Шығыстың ханбалығы Павлодарда қыстайды: Ертіс бойында балық өсірудің қиындығы мен артықшылығы қандай

ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Ертіс бойында сібір бекіресі мен ханбалықты торлы шарбақта жыл бойы өсіруге болады дегенге көпшілік сене қоймауы мүмкін. Павлодар облысының қысы қатал екенін ескерсек, бұл күмәннің жөні бар.

Шығыстың ханбалығы Павлодарда қыстайды: Ертіс бойында балық өсірудің қиындығы мен артықшылығы қандай
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Мұндағы басты ресурс – балықтың жемі де, қымбат технология да емес. Ол – электр стансасынан шығатын жылы су. Ақсу қаласындағы «Ақсу МАЭС» өндірістік технологиясында пайдаланылатын су Белая өзені арқылы ағып, кейін Ертіске құяды. Стансадан шыққан су температурасы аса жоғары болғанымен, табиғи арнаға түскенде ол біршама салқындайды. Соның өзінде қыста қатпайтын жылы ағыс балық өсіруге қолайлы микроклимат қалыптастырып отыр.

Шығыстың ханбалығы Павлодарда қыстайды: Ертіс бойында балық өсірудің қиындығы мен артықшылығы қандай
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Кәсіпкер Мирхат Валитов осы мүмкіндікті төрт жыл бұрын байқап, «Fish Start – Aksu» компаниясын құрған. Бүгінде мұнда тұқы, сазан, сібір бекіресі өсіріліп, шығыс өңірлерден жеткізілетін ханбалық шабақтары қыстап шығады.

Торлы шарбақтың артықшылығы неде?

Торлы шарбақта балық өсірудің негізгі ерекшелігі – арнайы жабық су айналымы жүйесін құрудың қажеті жоқ. Балық тордың ішінде өседі, ал сыртындағы табиғи су үнемі жаңарып отырады. Бұл тәсіл жабық кешендермен салыстырғанда бастапқы және пайдалану шығындарын азайтуға мүмкіндік береді.

Шығыстың ханбалығы Павлодарда қыстайды: Ертіс бойында балық өсірудің қиындығы мен артықшылығы қандай
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

– Суды жасанды түрде тазарту, үздіксіз айдау немесе күрделі технологиялық жүйелерді ұстау қажеттілігі төмендейді. Бұған қоса балықтың жағдайын бақылау, жем беру, емдеу және аулау жұмыстары салыстырмалы түрде жеңіл. Дейтұрғанмен мұндай технология кез келген су айдынына жарай бермейді. Су температурасы, оттегі мөлшері, ағыс жылдамдығы мен экологиялық қауіпсіздік сияқты факторлар шешуші мәнге ие, – деп бастады әңгімесін Мирхат Фархатұлы.

Ақсулық кәсіпорынның өзгешелігі де осында: шарбақты балық шаруашылығының өндірісін жылы ағыспен ұштастыра алған. Кәсіпкердің айтуынша, қолданыстағы торлы шарбақтарда бір мезгілде 500-600 тоннаға дейін балық өсіруге мүмкіндік бар. Қазір шаруашылықта шамамен 2,5 мың сібір бекіресі өсіріліп жатыр. Бұған қоса тұқы мен сазан шабақтары тауарлық салмаққа жеткізіледі. Өнім Павлодар, Алматы мен Өскемен қалаларына жөнелтіледі. Былтыр кәсіпорын 137 млн теңгенің өнімін сатқан. Тауарлы балықтың бір килограмы шамамен 2-2,5 мың теңгеден өткізіледі. Бұл көрсеткіштің өзі шағын кәсіпорынның нарықтағы орнын көрсеткенімен, оның негізгі әлеуеті өнім көлемінен гөрі өндіріс моделінде жатыр.

Шығыстың ханбалығы Павлодарда қыстайды: Ертіс бойында балық өсірудің қиындығы мен артықшылығы қандай
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Бұл жердегі судың температурасы жазда +25+30 градус, қыста +10+12 градусты көрсетіп тұрады. Тұқы мен ханбалыққа, жылы суда жылдам көбейетін өзге де балық түрлері үшін таптырмайтын орын.

Арзан өнімнің сыры – жемде

Балық шаруашылығындағы ең ірі шығынның бірі – жем. Кәсіпорындағы шығынның 40 пайызы соған жұмсалады екен. Бірнеше грамдық шабақтың тауарлық салмаққа дейін жетуі үшін едәуір мөлшерде қорек қажет. Кәсіпорын бұл шығынды азайтудың өзіндік тәсілін тапқан. Балық сатылған кезде қалатын қабыршақ, ішек-қарын секілді қалдықтар кәдеге жаратылады. Олар кептіріліп, ұсақталады да, сырттан сатып алынатын жемге араластырылады.

Шығыстың ханбалығы Павлодарда қыстайды: Ертіс бойында балық өсірудің қиындығы мен артықшылығы қандай
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Кәсіпкердің есебінше, импорттық жемнің килограмы 800-1000 теңгеден 400 теңгеге дейін арзандайды. Бұл – тек бір кәсіпорынның шығынын қысқарту амалы емес. Отандық балық шаруашылығында импорттық жемге тәуелділік жоғары болған жағдайда, жергілікті шикізатты қайта пайдалану өндіріс құнын төмендетудің ықтимал бағыттарының бірі. Шаруашылықтағы тұқының өзіндік құны да бұл тиімді үнемдеудің нәтижесін байқатып отыр: кәсіпкер оны нарықтағы ұқсас өнімнен шамамен 25-30 пайыз арзан сататынын айтады.

Шығыстың ханбалығы осында қыстайды

Кәсіпорынның тағы бір бағыты – шығыс өңірлердегі ханбалық шаруашылықтарына қызмет көрсету. Ханбалықтың су сапасына талғампаз екені белгілі. Оны қыс бойы жабық кешендерде ұстау қымбатқа түседі. Сондықтан қара күзде Шығыс Қазақстан өңірінен салмағы шамамен 1 грамдық шабақтар Ақсуға жеткізіледі. Олар қыс бойы жылы су ағынында торлы шарбақтарда өсіріледі. Көктемде, мамыр айында салмақ жинаған шабақтар қайтадан Өскеменге жөнелтіледі.

Шығыстың ханбалығы Павлодарда қыстайды: Ертіс бойында балық өсірудің қиындығы мен артықшылығы қандай
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Мұндай жүйе қос өңір арасындағы кооперацияның қарапайым, бірақ тиімді мысалына айналып келеді. Бір өңірде балық өсіруге қолайлы табиғи-өндірістік жағдай болса, екінші өңірде қалыптасқан нарық пен өндірістік база бар.

Шығыстың ханбалығы Павлодарда қыстайды: Ертіс бойында балық өсірудің қиындығы мен артықшылығы қандай
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Дейтұрғанмен кәсіпкер бұл процесті жаңа деңгейге көтеруді жоспарлап отыр. Айтуынша, ханбалықты дайын шабақ күйінде сатып алып тасымалдағаннан гөрі, уылдырықтан бастап өз кәсіпорнында өсіру тиімді. Ол үшін инкубациялық цех қажет. Жоспар бойынша онда жылына шамамен 1 млн шабақ өсіруге болады. Модульдік цехтың құрылысына шамамен 30 млн теңге қажет. Қазір болашақ нысанның іргетасы дайын, алайда қаржы мәселесі шешілмей тұр. Бұл жобаның іске асуы тасымалдау шығынын азайтып қана қоймай, шаруашылықты қарапайым тауар өндірушіден толық циклды аквашаруашылық кәсіпорнына айналдырар еді.

Шығыстың ханбалығы Павлодарда қыстайды: Ертіс бойында балық өсірудің қиындығы мен артықшылығы қандай
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Шаруашылықтың тағы бір ерекшелігі – оның бірнеше кәсіпорынды өзара байланыстыратын кооперациялық модельге ұмтылуы. Бір компания уылдырықтан шабақ алады, екіншісі оны өсіреді, үшіншісі тауарлы балыққа айналдырады. Ал соңғы буын дайын өнімді нарыққа шығарады. Шағын кәсіпорындардың бір-бірімен бірлесіп, кооперация құруы саланың тұрақтылығын арттыруы мүмкін. Оның серіктестері арасында Алматы, Өскемен және басқа өңірлердегі балық өсірушілер бар.

Субсидия бар, бірақ оған жету оңай емес

Отандық аквашаруашылықтың дамуына мемлекет тарапынан қолдау тетіктері қарастырылған. Алайда кәсіпкердің тәжірибесі мемлекеттік қолдаудың болуы мен оған нақты қол жеткізудің арасында әдеуір айырмашылық бар екенін байқатып отыр. «Fish Start – Aksu» осы уақыт ішінде бюджеттен шамамен 8 млн теңге субсидия алған.

Шығыстың ханбалығы Павлодарда қыстайды: Ертіс бойында балық өсірудің қиындығы мен артықшылығы қандай
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Кәсіпкердің айтуынша, негізгі мәселенің бірі – кепілзатының жеткіліксіздігі. Торлы шарбақтар мен аквашаруашылық инфрақұрылымы банктер үшін өтімді кепіл ретінде қарастырылмайды. Соның салдарынан кәсіпорын өндірісті кеңейтуге қажет қаржыға қол жеткізуде қиындық көріп отыр. Бұл жерде саланың жүйелік мәселесі айқын байқалады: мемлекеттік субсидиялау тегігі бар болғанымен, аквашаруашылық активтерінің ерекшелігі қаржыландыру жүйесінде толық ескерілмеуі мүмкін.

Кадр да бөлек мәселе

Шаруашылық құрылған алғашқы жылдары тағы бір проблема маман тапшылығы болған. Кәсіпорын үш қызметкерін өзге қалаға жіберіп, «балық технологы» мамандығы бойынша оқытып алыпты. Қазір бұл мамандар өндірістің негізгі технологиялық процестерін меңгерген. Бұл да аквашаруашылықтың көбіне назардан тыс қалатын қыры. Балық өсіру – тек суға шабақ жіберіп, жем берумен бітпейді.

Шығыстың ханбалығы Павлодарда қыстайды: Ертіс бойында балық өсірудің қиындығы мен артықшылығы қандай
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Судың температурасы, оттегі мөлшері, жем көлемі, балықтың салмағы мен аурулардың алдын алу үнемі бақылауды қажет етеді. Мысалы, жас шабақтарға берілетін жем мөлшері олардың салмағы мен су температурасына қарай есептеледі. Артық қорек судың сапасына кері әсер етіп, балықтың қырылуына әкелуі мүмкін. Ал жем жеткіліксіз болса, балық арасында агрессия күшейіп, бірін-бірі жей бастауы ықтимал. Сондықтан бұл бизнестің негізгі капиталының бірі – технологияны білетін маман.

Бекіренің берекесі мол

Ертіс пен оның маңайындағы өзен-суларды балықтандыру – бүгінде үлкен мәселенің бірі. Бұған дейін ғалымдар су айдындарына тұқы балығын босатудың қыр-сырын зерттеген. Дейтұрғанмен жергілікті ихтиологтар тұқы Ертіске тән балық емес екенін айтқан соң, өзенде ежелден тіршілік ететін, Қызыл кітапқа енген сібір бекіресін жіберуге шешім қабылданған еді. Сонау ерте замандарда сібір бекіресі Ертіс өзені арқылы Зайсан асып, Қара Ертіске жеткен деседі. Өкінішке қарай, түрлі жағдайлар салдарынан оның саны бүгінде өте сиреп қалған. Ендігі арада жергілікті ірі кәсіпорындар балықтың бұл түрін көбейтуге қызығушылық танытып отыр, яғни сібір бекіресінің генін таза қалпында сақтап, келешек ұрпаққа қалдыру аса маңызды.

Шығыстың ханбалығы Павлодарда қыстайды: Ертіс бойында балық өсірудің қиындығы мен артықшылығы қандай
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

- Сібір бекіресін өсіру бизнесінің әлеуеті мол екені рас. Бұл балық ұзақ жыл өмір сүріп, 100-200 келі салмақ қосуға қабілетті. Негізінен жылы суды жақсы көреді, +26 градус температураға дейін жүре береді. Күн ыстық мезгілде сібір бекірелерін жылы ағысқа келіп құятын Белая өзеніндегі шарбақта ұстаймыз. +15 +25 градуста өздерін жақсы сезінеді. Ал су температурасы одан әрі төмендесе, анабиоз пайда болып, тіршілік әрекеттері баяулап қалады. Сондықтан судың қызуы қайта бастағанда қайтадан жылы ағысқа алып келеміз. Сібір бекіресін өсіріп, сатуға рұқсат беретін Кеден одағының сертификатын алғанбыз. Керек кезде, ТМД мемлекеттеріне сатуға болады. Бірақ өсіретін көлеміміз шектеулі болғандықтан, сыртқы экспортты ойлау әзірше ерте. Келешекте бір маусымда сібір бекіресінің 10-15 мың данасын өсіре аламыз. Бірақ бұл үшін қосымша қаражат көздері қажет. Ал әзірше Алматы қаласының кәсіпорындары тарапынан біздің балыққа сұраныс жоғары. Айтуларынша, павлодарлық өнімнің дәмі жабық жерде өсірілетін балықтарға қарағанда дәмді әрі сапалы, - деп түйіндеді әңгімесін кәсіпкер.

Шығыстың ханбалығы Павлодарда қыстайды: Ертіс бойында балық өсірудің қиындығы мен артықшылығы қандай
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Ақсу тәжірибесінің ең маңызды тұсы – өндірістік жылы судың аквашаруашылыққа пайдаланылуы. Қазір «Fish Start – Aksu» өкілдері жылына шамамен 600 тонна тұқы және 200 тонна сібір бекіресін өндіруге мүмкіндік барын айтады. Бұл – жоспарлы қуат. Ал кәсіпорынның келешектегі мақсаты бұдан әлдеқайда ауқымды: шабақ өндіру, тауарлы балық өсіру, өңдеу және мұздатылған өнім шығаруды бір жүйеге біріктіру. Бұған қоса, кәсіпорын жылы ағыс пен Белая өзені түйісетін маңдағы шағын тоғанды қалпына келтіре бастаған. Болашақта мұнда демалыс үйлері, монша, тамақтану орындары және әуесқой балық аулауға арналған инфрақұрылым құру жоспарланған.

Еске сала кетейік, Қызылордада күріш алқаптарынан 50 мың балық шабағы құтқарылды