Шығыс Қазақстандағы бірнеше жолда көлік қозғалысына шектеу алынып тасталды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында бірнеше жол кей көлік түрлері үшін қайта ашылды.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 18 қаңтар сағат 11:00–ден бастап республикалық маңызы бар тасжолдардың бірқатар учаскелерінде қоғамдық көліктер мен дизельді көліктер үшін қозғалыс шектеулері алынып тасталады.
— Атап айтқанда, «Алматы-Талдықорған-Өскемен-Шемонаиха-Ресей шекарасы» жолының 1013-1062 шақырымында (Абай ауданы шекарасынан Алмасай ауылының бұрылысына дейінгі жол), «Алматы-Талдықорған-Өскемен-Шемонаиха-Ресей шекарасы» тасжолының 1104-1212 шақырымында (Глубокое ауылы-Шемонаиха қаласы-Ресей шекарасы арасы), «Өскемен-Семей» тасжолының 10-103 шақырымында (Герасимовка ауылы мен Абай ауданы шекарасының арасы), «Қытай шекарасы-Майқапшағай-Зайсан-Қалбатау-Семей-Павлодар-Ресей шекарасы» тасжолының 1103-1256 шақырымында шектеулер алынды, — деп хабарлады ведомство өкілдері.
Осы ретте, құтқарушылар халыққа алыс сапарға шығар алдында жолдардың жай-күйін «Дәрмен» мобильдік қосымшасы арқылы тексеріп отыруға кеңес берді.
Еске салсақ, осыған дейін 18 қаңтарда елдегі қай жолдарда қозғалыс шектелгені жайлы жазғанбыз.