. Бұдан соң консул тіркеу куәлігін басып шығарады және көрсетілетін қызметті алушыға береді.

«Консул көрсетілетін қызметті алушыларға ЖСН алу туралы өтініштерді растау және мемлекеттік қызмет көрсету кезінде белгілі болған мәліметтерді заңсыз жария еткені, сондай-ақ ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы бірыңғай талаптарды бұзғаны үшін дербес жауапты болады», - делінген бұйрық құжатында.

Бұл – ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жасалған қадам.

Соңғы жаңалықтар