Шығыс Қазақстан ВИЧ-пен ауырғандар көрсеткіші бойынша елде алдыңғы орында тұр
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында ВИЧ-инфекциясына шалдыққандар саны өсіп келеді. Биылдың өзінде 250-ден астам жаңа жағдай анықталған.
Бірнеше жыл қатарынан Шығыс Қазақстан адамның иммун тапшылығы вирусымен (ВИЧ) ауырғандар көрсеткіші бойынша елде бірінші орында тұр. Қазіргі таңда облыс бойынша осы диагнозбен 3 мыңнан астам адам есепке қойылған.
- Бұрын ВИЧ негізінен есірткі тұтынушылар арасында таралса, қазір жұқтырудың 60 пайызы жыныстық жолмен берілген. Бұл гетеросексуалды және гомосексуалды қатынастарға да қатысты, - деді ШҚО ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығының бас дәрігері Салтанат Фатихова.
Облыстағы науқастардың 92 пайызы антиретровирустық терапия алады. Бұл емдеу тәсілі ауруды бақылауда ұстап, оның өмір сапасын сақтауға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда ВИЧ-ке шалдыққан адамдар толыққанды өмір сүріп, отбасын құрып, бала тәрбиелеуде.
- Биыл ВИЧ жұқтырған аналардан 25 сәби дүниеге келді. Олардың ешқайсысынан инфекция тіркелген жоқ. Балалар бір жарым жыл бойы дәрігер бақылауында болады. Соңғы бірнеше жылда бізде ВИЧ жұқтырған нәрестелер тіркелмеген, - деді орталықтың емдеу бөлімінің меңгерушісі Наталья Оралбаева.
Еске салсақ, осыған дейін Өзбекстанда шетелдіктер мен мигранттарға ВИЧ-ке міндетті тестілеу енгізілетіндігі хабарланған.