Уақыт белдеуі. ШҚО-дан бөлек, өзге өңірлерде де жұмыс кестесі өзгеруі мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде бірыңғай уақыт белдеуі енгізілген соң шығыс өңірдегі халық бұл бастамаға наразы екенін білдірген болатын. Қазіргі таңда Шығыс Қазақстан облысының 7 ауданында жұмыс кестесі өзгертілді. 

офис работа ноутбук сотрудник жұмыс қызметкер
Фото: Kazinform

Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев айтты.

— Мәжілістің «Аманат» фракциясы аясында бірыңғай уақыт мәселесін талқылау қорытындысы бойынша медицина, нейроғылым, биофизика, генетика, астрофизика, физиология салаларындағы ғылыми зерттеу институттары салалық сарапшыларының, мәслихат депутаттары және мүдделі тұлғалардың қатысуымен бірыңғай уақыт белдеуінің халық денсаулығына, энергия тұтыну және еңбек өнімділігі әсеріне мониторинг жүргізілді. Жұмыс барысында уақыт белдеуі өзгеруіне дейінгі және одан кейінгі көрсеткіштерді салыстыратын кешенді тәсіл қолданылды… Нақты деректерге негізделген нәтижелер уақыт белдеуінің өзгеруі халық өмірінің негізгі көрсеткіштеріне теріс әсері болмағанын айқындады, — деді ол Үкімет отырысында. 

Сонымен қатар спикер өңірлерде талқылау барысында мәслихат депутаттары жұмыс кестесін ауыстыру арқылы жұмыс уақытын оңтайландыру жөніндегі бастаманы қолдағанын атап өтті.

— Бүгінгі таңда, Шығыс Қазақстан облысының бірқатар ауданында (Катонқарағай, Марқакөл, Үлкен Нарын, Зайсан, Тарбағатай, Самара, Күршім) тұрғындар тарапынан қолдау тауып, жұмыс кестесі 8:00–ден 17:30 (кешкі бес жарымға) дейін өзгертілді. Бұл шаралар, азаматтар үшін қолайлы жағдай жасауға, сондай-ақ кәсіби және жеке өмір арасындағы теңдікті жақсартуға бағытталған. Қажет болған жағдайда, осындай тәжірибені жергілікті атқарушы органдар басқа өңірлерде де қолдануға мүмкіндігі бар, — деді министр.

Осыдан бұрын Сауда және интеграция министрі Ғалымдар уақыт белдеуін өзгертудің кері әсерін дәлелдесе, кім жауапты болады деген сауалға жауап берген еді.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында бірыңғай уақыт белдеуіне қатысты сұраққа пікір білдірді.

Соңғы жаңалықтар