Шикі мұнайды шетелге заңсыз шығарғандар құрықталды - Қаржы полициясы

АСТАНА. Шілденің 15-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Мұнай мен мұнай өнімдерін контрабандалық жолмен сыртқа шығару мемлекетке миллиондаған теңге залал келтіруде.

Шикі мұнайды шетелге заңсыз шығарғандар құрықталды - Қаржы полициясы

Бұл туралы бүгін Астанада өткен апталық брифингте ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы  күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

  «Ақтөбе облысында «КНПЗ-Трейд» және «Вернай Ойл Казахстан» ЖШС-нің директоры мен аталмыш кәсіпорындардың басқа да басшыларынан құралған топтың қылмыстық іс-әрекеті әшкереленді. Олар «композит» деп рәсімдеу арқылы жалпы кедендік құны 901 млн.теңгенің шикі мұнайын шетелге заңсыз шығарған», деді ресми өкіл.

 Оның айтуынша, қылмысты ұйымдастырушыға 5 млрд. 516 млн.теңге кедендік төлемдер мен алымдарды төлеуден жалтарды деген айып тағылды.

 «Топтың 3 қатысушысы сотқа тапсырылды, ал ұйымдастырушыға іздеу жарияланды», деді М. Жұманбай.