Шығыс Қазақстандағы мектеп автобустарының жартысынан астамы ескірген
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысындағы мектеп автобустарының жартысынан астамы ауыстыруды қажет етеді.
ШҚО білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, бүгінде өңірдегі 102 білім ордасында оқушыларды тасымалдайтын 126 автобус бар. Соңғы жылдары автопарк кезең-кезеңімен жаңартылып, 2020 жылдан бері 28 жаңа автобус сатып алынған. Оның 12-сі соңғы үш жылда алынды.
Соған қарамастан, қолданыстағы автобустардың едәуір бөлігі ұзақ жылдар бойы пайдаланылып келеді. 2000-2015 жылдар аралығында сатып алынған әрі пайдалану мерзімі нормативтен асып кеткен 68 мектеп автобусы ауыстыруды қажет етеді.
- Қазіргі уақытта мектеп автобустары паркін лизинг тетігі арқылы жаңарту мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Алдын ала есеп бойынша, бұл мәселені шешуге шамамен 3 млрд теңге қажет, - делінген ақпаратта.
Еске салсақ, осыған дейін Өскеменде автобус жолақысы қыркүйектен бастап өзгеруі мүмкіндігі жайлы жазғанбыз.