Шығыс Қазақстан облысында құндыздар Тайынты өзенін тасытып жібере жаздады

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – ШҚО-дағы Тайынты өзені арнасынан асып кете жаздады. Бұған құндыздар себепкер болды. 

Шығыс Қазақстан облысында құндыздар Тайынты өзенін тасытып жібере жаздады
Фото: Kazinform

Ұлан ауданына қарасты Огневка ауылының маңында аңдар 20-дан астам ағашты құлатып, ол өзен арнасын жауып қалған. 

«Тіпті өзен сәл тасыса да жолды су басар еді. Соның салдарынан Огневка ауылының халқы ешқайда шыға алмай қалуы ықтимал-тұғын. Сондай-ақ ауылдағы көшелердің бірі ойпатта орналасқандықтан, су тұрғын үйлерге де жетуі мүмкін еді. Сондықтан мәселені тез арада шешуге тура келді», - дейді Ұлан ауданындағы «Коммунальник» КМК директоры Серік Төлесов. 

Шығыс Қазақстан облысында құндыздар Тайынты өзенін тасытып жібере жаздады
Фото: Kazinform

Сол жерге 10 адам мен 3 техника тартылып, жағдай қалыпқа келді. Өзен арнасындағы ағаштар алынып, мұқтаж отбасыларға отын ретінде таратылады. 

Айта кетейік, мұндай оқиғалар осында бұған дейін де болған. Сондықтан өзендер әркез бақылауға алынған. 

Еске салсақ, осыған дейін Риддерде табиғаттың тосын мінезінен кейін халық бірнеше күн бойы сусыз қалғаны хабарланған еді. 

Соңғы жаңалықтар