Шетелге оқуға, жұмысқа немесе көшуге ниетті қазақстандықтарға құжат рәсімдеу тәртібі ескертілді
АСТАНА. KAZINFORM – Шетелде білім алуды, жұмыс істеуді немесе тұрақты тұруды жоспарлап жүрген қазақстандықтарға кейбір құжаттарына алдын ала апостиль қою қажет болуы мүмкін.
Мамандардың айтуынша, шетелде қолданылатын бірқатар құжаттың заңды күші болуы үшін оған апостиль рәсімін жасату талап етіледі.
– Апостиль – құжаттың түпнұсқалығын растайтын халықаралық белгі. Ол Гаага конвенциясына қосылған мемлекеттерде құжаттың жарамды екенін мойындатуға мүмкіндік береді, - деп түсіндірді «Азаматтарға арналған үкіметтің» өкілдері.
Мемлекеттік корпорацияның мәліметінше, биыл жыл басынан бері апостиль қойылған құжаттардың арасында мына санаттар көп кездеседі:
- әділет органдары, мемлекеттік органдар және нотариустар берген құжаттар;
- мектептер, колледждер және техникалық-кәсіптік білім беру ұйымдары берген құжаттар;
- прокуратура, тергеу және анықтау органдары рәсімдеген құжаттар;
- жоғары оқу орындары мен жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары берген құжаттар;
- сот органдары берген құжаттар.
Мемлекеттік корпорация азаматтарға шетелге шығу алдында қажетті құжаттарды алдын ала тексеріп, рәсімдеу жұмыстарын уақытылы жүргізуге кеңес берді.
Еске салайық, 20 маусымда жоғары оқу орындарына құжат қабылдау басталды.