Шеттегі қазақтардың рухани аман-есен жүргендігі Қазақстанның тәуелсіздігінің арқасында - Сұраған Рахмет
Ы. Қарашаның 17-сі. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Моңғолиядағы қазақтардың бүгінгі тыныс-тіршілігі, ондағы әдебиет, ақпарат алу мәселесі мен жастардың білім алу жағдайы жайында Моңғолия Жазушылар одағы Қазақ қаламгерлер кеңесінің төрағасы, Сұраған Рахметпен сұхбаттасқан едік.
- Қазақ қаламгерлері кеңесінің төрағасы ретінде моңғол жеріндегі қазіргі қазақ әдебиеті жайлы не айтар едіңіз, сондай-ақ ақындар мүшәйрасын өткізіп тұрасыздар ма?
- Бүгінгі әдебиет мүшәйраның әдебиеті емес, бүгінгі әдебиет элиталық деңгейге кетіп бара жатқан әдебиет десе болады. Қазіргі әдебиет пен поэзияның кешегі логикамен тіршілік ететін мүмкіндігі жоқ. Дәл қазіргі поэзиялық бағыт Абайдың, Тыныштықбектердің бағытымен, әртүрлі жолдарменен кетіп бара жатыр. Сондықтан кешегі тақпақпен, бүгінгі үлкен даурықпа айқаймен немесе жұрттың алдына шығып, кім маған көп шапалақ ұрады екен, деген бағытпен емес, қазақ поэзиясы әлемдік деңгейге жету үшін өте мәнді, мағыналы қалыппен кетіп барады.
Ал енді мүшәйралар өткізіп тұру керек, бұл да поэзияның насихатталуына қажет болуы мүмкін. Жақсы жазып жүрген ақындар бізде бар, өкініштісі, солардың барлығы атажұртқа, қазақ ортасына кетіп жатыр. Көптеген ақындар өздерінің бағыт-бағдарымен Қазақстанның әр жеріне келіп орналасуда. Біздер, шетелдегі қазақтар шетел технологиясымен «қаруланған» өте мықты ақынжанды азаматтарды Қазақстан поэзиясының үлкен теңізіне қарай жіберіп жатырмыз.
- Атажұрттан ақпарат алу жағы қалай боп жатыр, соған тоқталып өтсеңіз?
- Шеттегі қазақтардың рухани аман-есен жүргендігі - Қазақстанның тәуелсіздігінің арқасында, деп ойлаймын. Қазақтың өнерін, құндылықтарын, қазақ халқын сақтап тұрған осы қара шаңырақ. Кезінде Моңғолия Кеңестер үкіметінің ықпалында тұрған кезде Қазақстан бізге рухани жағынан көмектесіп тұрды. Баспасөз бізге толыққанды жетіп, «Жұлдыз» жұрналы, «Қазақ әдебиеті», «Қазақстан әйелдері» сияқты басылымдарды оқып өстік.
Бүгінгі бір кесапат, қазақстандық басылымдардың Баян-Өлгей аймағына толығымен бармауы. Осы мәселенің кілтипанын шешетін болсақ, қазақ БАҚ-ын толығымен қабылдайтын болсақ, онда Баян-Өлгей жоғары деңгейде Қазақстанның тыныс-тіршілігіменен танысар еді. Қазіргі таңда Қазақстанның 6-7 арнасы көрсетіледі, Шынжаңның 2 арнасы, Түркияның, Ресейдің арналары да беріледі. Сонымен қатар ғаламтор мәселесі өте жақсы дамыған.. Және өзімізде мерзімді басылымдар да шығып тұрады, жай-күйі сондай жақсы болмаса да азаматтардың бүгінгі қал-жағдайына, рухани зейнетіне аз да болса мүмкіншілік жасайды. Мемлекеттік дәрежедегі газет, жұрналдар болмаса да Моңғолия Жазушылар одағының жанындағы «Шұғыла» жұрналы, «Жаңа дәуір» газеті, 1965 жылдары орнаған Қазақ радиосы бар, осылардың барлығы бүгінгі БАҚ ішіндегі аз ұлттардың талабына сай келетін, қазақ тілінде хабар жүргізетіндігімен дараланады. Сондықтан осы БАҚ-тар бүгінгі қазақтардың тыныс-тіршілігін жақсы дәлелдеп, дәйектеп көрсетіп отыр деп ойлаймын. Газеттерінің Қазақстандық газеттермен салыстырғанда аясы тар, бірақ еркіндеу. Еркіндікті ертеден түсінген халықпыз ғой, сондықтан ондағы қазақтар да демократияны біледі.
- Өткенде бірқатар журналистер қазақ жұрналшыларының халықаралық І форумын өткіземіз, деп баспасөз мәслихатын өткізген болатын. Солардың қатарында сіз де болдыңыз, сол форум жайлы не айтар едіңіз?
- Халықаралық қазақ журналистері форумының бастамасын көтеріп жүрген азаматтарға көп рахмет. Бұны көтерген азаматтар қазақтың рухани мәдениеті мен тіл еркіндігіндегі барлық мәселені жедел көтеруге құлшыныс жасап жүрген азаматтар деген қорытындыға келуге болады. Бүгіндері қазақ журналистикасын ілгерілететін жігіттердің, яғни жұрналшылар армиясының қатары Қазақстанда қалың. Қазақстан барлық көршілес елдердегі қазақ журналистеріне қазақ тіліндегі ақпарат құралдарының өзіндік үлгісіне, яғни технологиясына тәрбиелеуі керек. БАҚ жәрмеңкесін бүгінгі жағдаймен Қазақстан жасай алады деп ойлаймын. Қазіргі уақытта Қазақстан әлемнің дамыған 50 елінің құрамына өту мақсатында жұмыс істеп келе жатыр ғой, сол қатарға қосылған кезде сол деңгейден Қазақстан БАҚ-тары да көрінуі керек. Аталмыш форумға көп азаматтар қатысады деп ойлаймын. Бұл жиында олар өзінің өнімдерін қояды, қандай газет, жұрналдар шығарып жүр, әлемдік стандарттағы газеттер бар ма, менің газетім кімнің талабына сай келеді, сұраныс бар ма, жоқ па деген мәселеге қорытынды жасалынатын кез келе жатыр. Қазақ тілді ақпарат құралдары бүгін өзінің форумын өткеріп, оны жақсы жүргізетін болса, халықаралық деңгейде қазақ тілді ақпарат құралдарының деңгейі өседі. Елдің мәйегі қалыңдайды, рухани жағдайы күшті әсерге бөленеді. Бүгін журналистердің жағдайын, басқа мәселелерін айтудың қажеті жоқ. Неге десеңіз, Қазақстан мемлекетінде қазір журналистердің жасап жүрген қарекеттерінің барлығы жақсы. Журналистикадағы бағыттарды дұрыс айқындау үшін Қазақстандағы халықаралық журналистер форумының өтуіне шынымен қуаныштымыз. Бұл желтоқсан айының ортасына қарай, Қазақстанның тәуелсіздік күндеріне дөп келетін, тамаша кездерде болғалы жатыр. Сонымен қатар Астана төрінде болғалы жатыр. Бұл той қалпымен өтпеуі керек, бұл өте іскерлікпен, барлық жағынан мәнді, мағыналы болуы керек. Шетелде жүрген журналистер өздерінің технологиясын көрсетіп, өз ойларын ортаға салуы тиіс.
- Моңғолияда қанша қазақ тұрады?
-1940 жылы құрылған Баян-Өлгей қазақ аймағына биыл 70 жыл толады. Оның 96-97 пайызы қазақтар, жалпы қазақтардың саны 120 мыңдай. Моңғолияда 3 миллиондай халық болса, соның ішіндегі негізгі ұлттың бірі - қазақтар. Қазіргі уақытта ондағы қазақтардың жағдайлары жақсы, тілдік және ұлттық құндылықтарын сақтап қалған.
- Ондағы жастардың білім алу деңгейі қандай дәрежеде?
- Моңғолиядағы білім саласына келетін болсақ, ол әлемдік стандартқа сай, жалпы 11 жылдық қазақ мектептерінде білім алады. Моңғол тілінде сабақ беретін бірен-саран мектептер де бар. Жылына 300-ге жуық бала Қазақстанның жоғары оқу орындарына тапсырып, студент қатарына өтіп жатады. Негізі, шетелдегі қазақтарды қолдаудың бағдарламасы болу керек, деп ойлаймын, сол бағдарлама бізге жетпей жатыр. Моңғолияда тұратын өте талантты балалар бар, соларды «Болашақ» бағдарламасымен шет елде неге оқытпасқа. Ал енді алып жатқан дәрістерінің барлығы Қазақстандық мектептердегі үлгіге сай. Ол жақтан келген балалар Қазақстанның мектептеріне қабылданып, оны бітіргеннен кейін қазақ елінің азаматы болып, ұлы қазақ даласында тіршілік етіп кететініне сенемін. Онда халық саяси-экономикалық жағынан ешқандай қыспақта жоқ, өздерінің кәсібін жасап, бүгінгі нарықтық экономиканың әртүрлі қыр-сырын үйреніп келе жатыр. Кім қалай кәсіп етем десе еркіндік, сондай-ақ сөз еркіндігі бар, бірақ рухани жұтаңдыққа ұшырауы мүмкін. Ал енді қазақ жастарының келешегіне өз басым сенем, Қазақстан тәуелсіздігін алғанына міне 20 жылдай уақыт болып қалды, сол тәуелсіздіктің дәмін біз де татып жүрген адамдармыз. Тәуелсіздік бүкіл қазақ халқына үлкен еркіндікті берді, шетелдерге барып тіршілік етуге болады, өз Отаныңда да қалуға болады және іштей ойлап, түйсініп жүрген технологиялардың барлығын қазақтың еншісіне беруге жағдай бар.
- Әңгімеңізге рахмет.