Шығысқазақстандық әйел киіз басып, ұлттық өнерді ұлықтап жүр
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Ақжар ауылында тұратын Ләззат Кендіржанова көне өнерді дамытып жүр. Ол киіз басумен 18 жыл бойы айналысып келеді. Шебер үшін бұл – кәдесый жасайтын қолөнер емес, ұрпақтар сабақтастығын сақтап, ұлттық мәдениетке үңілудің жолы.
Жүннен салынған сурет
Үстел үстінде – сабын, қайнаған су және малдың жүні. Ләззат жүнді баппен таңдайды. Картина асықпай, қабат-қабат болып, мимырт қимылмен дүниеге келеді.
– Киіз басқанда мүлде асықпау керек. Әйтпесе жиналмай қалады. Мұнда бәрі маңызды: көңіл күй де, зейін де, тіпті тыныс алуың да. Кейде маған бұл өнер адамды өзі таңдайтын сияқты көрінеді, - дейді Ләззат Кендіржанова.
Осылайша, жүн бетінде Тарбағатайдың бейнесі пайда бола бастайды: асқақ таулардың сызығы, бәсең бояулар, тыныштық сезімі. Ләззат жымиып, мұндай сәттерде туған жерімен сырласып отырғандай болатынын айтады.

Кейіпкеріміз Алматыдағы Өнер академиясының түлегі. Оның үлкен қалада қалып, мансап құрып, сәнді көрмелер мен түрлі жобаларға қатысуға толық мүмкіндігі болған. Алайда ол туған өлкесіне – шекара маңындағы Ақжар ауылына оралуды құп көрді.
– Қалада мүмкіндіктердің мол екені рас. Бірақ онда өз болмысыңды жоғалтып алу оп-оңай. Ал мұнда не үшін және кім үшін еңбек етіп жүргенімді анық түсінемін. Маған ұлттық дәстүріміз әлі де сақталып, өткеннің қойнауына біржола сіңіп кетпей тұрған жерге қайту маңызды болды, - дейді суретші.

Ләззат 12 жыл бойы туған ауданындағы өнер мектебінде ұстаздық етіп келеді. Жыл өткен сайын ол балалардың тек заманауи бағыттарға ғана емес, өз тамырымен сабақтас дүниелерге де қызығушылық танытатынын аңғарған.
– Мен киізді көрсетіп, бұрын үйдегі әр бұйым қолмен жасалғанын айтып бергенде, балалар алғашында таңғалды. Кейін сұрақ қоя бастады, әжелерін еске алып, ата-аналарынан да сұрады. Демек, бұл олардың жан дүниесіне жақын, - дейді ол.

Жүрек қалауымен таңдаған
Ләззат үшін киіз - жай ғана материал емес, тұтас бір мәдениеттің жалғасы.
– Киіз – табиғи, жылы, экологиялық таза, аллергия тудырмайды. Адамға арнап жаратылғандай. Бұрын киіз әр үйде болды: кілем де, киім де, тұрмыстық бұйымдар да содан жасалатын. Әжелеріміз бұл материалды түйсікпен меңгерген. Бірақ бір кезеңде сол байланыс үзілді. Сонда көкейіме «егер біз оны қалпына келтірмесек, кім келтіреді?» деген ой келді, - дейді шебер.

Ол киіз басу ісін жүрек қалауымен таңдаған. Бұл жолдың жеңіл еместігін біле тұра, дәл осы өнерден өз миссиясын тапқан.
Ләззаттың қасынан көбіне оның он жастағы ұлы Нұртөрені көруге болады. Баласы бәрін бақылап жүреді, көмегін де тигізеді. Нұртөре үшін шеберхана - өмірінің ажырамас бөлігі.
– Маған анамның қалай жұмыс істейтінін бақылаған ұнайды. Әуелі бұл жай ғана жүн болады, кейін бір сәтте сурет пайда болады. Бұл нағыз сиқыр секілді. Өзім де өнер мектебіне барамын, бірақ болашақта аспаз болғым келеді. Маған ас әзірлеп, дәмдерді үйлестірген ұнайды, - дейді оқушы.

Ләззат жымиып, ешқашан ұлына өз жолын таңбағанын айтты.
– Ең бастысы оның еркін болып өсуі және еңбекті құрметтеуі. Ал мамандықты өзі таңдайды, - дейді ол.

Жүнде тірілген петроглифтер
Суретшінің еңбектері түрлі көрмелерге қойылған. Алайда оның шығармашылығында туған Тарбағатай тауларындағы петроглифтерге арналған панно топтамасы ерекше орын алады.
Бұл ой күтпеген жерден туған. Әріптестерінің бірі көне жартастың фотосуреттерін көрсеткен. Ләззат ұзақ қарап отырып, бір байламға келген.
– Мен суреттерге ұзақ үңіліп қарадым да, олардың тірі екенін сезіндім. Бұл жай ғана сызбалар емес, халқымыздың тасқа қашалған тарихы. Онда ата-бабаларымыздың ойы, қорқынышы, үміті бар. Мен оларды қазіргі адамға жақын болу үшін киізге көшіруді ұйғардым, - дейді Ләззат.

Ол әр панноның фонын, түсін, фактурасын мұқият таңдап, бейнелерді тұрмыс, аңшылық, жануарлар мен наным-сенімдер тақырыптары бойынша біріктірді.
– Бұл мен үшін тәжірибе ғана емес, тарихпен тілдесу. Біз бүгін мәдениет деп атап жүрген дүниенің бәрі бір кездері біреудің күнделікті өмірі болған, - дейді шебер.
Оның жүннен жасалған туындыларында көне таңбалар тіріліп, қазіргі көрерменге бұрынғыдан да жақын әрі түсінікті бола түседі.

Бойындағы қабілет бала күнінде байқалған
Болашақ еңбектерінің ойларын Ләззат әрдайым өзінің ұстазы – Тарбағатай аудандық өнер мектебінің директоры Әлібек Шоқановпен бөліседі.
Ол осыдан талай жыл бұрын Ләззаттың бойындағы талантты алғашқылардың бірі болып байқаған.
– Алғашқы сабақтардың өзінде-ақ кімнің шынымен қабілетті екені көрініп тұрады. Мұндай балалар төзімді, жинақы, бастаған ісін жарты жолда тастамайды. Ләззат мектепте дәл сондай еді. Бүгін де сол қалпынан таңған жоқ. Әр істі соңына дейін жеткізеді, - дейді ұстазы.

Жеке көрме өткізбек
Ләззат жүн басуды өзі үшін де, шәкірттері үшін де терапия дейді. Баяу, тиянақты жұмыс арқылы ол балаларды зейінге, сабырға және дәстүрге құрметпен қарауға үйретеді.
– Адам жүнмен жұмыс істеген кезде жаны тынышталады. Мұны балалардан да байқауға болады. Олар байсалды, сабырлы бола түседі. Соның нәтижесінде дәстүрге деген құрмет қалыптасады. Бұл сөз арқылы емес, қолөнер арқылы келеді, - дейді суретші.

Ләззаттың сыныбында балалар тек қолөнерді ғана емес, тыңдай білуді, күте білуді, бастаған істі соңына дейін жеткізуді үйренеді.
Кейіпкеріміз алда жеке көрме өткізуді жоспарлап отыр.
– Мен танымал болуға ұмтылмаймын. Ең бастысы, ұлттық өнеріміздің сақталып қалуы. Балалар өздерінің кім екенін, қайдан шыққанын ұмытпауы керек, - дейді ол.


Еске салсақ, бұған дейін ауыл мұғалімі 1 500-ден астам асықтан торсық жасап шыққанын жазғанбыз.