Шығыс Қазақстанда тағы бір ауыл ішімдіктен бас тартты
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданындағы Жалғызтал ауылының тұрғындары ішімдіктен түбегейлі бас тарту туралы шешім қабылдады.

Бұл елді мекендегі 30 үйде 150 адам тұрады. Ауыл халқы біркісідей алкогольді ішімдіктен бас тартты.
— Осылайша, олар құқық бұзушылықтардың алдын алып, қоғамдық тәртіпті нығайтып және салауатты өмір салтын насихаттап отыр. Ауыл тұрғындары саналы таңдау жасап, дәстүрлі отбасылық құндылықтарды бірінші орынға қойды. Соңғы үш жылда Жалғызталда бірде-бір қылмыс тіркелмеген, — деп хабарлады ШҚО Полиция департаментінен.
Полицейлер ауыл жұртшылығының бастамасын қолдай отырып, тұрмыстық жанжалдар мен басқа да қылмыстар көбінесе мас күйде жасалатынын атап өтті.
Айта кетейік, Жалғызтал ауылы облыс бойынша ішімдіктен бас тартқан алтыншы елді мекен болып отыр.
Еске салсақ, бұған дейін Атырау облысында тұрғындары ішімдіктен бас тартқан ауылдар саны 54-ке жеткенін жазған едік.