Қазақстан Үкіметімен ашық әрі сындарлы диалог орната алдық — Дерек Магнесс

АСТАНА. KAZINFORM — Мұнай-газ және энергетика саласына салынатын инвестициялар туралы сөз болғанда, оны өндіріске жұмсалған қаржымен ғана өлшеуге болмайды. Агенттікке берген эксклюзивті сұхбатында «Шеврон Евразия» президенті Дерек Магнесс серіктестіктің өзге де қырларына тоқталды.  

п
Фото: Kazinform

— Магнесс мырза, сұхбат беруге келіскеніңіз үшін рахмет. «Шеврон» — әлемдік энергетика саласындағы жетекші компаниялардың бірі екенін білеміз, осы деңгейге жетуге қандай негізгі кезеңдер мен стратегиялық шешімдер ықпал етті?

— Ең алдымен, шақырғаныңыз үшін рақмет. Сіздермен жүздесіп, пікір алмасу — мен үшін зор мәртебе.

Компаниямыздың құрылғанына 140 жылдан асты. Осы кезең ішінде біз талай өзгерістер мен сынақтарды бастан өткердік. Соған қарамастан, дамуды тоқтатпай, қызмет ауқымын кеңейтіп, жаңа бағыттарды игеріп келеміз.

Компанияның табысты болуының басты себептерінің бірі — технология мен инновацияны тұрақты түрде назарда ұстау. Жаңа технологияларды енгізуге және оларды энергетика саласында тиімді пайдалануға әрдайым басымдық бердік. Соның нәтижесінде дәстүрлі мұнай-газ компаниясынан заманауи энергетикалық компанияға айналдық.

Бүгінде біз үшін негізгі мәселе — әлемді энергиямен қамтамасыз ету ғана емес, сонымен бірге адамзаттың болашақта өркендеуіне ықпал ету.

Әрине, компанияның қалыптасуына әсер еткен маңызды кезеңдер аз болған жоқ. Алайда соңғы он жылды, тіпті соңғы бес жылды алсақ, ең маңызды жетістіктердің бірі — болашақ ұрпақтың қажеттілігін өтеу үшін энергия көздерінің барлық түрі арасындағы тиімді тепе-теңдікті қалыптастыруға ұмтылуымыз деп айтар едім.

— Компания Қазақстанға шамамен 55 млрд доллар инвестиция салған. Осы серіктестіктің нәтижесін қалай бағалайсыз?

— «Шеврон» Қазақстанда тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері жұмыс істеп келеді. Осы отыз жылдан астам уақыт ішінде Қазақстан Республикасымен берік серіктестік орнаттық. Бүгінде біз елдегі ең ірі шетелдік жеке инвесторлардың біріміз. Бұл тек Теңіз кен орнымен ғана байланысты емес. Қарашығанақ жобасына, Каспий құбыр консорциумына, «Шеврон Мұнайгазға» және Атыраудағы полиэтилен құбырлары зауытына да қаржы құйдық.

Жалпы мұнай-газ және энергетика саласына салынатын инвестициялар туралы сөз болғанда, оны тек өндіріске жұмсалған қаржымен ғана өлшеуге болмайды. Оның сыртында үкіметпен тығыз жұмыс істеу, серіктестікті нығайту және инновациялық технологияларды енгізу бар. Оның ішінде ең бастысы — адамдарға инвестиция салу, яғни энергетика саласының болашағына қажет білім мен тәжірибені дамыту.

— Әлемде тұрақсыздық күшейіп тұрған кезеңде «Шеврон» Қазақстанға инвестиция салуды жалғастыра ма? Компания үшін елдің басты артықшылығы неде?

— Энергетика саласындағы инвестициялар тұрақты ортаны қажет етеді. Өйткені мұндай жобалар бір-екі жылға емес, ондаған жылға жоспарланады. Сондықтан инвесторлар өз инвестициясының келешекте қандай нәтиже беретінін түсінуі керек. Ал Қазақстан халқы бұл жобалардың елге қандай пайда әкелетінін білуі қажет.

Осы жылдар ішінде Қазақстан Үкіметімен әрдайым ашық әрі сындарлы диалог орната алдық. Біз мемлекетке не қажет екенін, халықтың мүддесі қалай қорғалатынын және бұл инвестициялардан барлық тарап қалай пайда көретінін бірге талқылап келеміз. Менің ойымша, нағыз серіктестік дегеніміз — осы. Қазақстанның ерекшелігі де осында. Мықты серіктестік бар жерде жаңа жобалар да, жаңа мүмкіндіктер де пайда болады.

— Қазақстанмен серіктестік «Шевронға» қаржылық табыстан бөлек тағы қандай мүмкіндік береді?

— Қаржылық табыстан бөлек, мен екі маңызды жайтты атап өтер едім.

Біріншіден, декарбонизация мәселесінде Қазақстан көшбасшылық танытып келеді. Соның бір дәлелі ретінде 2060 жылға дейінгі мақсаттардың қабылдануын атап өтуге болады. Осы тұрғыдан алғанда да біз энергетика саласының тиімділігін арттыруға көмектесетін технологиялар мен инновациялар бағытында бірлесіп жұмыс істеуге мол мүмкіндік көріп отырмыз.

Шын мәнінде, бізге энергияның барлық түрі қажет. Мұнай мен газ да, жаңартылатын энергия көздері де, жел мен күн энергиясы да, атом энергетикасы да керек. Ең бастысы — олардың арасындағы тепе-теңдікті сақтап, әрқайсысын барынша тиімді пайдалану. Қазақстанның бұл бағытта өзіндік көзқарасы мен нақты ұстанымы бар.

Меніңше, энергетиканың болашағы бір энергия көзін екіншісімен алмастыруда емес. Негізгі міндет — барлық энергия көзінің тиімділігін арттырып, оларды барынша ұтымды пайдалану. Бір баррель мұнай болсын, әрбір текше метр газ болсын, әрбір ресурс мүмкіндігінше тиімді жұмсалуы тиіс.

Екінші — адамдардың біліктілігін арттыру және өндірістік әлеуетті дамыту. Қазақстан мықты өндірістік негіз қалыптастыра алды. Жергілікті өндіріс пен қызмет көрсету саласының дамуы жаңа жұмыс орындарын ашып, экономиканың нығаюына ықпал етеді.

Энергетика саласы дамыған сайын, әсіресе жасанды интеллект пен есептеу технологияларына сұраныс артқан кезде, мұндай дағдылардың маңызы одан әрі күшейе түседі. Бұл — кез келген салада қажет болатын әмбебап қабілеттер. Сол үшін олар болашақта да экономиканың өсуіне өз үлесін қоса береді.

Сондықтан Қазақстан мемлекет, бизнес және қоғамның бірлескен жұмысы арқылы ұзақмерзімді пайда әкелетін бастамаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін атап өткен жөн.

— Бүгінде көптеген мемлекет көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге ұмтылып жатыр. Осындай жағдайда мұнай саласына қомақты қаржы құю қаншалықты орынды деп ойлайсыз?

— Меніңше, уақыт өте келе бұл мәселеге біржақты қарауға болмайтынын бәрі түсінді. Бірнеше жыл бұрын жаңартылатын энергия көздеріне көшуді әлдеқайда жылдам жүзеге асыруға болады деген көзқарас болды. Тіпті кейбіреулер дәстүрлі энергия көздерінен толық бас тартуға болады деп ойлады. Алайда қазір жағдайға шынайы қарайтын болсақ, энергияға деген сұраныс азаймай, керісінше өсіп жатқанын көреміз. Оның үстіне алдағы жылдары жасанды интеллектінің дамуы мен есептеу қуатына деген сұраныстың күрт артуы бұл үрдісті одан әрі күшейтеді. Сондықтан алдағы сұраныс көлемі бүгінгі энергетикалық жүйелердің мүмкіндігінен әлдеқайда асып түсетіні анық.

Біздің болжамымыз бойынша, 2050 жылға қарай әлемдегі энергияға сұраныс кем дегенде 10 пайызға өседі. Бұл қазірдің өзінде ауыр жүктемемен жұмыс істеп тұрған жүйеге қосымша салмақ түсіреді. Сондықтан мұндай сұранысты қамтамасыз ету үшін тұрақтылық қажет, энергияны нарыққа үздіксіз жеткізу мүмкіндігі қажет. Энергия барлық салаға жетуі керек. Ол сенімді, қолжетімді болуы және климатқа әсері мүмкіндігінше аз болуы тиіс.

Демек, бізге қосымша энергия көздері қажет болады. Оларды дамытып, өндіріске енгізіп, кеңінен қолдануға жағдай жасау керек. Сондықтан бұл жерде тепе-теңдік маңызды. Сутегі энергетикасы, жаңартылатын отын түрлері, геотермалдық энергия, атом энергетикасы және басқа да балама энергия көздерін қауіпсіз түрде қолданысқа енгізу керек. Біз қоршаған ортаны қорғап, оны келер ұрпаққа сақтап қалғымыз келеді. Бірақ сонымен бірге технологиялық дамуды да тоқтатпауымыз керек. Екеуі қатар жүруі тиіс.

р
Фото: Kazinform

— Кейінгі жылдары Шығыс пен Батысты байланыстыратын балама бағыт ретінде Орта дәлізге, яғни Транскаспий халықаралық көлік маршрутына қызығушылық айтарлықтай өсті. Сіздіңше, бұл бағыттың әлеуеті қандай? Ол Қазақстанның өңірлік энергетикалық, логистикалық және инвестициялық орталық ретіндегі орнын нығайта ала ма?

— Осы жерде 2021 жыл мен 2022 жылғы оқиғаларды еске түсіріп көрейікші. Сол кезде бүкіл әлем Қазақстанның дағдарыс жағдайында қалай әрекет еткенін және тұрақтылықты қалай сақтап қалғанын көрді. Содан бері бұл тұрақтылық одан әрі нығайып келеді. Мұнда ел басшылығының және оның халықаралық қауымдастықпен сындарлы қарым-қатынас орнатуға бағытталған ұстанымының үлесі зор.

Әдетте тұрақтылық бар жерде сауда да бар. Сондықтан Қазақстанның тек Орталық Азия үшін ғана емес, жалпы Азия өңірі үшін маңызды сауда тораптарының біріне айналуға нақты мүмкіндігі бар деп ойлаймын.

Ал мұндай экономиканың дамуы үшін энергия қажет. Авиация болсын, кеме қатынасы болсын, теміржол немесе автокөлік тасымалы болсын — бәріне энергия керек. Қазақстан табиғи энергетикалық ресурстарға бай, ал бұл елдің одан әрі дамуына жақсы негіз бола алады.

Осы орайда Орта дәліз тауарлар мен қызметтердің қозғалысын жандандырады. Өнім өндірушіден тұтынушыға, өндіріс орнынан сұраныс бар нарыққа жетеді. Ал Қазақстан үшін бұл табиғи байлықтармен қатар өзінің өндірістік мүмкіндіктерін, инфрақұрылымын және еңбек әлеуетін кеңінен пайдалануға жол ашады.