Шығыс Қазақстанда күзгі науқанда 700 адам әскерге жіберілмек
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында қыркүйек айынан бастап азаматтарды мерзімді әскери қызметке күзгі шақыру науқаны жүріп жатыр.
Биыл өңірден Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері мен өзге де әскери құралымдарға шамамен 700 азаматты жіберу жоспарланған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ШҚО Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары Қазбек Ахметов мәлімдеді.
— Отан алдындағы борышын өтеуге шақырылатын азаматтарға тұрғылықты жері немесе жұмыс орны бойынша әскерге шақыру қағазы табысталады. Бұдан бөлек, 1414 қызметі арқылы SMS-хабарлама жіберіледі. Әскери есеп жүргізу жүйесі де цифрлық форматқа көшіріліп жатыр. Соның арқасында қажетті ақпаратты алып, бірқатар мемлекеттік қызметті қашықтан рәсімдеуге болады. Мәселен, әскери қызметті кейінге қалдыру немесе одан босату туралы өтініш eGov.kz порталы арқылы қабылданады. Барлық мемлекеттік қызмет тегін көрсетіледі, — деді ол.
Осы ретте, Қорғаныс істері жөніндегі департамент шақыру мәселесін ақылы түрде шешуге уәде беретін делдалдарға сенбеуге шақырады. Әскери қызметтен жалтарған азаматтар заңға сәйкес жауапқа тартылуы мүмкін. Тиісті рәсімдерден өткен азаматтар ҚР Қарулы Күштері мен басқа да әскери құралымдардың бөлімдеріне жіберіледі.
Еске салсақ, осыған дейін Павлодардан 700-ден астам жас әскер қатарына шақырылатындығы хабарланған.