«Шығыс» өңірлік әскерінің бұрынғы қолбасшысы ұсталды – Антикор

АСТАНА. KAZINFORM — Антикор отставкадағы генерал-майорға қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Бигайдаров мәлім етті. 

«Шығыс» өңірлік әскерінің бұрынғы қолбасшысы ұсталды – Антикор
Фото: Павлодар облысының соты

— Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің бұрынғы қолбасшысы, отставкадағы генерал-майорға қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр. Ол адал кәсіпкердің сенімін теріс пайдаланып, жоғары лауазымды әскери тұлға ретіндегі беделін қолданып, аса ірі көлемде қаржы иемденген. Қылмыс Қазақстан аумағында әлеуметтік жобаларға инвестиция салудан жоғары табыс табуға болады деген сылтаумен, министрліктер мен шетелдік серіктестердің ықпалды өкілдерінің қолдауымен жүзеге асады деген желеумен жасалған, — деді Данияр Бигайдаров ведомствода өткен баспасөз мәслихатында.

Ресми өкілдің мәлімдеуінше, соттың санкциясымен күдікті қамауға алынды.

— Күдіктінің басқа да қылмыстық құқық бұзушылықтарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр. Тергеу жалғасып жатыр, — деп толықтырды Антикор өкілі.

Бұған дейін хабарлағанымыздай бұрынғы Әділет министрі Марат Бекетаев 9 жылға сотталды

Соңғы жаңалықтар