Шығыс Қазақстанда көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстары жалғасып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында Марқакөл ауданы маңындағы Қалжыр өзенінде құтқарушылар мұз жамылғысын әлсірету мақсатында жоспарлы жару жұмыстарын жүргізді. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі мәлім етті.
Осылайша ТЖМ мамандары 15 мың шаршы метр мұзды ұсақтап, көктемгі су тасқыны кезінде мұз кептелістерінің пайда болу қаупін азайтуға ықпал етті.
Қазіргі уақытта ТЖД қызметкерлері мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері мұз массаларының қозғалысын бақылауда. Бұл шаралар судың кедергісіз өтуін қамтамасыз етуге және төтенше жағдайлар қаупін барынша азайтуға бағытталған.
Еске сала кетейік, бұған дейін Шығыс Қазақстандағы Үлбі өзенінде мұз жару жұмыстары жүргізілді.
Ал бүгін Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Ұлытау облысының су тасқыны кезеңіне дайындығын тексерді. Жұмыс сапары барысында вице-премьер Жезді өзенінің арнасындағы жағдаймен танысып, Қарсақпай, Сарлық, Қорғасын, Бозтұмсық және Малшыбай елді мекендерін су тасқынынан қорғау бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды қарап шықты.