Шежірелі тарихымыздың мәдени ордасы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жақында ғана Елорда күні қарсаңында есігін айқара ашқан Қазақстан Республикасының Ұлттық мұражайы еліміздің рухани қазынасына олжа салған бірегей оқиғалардың бірі болып отыр. Жаңа ғимарат Астананың төріндегі "Қазақ елі" монументтік-сәулеттік кешені ансамблінің салтанатын асырып, бірегей сымбатымен көз жауын алады.
Тәуелсіздік көшесінің бойына айрықша сән беріп тұрған бұл ғимараттан қазақ жерінің айбынын, Алаштың асқақ рухын баяндайтын бабалардың байырғы құндылығын тамашалауға болады десек, кейінгі жас ұрпақтың өткен тарих тағылымын жан-жақты танып-білуіне де үлкен мүмкіндік туып отырғаны сөзсіз.
Тарихтың тоқсан тараулы шежіресіне бойласақ, мұражай алғашында бағалы бұйымдар мен заттар, мәдени жәдігерлерді сақтайтын қазыналық қор ретінде қалыптасты. Музейлердің қалыптасуына көне замандардағы коллекциялар негіз болған көрінеді. Ежелгі Рим шешені Марк Туллий Цицерон: "коллекция - шашыранды заттарды бір топқа біріктіру" деп түсіндірді. Коллекциялау ісімен Аристотель, Рим патшасы Юлий Цезарь, т.б. айналысқан. Еуропада тарихи мұражайлар 16 - 18 ғасырларда пайда болды. Мұражайлардың қалыптасуы ұлттық сана-сезімді оятуға, мәдени-саяси идеяларды (ой-сезімді) насихаттауға көмектесті. 1820 жылы Германияда өнер мұражайлары құрылды. 1811 жылы Ресейде - Феодосияда, 1825 жылы Одессада, 1828 жылы Керчьте археологиялық бағыттағы және әскери-тарихи мұражайлар құрылған. 19 ғасырда этнографиялық зерттеулердің дамуы нәтижесінде этнографиялық музейлер құрылып, олар ғылыми-зерттеу орталықтарына айналды. Ал, Қазақстанда мұражайлар тарихы 1830 жылдан басталады. Орынборда жергілікті халықтың тарихы мен этнографиясын сипаттайтын мұралар негізінде 1831 ж. Неплюев әскери училищесі жанынан губерниялық мұражай ашылған. Бұл мұралар қазіргі таңда ҚР Орталық Мемлекеттік музейінің негізгі қорын құрауда.
Әрине, бүгінде мұражайлардың түр-түрі жеткілікті. Олардың арасында белгілі бір тақырыптарға, тарихи-өлкетану, археология мен этнография, өнер мен мәдениет саласында, белгілі бір ұлы тұлғалардың мемориалдық мұражайы түрінде құрылып, жас ұрпақты тәрбиелеуде үлкен қызмет атқарып отырғаны белгілі. Десек те, бұл орайда арғы-бергі тарихымызды, сонау сақтар мен ғұндар дәуірінен, Түркі қағанаты, Қазақ хандығы тарихынан бері қарай Еуразия кіндігіндегі қазақ еліндегі дала өркениетінің тұтас дәуірлерін, соқтықпалы-соқпақты бел-белестерін, одан берідегі бүгінгі жаһандық дамудың ұлы көшіне қосылған тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихын бедерлеуде Ұлттық мұражай шежірелі орда болмақ. «Қазақстан - ежелгі атақонысына ту тіккен жас мемлекет. Қазақстанның бүгінгі жетістіктерін жаһанға жарқырата түсу - біздің ортақ парызымыз. Қазақтың тарихы - бірігу мен тұтастану тарихы. Бүгін жай ғана музей ашылып отырған жоқ, сан мың жылдық шежіре жазылатын Қазақстан тарихының жаңа беті ашылып отыр», - деген еді Елбасы Н.Ә. Назарбаев жаңа мұражайдың ашылу рәсімінде.
«Біздің тарихымыз мақтан етуге лайықты ерлік пен елдіктің тарихы, мыңжылдықтар қойнауынан бастау алатын қазақ шежіресі - адамзат тарихының ажырамас бөлігі. Біздің бабаларымыз Қиыр Шығыс пен Батыс Еуропаның, Сібір мен Үндістанның арасында 4-5 мың жыл бойы айрықша рөл атқарғанын тарихтан білеміз. Сақтар мен ғұндар дәуірінен бастау алып, Түрік қағанатымен жалғасқан қазақ хандығының және бүкіл тәуелсіз Қазақстанның өткені халқымыздың бірлігі мен тұтастығының жылнамасы болып саналады. Мәңгілік еліміз барда қазақтың тарихы да мәңгілік. Қазақстанның жаңа тарихына айрықша мән берілетін болады. Дәуірлерге лайық іс тындырған жиырма жылдан астам уақыт ел тарихында ең жасампаз кезең болып табылады. Кейінгі ұрпақ бүгінгі буын бастаған ұлы істерді лайықты жалғастыратынына мен сенімдімін. Қазақстан тарихы келешекте тек қана бейбіт бастамалар мен жарқын істермен жалғасатын болады. Бүгін есігін айқара ашып отырған тарих музейі сан жылдар жасалған жасампаздық жәдігерлермен толыға береді, - дей келіп, Нұрсұлтан Назарбаев:
- Музейдің ашылуы арқылы Қазақ елі сәулетті архитектуралық кешенін құру аяқталады. Тәуелсіздік сарайы және көкке ұмсынған Стела, Бейбітшілік және келісім сарайы, Әзірет Сұлтан мешіті және Ұлттық өнер университеті, енді, міне, Ұлттық музей - бұлар біздің халқымыздың мәңгілік құндылықтарының архитектуралық көрініс табуы, - деді.
Қазақстан Президенті Ұлттық музей ғимаратында халықтың өткені, қазіргісі және болашағының терең символизмі бейнеленгенін атап өтті.
- Бұл - ашықтық, дәстүрге адалдық және инновацияға ұмтылыс. Сәулеткерлік шешімде мәңгілік классика мен креативті модерн синтезі айшықталған. Бұл тарихи дәуірлердің сабақтастығын айрықша таныта түседі, - деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті жаңа музейдің тарихты таныту және еліміз туралы терең білімді сіңіру орталығына ғана емес, белгілі мәдени және ғылыми мекемеге айналатынына сенім білдірді.
- Ұлттық музей ғылыми және рухани орталыққа айналады, біздің Қазақстан жолының барлық ілгері жетістіктерін танытады, архитектуралық өлшеммен алғанда, музей ғимараты қазірдің өзінде Ресейдің Эрмитажымен, Францияның Луврымен, Американың Метрополитен музейімен бірге әлемнің ірі экспозициялары ондығының қатарында тұр, - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы музейдің қыш кітабына естелік қолтаңба қалдырды. Онда Президенттің «Рухы биік халықтың іргесі берік!» деген тілегі жазылған. Елбасы Тәуелсіздік, Ежелгі және орта ғасыр тарихы, Этнография, қазіргі заманғы өнер залдарын аралап көрді. Сыртқы сымбаты заманауи талғамға сай жасалған Ұлттық мұражайдың сәні де бөлекше. Еліміздің көк байрағына ұқсас көгілдір шынылар мен ұлттық ою-өрнек бедерленген ақ түсті қабырғалар ерекше көз тартады. Төменде атқылаған субұрқақтан сақ жауынгері атының басын төрт тарапқа бұрып, ел шебін қорғап тұрғандай әсер қалдырады. Кіре берістегі Қазақстан картасы іспетті үлкен медиа-экран еліміздің қалаларына саяхат жасатады. Оның жоғары жағында белгілі қылқалам шебері Ерболат Төлепбайдың бір топ автормен бірігіп салған триптих-полотносында сақ, түркі халықтарынан қазіргі заманғы тарихқа дейінгі «Тағдыр», «Аңырақай», «Жаңарған дала» - қылқалам тілімен бейнеленген шежіре-суреті орналасқан. Биіктегі алып қыран құс қанатын сермеп, дала тынысын, егемен елдің ертеңін паш етеді.
Ал енді жалпы Ұлттық музейдің өзі туралы айтатын болсақ, көрме залдары, қоймалар және жұмыс лабораториялары өте ауқымды. Музейдің экспозициясын жасақтау кезінде әлемдік музейтану мен жаңа технологияның ең озық әдістемелері қолданылған және де мұнда Қазақстанның ежелгі дәуірден бастап қазіргі күнге дейінгі археологиялық, этнографиялық, тарихи-мәдени ескерткіштері жинақталған. Жобаға сәйкес қабаттары сатылап биіктейтін (2 қабаттан 8 қабатқа дейін) 7 блоктан түзілген музейдің экспозициялық алаңы 14 мың шаршы метрден асатын жерді алып жатыр. Ал мұражайлар ауқымы 5 мың шаршы метрге жуық. Мұнан бөлек уақытша көрмелер өткізетін «Ұлттық мирас» ғылыми-зерттеу институты, жаңғырту шеберханалары, зертханалар, мұражайлар, оқырман залдары бар кітапханалар, ілеспе аударма құралдарымен жабдықталған мәслихат залы, кәдесый киоскісі, дәмхана, буфет орналасатын жайлар бар. Музейдің кәсіби, қауіпсіз мұражайлары заманауи дүниежүзі мойындаған әлемдік стандарттарға сәйкес жасалған, яғни климат-бақылау жүйесінің болуы, биологиялық және жарықты бақылау, сонымен қатар, мұражайлар құрылысына арналған патенттелген арнайы материалдар пайдаланылған. Медиа-технологиялардың дамуына байланысты дәстүрлі музейлер өзінің рөлін жоғалтуы мүмкін деген қоғамда қалыптасқан пікірге қарамастан, өмірдің өзі заманауи технологиялар мәдени ескерткішті жете таныстыру тетігі бола алатынына көз жеткізіп отыр. Тәуелсіз Қазақстан тарихы экспозициясында музейге келушілердің назарына аса ұтымды әрі Азиядағы теңдесі жоқ, көлемі 35,9 х 20,6 м болатын алып, доғал экран арқылы аумағы бойынша әлемде 9-шы орын алатын Қазақстанның қайталанбас табиғаты ұсынылады. Тағы бір елеулі нәрсе, Астана залында елорданың бірегей серпінді макеті және әлгі доғал экранмен бірге әсерлі шоу жасайтын медиа еден көпті сүйсінтері сөзсіз. Үш тілді мультимедиялық гид ыңғайлы әрі сенімді жолсерік ретінде келушінің көңіл күйіне, уақыты мен қызығушылығына сәйкес экскурсия маршрутын көрерменнің қалауына қарай, музейдің көптеген залдарына бас¬тап апарады.
Ұлттық музейдегі «Алтын адамның» алар орны ерекше. Есіктен табылған археологиялық олжа - Қазақстанның символы. Ежелгі тарихтан хабар беретін жәдігерлерде ел ішінен табылған, осы күнге дейін музейлерден орын алмаған құндылықтар (Тақсай ханшайымы, Сайрамдағы алтын бұйым мен күміс тиындар қоймасы. Талды алтын бұйымдары) қойылған зал келушілерді бөлекше әсерге бөлейді.
Қазақстанның Тәуелсіздігі және қазақ мемлекеттігін құрып, оны төрткүл әлемге танытудағы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қайраткерлік рөлі ұлттық мұражайдың кең салалы тақырыптарының бірі болмақ.
Мұражай салтанатпен ашылғаннан кейінгі мерекелі күндерінің өзінде мұнда 40 мыңға тарта адамның тамашалауы ел тарихының жауһарына айналғалы отырған осынау мәдениет ордасына деген халықтың ынта-ықыласы мен қызығушылығының зор болғанын танытқандай.
Мұражай ісінің классикалық нұсқада да, қазіргі заманауи формада да ғасырлардан сыр тартқан терең тамырлы дәстүрлері бар. ҚР Ұлттық мұражайының директоры Дархан Мыңбайдың айтуынша, мұражай қызметкерлері оның ашылуынан бұрын бұл істе мол тәжірибесі бар елдерде болып, тәжірибесін зерделеген. Мәселен, 2012 жылы олар Сеулде Корея Ұлттық мұражайында болған. Сондай-ақ кезінде 1872 жылы 600 экспонатпен жұмысын бастаған Токио ұлттық мұражайының дәстүрлерінде де үйренерлік тәжрибе аз емес. 1897 жылы ашылған Киото мұражайында да үлкен тарихтың терең сырлары жеткілікті. Осы мұражайларды безендіру элементтері біздің Ұлттық мұражайдың дизайн-жобасының негізіне алынған. Бұл орайда классикалық өнердің Отанына айналған Италиядағы ежелгі Римнің ұлылығы мен қуатын бейнелейтін Колизей, Ватикан мұражайы, Капитолий, әсіресе скиф алтынының бірегей коллекциясы жинақталған Санкт-Петербургтегі Эрмитажда жақсы үлгілерді сары алтындай сақтап, әспеттеп көрсетуде озық тәжірибе жеткілікті.
Жаңа мұражайдың ашылу салтанатына алыс-жақын шетелдерден көптеген қонақтар келді. Олардың арасында Ресейдің, Қытайдың, АҚШ-тың, Ұлыбританияның, Болгарияның, Қырғызстанның және басқа да бірқатар елдердің ірі мұражайларының басшылары болды. Ресейліктер елорда мұажайының алғашқы келушілеріне «Орыс кескіндемесінің төрт ғасыры» көрмесін ұсынды. Қазақстан астанасына Тропининнің портреттері, Левитанның пейзажы, Суриковтың тарихи полотнолары әкелінді және қылқалам шеберлерінің басқа да қызықты жұмыстары көрмеге қойылды. Таныстырылым аясында халықаралық конференция ұйымдастырылып, әріптестер әр ұлттың базалық құрамдастарының бірі болып табылатын мемлекеттің мәдени мұрасын сақтап, ілгерілету жөніндегі бірлескен жұмыстың қажеттігі туралы ортақ пікірге келді.
Қазақстан республикамызда тұратын әрбір ұлыстың өзіндік мәдени ерекшеліктерін, әр ұлттың өзіндік дамуының диалог алаңы болып келеді. Біздің еліміз мультимәдени құндылықтарды сақтап одан әрі дамытуда және оларды адамзатты дамытудың гуманистік бағытымен ұштастыруды жақтай отырып, «2013-2022 жылдарға арналған мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық онжылдығы» бағдарламасына бастамашы болды. Және ол Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының таяудағы онжылдыққа арналған мәдениеттер үндестігі жөніндегі қарарына негіз болды.
Сондықтан да Ұлттық мұражай алдында үлкен келелі міндеттер тұр. Оның үстіне жаңа мұражай еліміздегі жүздеген мұражайларға бағыт-бағдар беріп, ғылыми-әдістемелік қолдау көрсетіп отыратын болады. Ұлттық мұражай жанында тарих пен мәдениет институты ашылмақ. Елорда төсіндегі Ұлттық мұражай Қазақстан атты Мәңгілік елдің ұлы мұраттарының жаршысына, мәдениетіміздің шежірелі тарихының алтын ордасына айналғай!
Сайлау Абылаев