Шығыс Қазақстан туризмін тежеп тұрған түйткілдер қандай
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Суы да, нуы да, аспанмен астасқан таулары да бар Шығыс Қазақстанға жаз кезінде атбасын бұратындар аз болмайды. Бірақ өңірде туристер үшін барлық жағдай жасалған деуге келмес. Мәселен, адам көп баратын кей жерлерде әлі күнге дейін әжетхана жоқ. Одан соң облысқа көлікпен келетін демалушылар полицейлердің себепсіз тоқтата беретініне жиі шағымданады. Kazinform тілшісі бұл мақалада өңір туризмінің бүгінгі ахуалын зерделеп көрді.
«Театр ілгіштен, туризм дәретханадан басталады»
Шығыс Қазақстанда ел арасында «Екінші Швейцария» атанып кеткен Катонқарағай ауданы, 2021 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек демалысын өткізген табиғаты көркем Бұқтырма су қоймасы, биік таулар арасында орын тепкен Марқакөл көлі және басқа да демалыс орындары бар.
Ұлттық статистика бюросы департаментінің деректеріне сәйкес, өткен жылдың қорытындысы бойынша облысқа келген туристер саны 446,8 мың адамды құраған. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 4,4% пайызға өсіпті. Алайда ШҚО Туризм басқармасы өңірге демалуға келетіндер саны бұдан көбірек деп есептейді.
— Объективті бағалауларға сәйкес, нақты туристік ағын бұдан едәуір жоғары. Қазіргі қолданыстағы есептеу әдістемесін өзгерту мәселелері Туризм және спорт министрлігімен бірлесіп пысықталып жатыр. Облыста 412 орналастыру орны жұмыс істейді. Бұл көрсеткіш бойынша біз Қазақстанда бірінші орындамыз. Олардың біржолғы сыйымдылығы 21 737 төсек-орынды құрайды. Орналастыру нысандарының бір жылда көрсеткен қызмет көлемі — 9,8 млрд теңге, — деп хабарлады басқармадан.
Туристердің көп келгені жақсы ғой. Бірақ олардың арасында көңілі толмай кеткендер жоқ емес. Әсіресе адам мол жиналатын кей жерлерде әжетхананың жоқтығы немесе аздығы талайдың наразылығын туғызады. ШҚО туризм кеңесінің төрағасы Сымбат Рамазановтың айтуынша, театр ілгіштен, ал туризм дәретханадан басталады.
— Өңіріміз Қытаймен шекаралас болғандықтан сол елге жиі барып тұрамын. Сондағы Жеменей қаласындағы жол бойындағы әжетханаларды алғаш көргенде таңдайымызды қақтық. Тек ер адамдар кіретін жақтың өзіне 60 адамдай сыяды. Мұндай әжетханалар тіпті біздегі сауда үйлерінде де жоқ. Ал туристік нысандарда бар болғанның өзінде 1-2 әжетханамен шектеліп жатамыз. Оның өзінде кейбірінің есігі жабық тұрады, — дейді ол.
Сондай-ақ облысқа көлікпен келетін демалушылар полицейлердің себепсіз тоқтата беретініне жиі наразылық білдіріп жатады.
— Осы мәселені талайдан бері көтеріп келемін. Заңсыз тоқтату ол бір жағы. Екінші мәселе — өңірімізге Қытайдан жол талғамайтын көліктерімен туристер келеді. Ол жақта көлік терезелерін қараңғылауға рұқсат етілген. Ал бізде ондайға тыйым салынған. Сол үшін де полицейлер тоқтатып жатады. Бұл түйткіл әлі шешімін таппады. Облыстық Полиция департаменті, Туризм басқармасы және басқа да мүдделі органдар жиналып, жаз кезінде демалушыларға жайлы жағдай жасаудың әдіс-тәсілдерін қараса деймін. Біз әр туристі құшақ жая қарсы алып, жол көрсетіп, сұрақтарына жауап беріп жіберек, оның да көңіл-күйі көтеріңкі болады, — дейді Сымбат Рамазанов.
Көпірдің жағдайы мүшкіл
Жазда рекреациялық аймақтардағы экологиялық туризмге қызығатындар да аз емес. Бұл қоршаған ортаға минималды әсер ететін сапарларға шығатын демалыс түрі. Соның ішінде көпшілік Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркін таңдап жатады.
Алайда парк аумағындағы Ақ Берел өзені арқылы Көккөл сарқырамасына апаратын жаяу көпір мүшкіл жағдайда. 1938 жылы салынған бұл өткел 2024 жылы тасқын судан зақымданған. Соның салдарынан Алтай тауларының ең биік шыңы — Мұзтауға бағыт алған туристер өзенді атпен кешіп немесе керілген арқан арқылы өтуге мәжбүр.
Туризм саласында жұмыс істеп келе жатқанына екі жылдан асқан Аян Қалымбек Шығыс Қазақстанға келуге ниет білдіргендерді өңірдің көрікті жерлеріне апарып аралатып жүр. Оның айтуынша, туризмді дамыту түсу үшін әуелі құзырлы басқарма жұмысын жандандыру қажет.
— Шынын айтқанда, Туризм басқармасының жұмысы көрінбей жатыр. Облыстық туристік ақпарат орталығының әлеуметтік желідегі белсенділігінен ғана ақпарат алып тұрамыз. Катонқарағай, Марқакөл, Самар, Ұлан аудандары мен Риддер қаласының әрқайсысы жеке-жеке белсенді болуы тиіс. Екінші, жол жағдайын жақсарту керек. Үшіншіден, жергілікті халықты қонақ күтуге дайындаған абзал. Олардың туристерді қарсы алуы, әдеп сақтауы, қонақжайлық танытуы жоғары деңгейде болуы тиіс. Билік тарапынан бұның пайда әкелетіні, облысты, қала-ауданды дамытатыны туралы жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілуі қажет, — дейді Аян Қалымбек.
Жаңа әжетханалар орнатылмақ
Бүгінде облыс бойынша 36 санитарлық-гигиеналық торап бар екен. Олардың 17-сі субсидияланады.
— Субсидияланатын тораптардың тиісті деңгейде ұсталуын қамтамасыз ету мақсатында мониторинг жүргізіліп, қажетті шаралар қабылданады. Бірінші және қайталанған бұзушылықтар анықталған жағдайда ескерту беріліп, ал бір күнтізбелік жыл ішінде үшінші бұзушылық тіркелсе субсидиялауды тоқтату көзделген. Сонымен қатар сұранысқа ие туристік бағыттар бойынша қосымша 9 санитарлық-гигиеналық торап орнату мәселесі пысықталуда, — дейді ШҚО Туризм басқармасының басшысы Ержан Сембинов.
Оның айтуынша, Ақ Берел өзені арқылы Көккөл сарқырамасына апаратын жаяу көпір республикалық маңызы бар ұлттық парк аумағында орналасқан. Соған байланысты оны республикалық бюджет есебінен жөндеу мәселесі бойынша Экология министрлігіне және Қаржы министрлігіне бірнеше рет өтініш жолданғанымен, жауапқа сәйкес жөндеу жүргізу тек жергілікті бюджет қаражаты есебінен мүмкін екені көрсетілген.
— Жағдайдың күрделілігі нысанның қолжетімділігі төмен аумақта орналасуымен байланысты. Құрылыс материалдарын жеткізу тек тікұшақпен немесе жүк арбалы көлікпен жүзеге асырылуы мүмкін. Бұдан бөлек, туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында соқпақтарды нығайту және маршрутты таңбалау жұмыстары қажет. Бұл туристердің мемлекеттік шекараны байқаусызда бұзу тәуекелін болдырмауға мүмкіндік береді, — дейді Е.Сембинов.
Басқарма мәліметіне сүйенсек, 2030 жылға дейінгі стратегияға сәйкес, Шығыс Қазақстанда туристік саланы дамыту төрт негізгі кластер шеңберінде жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, Катонқарағай және Үлкен Нарын аудандары (сауықтыру және экологиялық туризм), Алтай және Риддер қалалары (тау-шаңғы және белсенді туризм), Марқакөл және Зайсан аудандары (экологиялық туризм), Өскемен қаласы, Ұлан және Глубокое аудандары (жыл бойғы демалыс күнгі туризм бағыты ретіндегі «Қала-таулар-көлдер» кластері).
— 2025 жылғы жаз кезінде мемлекеттік инспектордың мониторингтік тексеруі барысында анықталған ескертулерді жою және 2026 жылғы жазғы маусымға дайындық шеңберінде әкімдіктер жағажай инфрақұрылымының дайындығын қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізді. Инфрақұрылымның өзекті жай-күйін бақылау мақсатында басқарма тарапынан Катонқарағай, Алтай, Самар және Үлкен Нарын аудандары бағыттарында мобильді топтардың көшпелі іс-шаралары ұйымдастырылды. Анықталған ескертулер мен ұсыныстар қамтылған анықтама тиісті әкімдіктерге жолданды, — делінген ақпаратта.
Еске салсақ, осыған дейін елімізде туризм саласында 600 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылғаны хабарланған.